Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз құқықтарын қорғауға және ойларын жүзеге асыруға дағдыланады": Алматы облысындағы колледжде мүмкіндігі шектеулі жандар не үйренеді

Алматы облысы Іле ауданындағы "Прогресс" политехникалық колледжі мүмкіндігі шектеулі жандарды түрлі кәсіпке баулып келеді. 2010 жылдан бері ерекше қажеттілігі бар жандармен тығыз қарым-қатынаста жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан оқу орнында тігінші, аспазшы,  кондитер, наубайханашы, компьютерді меңгеру мамандықтары бойынша білім береді. Колледж директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары, сурдопедагог Шырайлы Маралбеков инклюзивті білім беру және арнайы мамандықтар бойынша мамандарды даярлау тәжірибесі жайлы айтып берді. 

Бүгінгі күні Алматы облысында 67,6 мың мүгедек бар болса, Іле ауданының өзінде олардың саны – 4,9 мың. Олардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету еліміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Білім беру мәселесінде де мүмкіндігі шектеулі жандарға зор көңіл бөлініп келеді. Білім берудің барлық деңгейінде инклюзивті білім беру жүйесі енгізілгелі бері балабақшаларда, колледждерде, мектептерде, жоғары оқу орындарында ерекше қажеттіліктері бар барлық оқушылар қарапайым балалармен бірдей білім алып келеді. Ерекше білім алушыларға жаңа типтік бағдарлама аясында кәсіптік білім беріп, олардың маман иесі атануына мүмкіндік туғызып отырған оқу орнының бірі – "Прогресс" политехникалық колледжі.

Колледж 2002 жылы құрылған. Колледжде 40-тан астам оқытушы жұмыс істейді, олардың 80%-ы жоғары санатты мамандар. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мамандықтардың бір бөлігін, атап айтсақ, бизнес, маркетингті "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері оқытады. Сондай-ақ студенттер компьютерлік сауаттылықты үйреніп, e-gov порталымен жұмыс жасауды меңгереді.

Білім ошағының оқу жоспары міндетті кәсіптік оқытумен ғана шектелмейді. Мұнда әрбір студент өз кәсібінің маманы атанып қана қоймай, кәсіпкерлікпен айналысуына да бағыт-бағдар беріледі. Сондай-ақ олар қоғамға бейімделіп, өз құқықтарын қорғауға және ойларындағы істерін жүзеге асыруға дағдыланады, дейді колледж  Шырайлы Арынқызы.

Алты ай бойы үздіксіз оқитын білім алушылар өздерінің қарым-қабілетіне қарай белгілі бір мамандықтың иесі атанып шығады. Оқу мерзімі аяқталғаннан кейін оларға арнайы диплом беріліп, жұмысқа орналасуына да жағдай жасалады екен. "Прогресс" коллледжі өткен 2020-2021 оқу жылында отыз студентке білім беріп, олардың өмірден өз орнын табуына мұрындық болған. 

Колледждің барлық студенттері – 18 жастан асқандар. Білім беру мекемесіне еңбек етіп, кәсіп үйреніп, мемлекеттен алатын азын-аулақ жәрдемақыға қоса өз еңбегімен табыс тапқысы келетін ересектер келеді. Колледж басшылары жарты жылда бір рет Іле аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімімен бірлесе отырып, есепте тұрғандар тізімі бойынша үйлеріне барып, түлектердің жағдайына қарайласып тұрады. Бұған қоса ата-аналарды оқу орнына шақырып, сабақ барысымен таныстырады. 

"Колледжге 18 жасқа толған жастардан бастап, зейнет жасына дейінгі азаматтар қабылдана береді. Колледжде әрбір жанға жеке тәсіл қолдануға тырысамыз, себебі бірінші кезекте олармен қарым-қатынас орнату маңызды. Бұл тұрғыда кәсіби психологтармен, коучтармен бірлесе отырып жұмыс істейміз. Бірден білім беру ісіне бел шеше кірісіп кетпейміз. Сонымен қатар тәлім алушылардың өмірге деген көзқарасы, қызығушылығы туралы әңгімелесіп, олардың ішкі әлеміне үңілеміз. Әрбірімен жеке-жеке сөйлесіп, мотивация беріп, алға қарай дамуына мүмкіндік беріп, содан соң қабілеттеріне орай мамандықты таңдауына көмектесеміз", – дейді Шырайлы Маралбекова.

Білім беру мекемесінде әрбір студентпен жеке дара, сонымен қатар топтық негізде жұмыс істеу жолға қойылған. Мотивациялық-коммуникативтік тренингтер арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірлік құзыреттіліктерін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Ал әлеуметтік-психологиялық сабақтар олардың күнделікті өмірде психологиялық тұрақтылықты қалыптастыруына мүмкіндік беретін көрінеді.

"Мүмкіндігі шектеулі жандармен бірге өткізілетін әрбір іс-шараның маңызы өте зор. Әсіресе, коммуникациялық тренингтер коммуникативті мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Тренингтер барысында білім алушылар тағамдарды дайындау, дастархан жаю, өз қолдарымен сыйлық жасау, флоротерапия (гүлдермен емдеу) арқылы әлеуметтік-психологиялық мәселелерді шешуге дағдыланады. Сонымен қатар қоғамдағы кез келген адаммен тіл табысуға, тығыз қарым-қатынас жасауға бейімделеді. Нәтижесінде өмірден өз орындарын тауып, өздерінің өмір сүру сапасын жақсартады" , – дейді маман.

Оқу орнының ұстаздары студенттердің қолымен жасаған бұйымдарды, өнімдерді арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкелерде сатуына жәрдемдеседі. Колледж қызметкері мұндай заттардың сатып алушылардың әркез көңілінен шығатынын атап өтті. 

"Прогресс" политехникалық колледжі өз түлектерін жұмыспен қамту мәселесін де назардан тыс қалдырған емес. Білім ошағы әрбір түлекті мамандығына қарай өз ісін бастап кетуіне ықпал етіп келеді. Мұнымен қатар оқу орны облыс көлеміндегі жұмыспен қамту орталықтарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, өз студенттердің жұмысқа орналасуына жағдай жасап келеді. Одан бөлек колледж қабырғасында дәстүрлі түрде өткізілетін бос орындар жәрмеңкесі де талай түлектерді жұмыспен қамтуға септігін тигізіпті. Дегенмен бұл бағытта кездесетін кедергілер де жоқ емес көрінеді.

"Өздеріңіз білетіндей, мүмкіндігі шектеулі жандардың басым бөлігі өздерін қоғамнан оқшау ұстайтындықтан, олардың бейімделуіне біршама уақыт қажет. Мәселен, тігінші мамандығын меңгерген түлектерімізді бір цехқа жұмысқа орналастырдық. Әрбір мекеме жұмыс барысында белгілі бір көлемді орындауды жоспарлайды. Біздің кейбір бітірушілеріміз жұмыс ағымына ілесе алмай қалатын кездер болады. Осындай мезеттерде жалақы беруге келгенде мәселе туындайтыны бар. Болашақта мүмкіндігі шектеулі мамандарды жұмыспен қамту ісінде мемлекет тарапынан әлде де қолдауды қажет ететін тұстар бар деп ойлаймын" – деп түйіндеді инклюзивті білім беру ісінің маманы. 

Дайындаған: Гүлмира Садық

Талқылау