"Өз саламның қиын тұсы бар дей алмаймын": Кентаулық жас маман кәсіби құрылысшыларды дайындаудың сырымен бөлісті
Мақсат Тәліпхан – Кентау қаласындағы Кентау көп салалы колледжінің түлегі. Жас маман өндірістік оқу шебері болып қызмет атқарады. Сүйікті мамандығынның қиын тұсы болмайды деген ол Stan.kz тілшісіне заман талабына сай кәсіби құрылысшыларды дайындаудың сырын баяндап берді.
Бүгінде Мақсат өзі дәріс алған оқу орнында “Құрылыс" мамандығының өндірістік оқу шебері болып қызмет атқарады.
“Кентау көп салалы колледжінің "Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану" мамандығының иегерімін. Мамандық таңдауда қателеспеу керек екені белгілі. Бұл мамандықты таңдауымның себебі – елімнің бір азаматы ретінде сапалы әрі көрікті нысандардың бой көтеруіне өз үлесімді қосу. Ел дамуына осылайша өз септігімді тигізе алсам, азаматтық парызымның өтелгені деп білемін”, – дейді Мақсат Тәліпхан
Бала күнінен сурет салуға бейім Мақсат ес біле бастағаннан-ақ әртүрлі көрікті нысандардың жобасын сызып, олардың қалай бой көтергенін елестетіп, бір сәт бала қиялына ерік беретінін жасырмайды. Сол бала күнгі арманы орындалып, бүгінде осы құрылыс саласында студенттерге жол көрсетіп келеді.
Өз саласының кәсіби маманы атанған Мақсат Тәліпханның бүгінде жеткен жетістіктері де жетерлік. Атап айтқанда, ол "Сырлау және әрлеу" құзыреттілігі бойынша Республикалық "WORLDSKILLS – 2019" чемпионатының алтын медаль, "EURASIA – 2020", "EURASIA – 2021" чемпионаттарының қола медаль иегері.
“Жетістікке жету – әлбетте оңай емес. Кез келген биікті бағындыру үшін талмай еңбек етуге тиіссің. Сол сияқты маған да бұл бағытта тер төгуге тура келді. Колледж базасында көптеген компаниялармен бірлесе жұмыс істеп, өз шеберлігімді шыңдадым. Сондай-ақ, Ресейдің Тольятти қаласында он күндік оқу бағдарламасынан өтіп, кәсіби біліктілігімді арттырдым. Бұл тұрғыда маған өзім білім алған Кентау көпсалалы колледжі базасының заман талабына сай жабдықталғаны да өз ықпалы тигізгенін атап өткен жөн”, – дейді жас маман.
Талғат Тәліпхан "әрбір мамандықтың қиындығы мен қызықшылығы қатар жүреді" деген пікірге көзқарасын айта кетті.
“Егер адам өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған болса, онда ол қиындығымен қоса қабылдайды, қиындығымен қоса ұнатады деп ойлаймын. Мәселен, мен өз мамандығымның қиын тұсы бар дей алмаймын. Бүгінде студенттермен жұмыс істеп жүрмін. Олар болашақ – құрылысшылар. Менің жұмысым сырлау және әрлеу бағытында болғандықтан құрал жабдықтарды таныстырудан бастап, сырлау, әрлеуге дейінгі аралықтағы атқарылатын жұмыстардың барлығын тәжірибе жүзінде көрсетіп беремін.
Мәселен үйді сылау үшін, құмсылақтың қоспасын дайындауға қанша құм қанша цемент кетеді соның барлығын қалдырмай, бүге-шүгесіне дейін түсіндіруге тырысамын. Құрылыс саласында бірден беске дейін деген ұғым бар. Біріншісі, жұмыс жер қыртыстарын теодалит және ювелир сынды құралдар арқылы өлшеуден басталады. Одан кейін оны қазып, бетон, цементі құйылып, кірпіштері қаланады. Ары қарай, плиталары жабылып, үйдің шатырын қалау жұмыстары жүргізіледі. Жалпы айтқанда, бір үйді салу үшін басынан бастап, аяғына дейін атқарылуы тиіс жұмыстардың барлығы студенттерге тәжірибе жүзінде көрсетіледі”, –дейді жас маман.
Жұмыс барысында студенттерге өндірістік бағытта бағдар беріп қана қоймай, олардың өз саласы бойынша түрлі халықаралық жарыстарға қатысып, өз-өздерін көрсетуіне жөн сілтейміз, дейді ол. Сөзінше, студенттер үшін өндірістік жұмыстар колледж базасында және құрылыс нысандарында өткізіледі. Осы кезде тәжірибе жүзінде өздерінің біліктіліктерін көрсеткен студенттерді компаниялардың өздері оқу орнына сұраныс жібере отырып, жұмысқа қабылдайды екен. Түркістан қаласы облыс орталығы атанғалы бері қалада салынған көз тартарлық көркем ғимараттардың бой көтеруіне біздің студенттердің де үлес бар, дейді Мақсат Тәліпхан
“Бүгінде колледж түлектеріне деген сұраныс жоғары. Олардың жалақысы алғашқыда 100-130 мың теңгеден басталады. Тәжірибе жинақтап, жоғары білім алып, білімін одан әрі жетілдірген жағдайда жалақысы да жоғарылай түседі. Сонымен қатар, жалақы маманның атқаратын ісінің көлеміне қарай, жұмыс берушімен келісімге келуіне де байланысты екенін атап өткен жөн. Бүгінде сырлау, әрлеу жұмыстарын заман талабына сай көркем етіп жасау үшін де көп іздену керек. Сондай-ақ, осы бағыттағы шеберлікті үнемі жетілдіріп отыру маңызды”, – дейді оқытушы.
Мақсаттың сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда колледж әкімшілігі Шымкент қаласындағы "ARTEGO" ЖШС мен бірлесе отырып, сырлау бағытында атқарылатын жұмыстарды жандандыра түспек. Бұл өз кезегінде студенттердің жұмысқа тартылуына да септігін тигізбек.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
