Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз үйім болғанын қалаймын": 40 жасында 14 құрсақ көтерген түркістандық ана қалай өмір сүретінін айтып берді

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылында 40 жастағы келіншек 14-баласын өмірге әкелді. 20 жасында тұрмысқа шыққан Айнагүл Төреқұлова өмірін отбасына арнаған. Тұңғышы биыл 21 жасқа толса, кенжесін апта басында ғана босанды. Өкінішке қарай, көпбалалы ананың үш перзенті шетінеп, қазір он бірінші сәбиін әлдилеп отыр. Айтуынша, алма-ғайып заманда мұнша баланы бағып-қағу оңай емес. Алайда Алланың бергеніне қарсы келмедік дейді. 

"Аллаға шүкір, қазір баламның да, менің де денсаулығым жақсы. Кенжетайымды босану оңай болған жоқ. Үш күн бойы толғатып, дәрігерлердің араша болуымен жаным аман қалды. Қан қысымым 180-ге дейін көтеріліп қаланың перзентханасына әкелді. Көпбалалы аналарды ота жасап босандыру денсаулыққа қауіп төндіргесін, бала өз күшіммен тудым. Жүктілік кезінен бастап дәрігерлердің айтқанын орындаймын. Ауруханаға барып “жат” десе жатамын. Не же деп айтады, соны жеймін. Өзімді күтемін. Сау баланы дүниеге алып келу үшін бірінші анаға күтім керек. Сол үшін өз-өзіме қараймын", – дейді Айнагүл Төреқұлова. 

Көпбалалы ананың жағдайына бойжетіп қалған қыздары қолғабыс етеді екен. Ал өздері Айнагүлдің әкесінің ауласынан үй салған. Бірақ онысын толық аяқтай алмай, жартысында жан бағуда. Үйдің құжаты да жоқ деген түркістандық келіншек, оны заңдастыру үшін бес жүз мың теңге керектігін жеткізді. 

"Жан-жаққа барып сұрағанымызда үйді заңдастыру үшін бес жүз мың теңге керектігін айтты. Қолымызда ондай қаржы болмағасын қоя салдық. Соның кесірінен жарық пен табиғи газды да көршіден тартқанбыз. Өйткені оны да жалғауға қаражат мен құжат керек. Көрші болса, көрген сайын оны бір ескертіп кетеді. Менде бәрі бар. Тек өз үйіміз бен көлігіміз болғанын армандаймын", – дейді 11 баланың анасы Айнагүл. 

Айнагүлдің жолдасы – Нұрлыжол ауылындағы мешіт имамы. Халықтың арқасында күн көріп отырмыз деген отағасы көктем мен күз сайын есік ауласындағы жылыжайда қызанақ өсіреді. Осылайша, азық-түлік ақшасын табады екен. Ал Айнагүлге мемлекеттен түсетін бар көмектің көлемі 200 мың теңгеден әрең асады. 

"Әкімдік жетінші баламды босанғанда ғана алтын алқасын әкеліп құттықтады. Одан кейін елеп-ескерген ешкім жоқ. Баланы өзім үшін туғанымды білемін. Алайда бұл балалар Қазақстанның ертеңі ғой", – дейді түркістандық ана. 

Көпбалалы отбасы үлкен қыздарын тұрмысқа беріп үлгерген. Олардан екі жиен немере сүйіп отыр. Осылай деген Құркелес ауылының тұрғыны енді балалы бола алмайтынын айтады. Дәрігерлер салған тыйымға көндік деген келіншек енді бар уақыты мен күшін бала тәрбиесіне арнамақ. Жыл сайын жүкті болдым деген 40 жастағы Айнагүл арасында базарға шығып нәпақа да тапқан. 6 ұлы мен 5 қызын аяқтандырғасын, тағы да бизнеске бет бұрғалы отыр.

 

Талқылау