Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жігітіме 1 миллион теңге несие алып бердім, ол жоғалып кетті": Атыңыздан біреу кредит алған жағдайда, оның қарызын қалай өзіне төлете аласыз?

Қызылордалық Шынар Махамбетова сүйген жігітіне бір миллион теңгеге несие алып беріп, соңында қарызды өзі төлеуге мәжбүр болған. Ал алматылық Жазира туысымен қарым-қатынасын бұзбас үшін несие алып беріп, соңында жартысын өзі өтеген. Адамдар неге өз атынан өзгеге несие алады? Қарызға ақша сұрайтындардан қалай бас тартуға болады? Психолог Гүлжан Амангелдиева мен заңгер Айжан Кесебаева осы сұрақтарға жауап беріп, өз атыңнан өзге адамға несие алып бергеннің салдары қандай болатынын Stan.kz ақпарат агенттігіне айтып берді. 

Фото: Freepik.com

“Әкем ауырып жатыр” деген соң 1 000 000 теңге несие алып бердім”

Қызылордалық Шынар Махамбетованың айтуынша, бір жыл бұрын сүйген жігіті 1 миллион теңгеге несие алып беруін өтініп, кейін оны төлемей қойған. Екеуі жарты жылға жуық уақыт қыз бен жігіт болып жүрген. Алғашында бәрі жақсы басталған: жігіт қамқорлығын көрсеткен, түрлі сыйлық сыйлап, қыздың көңілін аулаған. Арада уақыт өткен соң, Шынар жігітінің көңілі түсіп жүргенін байқап, мән-жайды сұраған. Сол кезде жігіті әкесінің ауырып қалғанын, тез арада қомақты қаржы керек екенін айтқан.

“Әкем ауырып, ота жасағалы жатырмыз. Отаға үш миллион теңге керек. Бір миллион теңге жетпей тұр. Тауарымның ақшасы айдың соңында не келесі айдың басында түсетін еді. Бірақ оған дейін күте алмай тұрмыз. Қиын болмаса, бір миллион теңге несие алып бере аласың ба? Бір айда бірден жауып тастаймын” деді. Шыны керек, сөзіне сеніп, әкесі үшін уайымдап, “жарайды, көрейік” дедім. Оның көзінше несиеге өтініш жібердім. Банк мақұлдап, қарыз берді. Ақшаны қолына ұстаттым. Рахмет айтып, ыңғайсызданып тұрғанын жеткізді”, – дейді қызылордалық қыз.

Арада үш ай өткен, ал жігіті несиені жабуға тырыспаған. Тек алғашқы бір айының ақысын берген, екінші айдікін Шынар өзі төлеген. Басында Шынар қарызды қашан өтейтінін сұрауға ұялып жүрген. Кейін бел буып сұраған. Алғашында жігіт түрлі сылтау айтқан, кейін несие тақырыбынан қашуға тырысқан. Бір күні Шынар шыдамай, несиені толық өтеуін талап еткен. Қыз бен жігіттің арасында жанжал шығып, екеуі қарым-қатынасын үзген. Ал несие сол күйі төленбей қалып қойған. Шынар оны бір жыл бойы өзі төлегенін айтады.

“Қызылордада таныссақ, оны тауып алып, масқарасын шығаруға болатын еді. Бірақ біз онымен Алматыда танысып, сөйлестік. Үлкен қалада оның ізіне түсу оңай емес. Оның үстіне, көңілім қалып қойды. Қолымды бір-ақ сілтедім. Кейін басқа адамдардан оның сондай әдеті бар екенін, ойын ойнайтынын естідім. Ал әкесінің шын ауырып-ауырмағанын білмедім. Қазір ойласам, сол өтірік болған сияқты. Дегенмен осы оқиғадан соң үлкен сабақ алдым”, – дейді Шынар.

“Қарыз ақшаны беруін сұрағаным үшін өзімді кінәлі етеді”

Ал алматылық Жазира туыс әпкесіне бірнеше рет несие алып бергенін айтады. Бірақ әпкесі үнемі жартысын төлеп, жартысын төлемей қояды екен.

“Қарызға ақша сұрайтын кезде күнде хабарласады. Ол үшін сенен жақсы адам болмайды. Бірақ қарызды алып алған соң, жоқ болып кетеді. Алғашқы айларын төлейді, кейінгісін жібермейді. “Жібер” деп айтсаң, өзіңе ренжиді. “Ақша үшін өлдің бе? беремін ғой”, “Мен ауырып жатырмын, хәлімді сұраудың орнына ақша сұрап тұрсың” деп өзіңді кінәлі етеді. Туыстық қарым-қатынасымызды бұзбайын деп, көз жұма қараймын. Бірақ “жоқ” деп айтуды үйрене алмай жатырмын”, – дейді Жазира.

Адам неге өзге адамға несие алып береді?

