Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз халқымды атқан жоқпын": Бұған дейін елден қашып кеткен Күдебаев Талдықорған сотында соңғы сөзін айтты

Бұған дейін елден қашып кеткен Алматы және Алматы облысы ішкі істер департаменттерінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев Талдықорған сотында соңғы сөзін айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Кудебаев сотта

Ол өзінің ешқандай кінәсі жоқ екенін айтады.

“Менің әрекеттерімнің барлығы заңды екенін айттым. Қорытындылар болған жоқ. Жәбірленушілер мұны жоққа шығарады. Менің кінәм жоқ. Өз халқымды атқан жоқпын. Әйелдер мен балаларды – азаптау болған жоқ. Бар айтарым осы”, – деді ол сот залында.

Айта кетейік, Серік Күдебаевқа қатысты сот үкімі бүгін сағат 15:00 шығады деп күтілуде. 

Бұған дейін Күдебаевтың ұсталып, Ыстамбұлдан Қазақстанға арнайы ұшақпен жеткізілгені хабарланған болатын. Кейін бас прокурор Берік Асылов Күдебаевтың ұсталғанын ресми түрде растады.

Бұған дейін Жетісу облысы полициясының бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың елден қашып кеткені туралы хабарланған еді.



58 жастағы полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айып тағылған. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаментінің ғимаратынан шығып кеткен. Тәртіпсіздікке қатысушылар ғимараттағы қару-жарақты қолды қылған.

Серік Күдебаев Алматы облысының полициясын 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол Алматыда алты жылдан астам осындай қызметте болған.

Бұған дейін Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланған еді. Кейіннен Күдебаевтың Солтүстік Кипрде қашып жүр деген ақпарат тараған. Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың Қырғызстан арқылы Түркияға қашқанын айтқан. Бұл іс бойынша Қырғызстанда тергеу басталған. Бас прокуратура Түркия мен Қазақстан арасында келісімшарт бар екенін және сол бойынша жұмыс істеу басталғанын жеткізген.

Талқылау