Психолог Гүлжан Амангелдиеваның айтуынша, адамның өзге адамға несие алып беруін үш негізгі фактормен байланыстыруға болады: әлеуметтік жауапкершілік, міндет және эмоциялық байланыс. Өкінішке қарай, кей адам өзге біреу одан несие алып беруін өтінгенде, оны кімге, не үшін, қалай алып беретінін ойлай бермейді. Себебі оның ішкі сезімдері іске қосылып кетеді.

“Мысалы, бізді бала кезімізден “ұят болады” деп әлеуметтік жауапкершілікпен өсірген, тәрбиелеген. Содан адам өзгенің өтінішін орындамаса, өзін кінәлі сезінеді. Адам “өзін кінәлі” сезіну сияқты жағымсыз сезіммен күрескеннен гөрі несие рәсімдеп, ол сезімнен тез құтылғанды жөн әрі жеңіл көреді. Енді біреулер “өзгеге көмек беру керек, бұл – адамгершілік” деген ойды алға тартып, өзіне міндеттеп алады. Сөйтіп алды-артын ойламай, несие беріп жатады. Ал ол адам қарызды қайтара ма, қайтармай ма, оны екінші орынға қояды. Себебі барлық адам түбінде жақсы болып көрінгісі келеді”, – дейді маман.

Психологтың сөзінше, жас жігіттер адал достығын дәлелдеу үшін достарына, қыздар махаббатынан айырылып қалмас үшін жігіттеріне несие алып береді. Ал туысқандарға, баланың ата-анаға, ата-ананың баласына несие алғанда оларды “жақыным ғой, көмектесуім керек” деген міндет сезімі жетелеп тұрады.

“Кейбірі қазір осы жақыныма не адамға несие алып бермесем, арамыздағы қарым-қатынасты бұзып, жоғалтып аламын деп ойлайды. Қарым-қатынасты жоғалтса, өзін жоғалтатындай күй кешеді. Енді біреулердің жеке тұлғалық қасиеті де рөл ойнайды. Бір адамдар бала кезінен өзгенің ойын, жағдайын бірінші орынға қояды, оған қоса өзінің шекарасын сақтай алмай жатады. Бұл да өзгеге несие алып беруіне ықпал ететін фактор болуы мүмкін”, – дейді Гүлжан Амангелдиева.

Маманның сөзінше, кей адам несие сұраған адамның қарызды қайтарып-қайтара алмайтынын алдын ала жақсы білуі мүмкін. Дегенмен қарыз сұраған адамның манипуляциясына алданып жатады.

“Әлгі адам оған әдемі, жылы сөздер айтып, көңілін аулайды немесе “Сен көмектеспесең, сотталуым мүмкін”, “Сен көмектеспесең, аш қаламыз” деген сияқты эмоциялық қысым жасайды. Адамдар осындай манипуляцияның қармағына ілініп, өз атына несие рәсімдеп жібереді”, – дейді маман.

“Несие алып берші” деген адамның өтінішінен қалай бас тартуға болады?

Психолог Гүлжан Амангельдиеваның айтуынша, өзге адамға несие алып беру, көмектесу – кез келген адамның өз шешімі. Оларды сөге алмаймыз, әрекетін дұрыс емес деп айта алмаймыз. Дегенмен адам өзіне зиянын тигізбеуі керек. Басқа біреуге өз атыңыздан несие рәсімдемей тұрып, оны не үшін, қанша, қалай алып жатқанын, қашан қайтаратынын, қайтара ала ма, жоқ па – бәрін саралап алғаны дұрыс. Ал қарыз бергіңіз келмесе, оны ашық айту керек.

“Жоқ” деп айтуды үйрену керек. “Мен өзіме “ешкімге қарыз бермеймін” деп уәде бергенмін. “Ренжімеші, ала алмаймын” деп нақты айтыңыз немесе “Қазір өзім үй немесе көлік алғалы жатырмын” деген сияқты жағдайыңызды, өзіңізге қомақты ақша керек екенін, артық қарыз кедергі болатынын жеткізіңіз. Балама әдіс табуға көмектесіңіз. Қол ұшын созғыңыз келіп, бірақ қорқып тұрсаңыз, “200 мың теңгеге несие алып бере алмаймын, бірақ қолма-қол 20 мың немесе 50 мың берейін. Кейін қайтарасың” деуіңізге болады. Бірақ мұндай кезде “Қайтармаса да, ренжімеймін” деп өзіңізді іштей дайындағаныңыз жөн”, – дейді психолог.

Несие рәсімдегеннен кейін өз қатесін түсінген адам не істеуі керек? 

Танысыңызға несие алып бердіңіз, бірақ ол оны төлемей қойды делік. Психологтың айтуынша, мұндай жағдайдан соң адам күйзелуі мүмкін. Егер өзін жаман сезінсе, жағдайы ушығып жатқанын сезсе, терапия алғаны жөн. Ал заң тұрғысынан заңгермен кеңескені жөн. 

“Кей адам өзінің тым сенгіш не қолы ашық екенін біледі. Кейде бұл қасиетімен асыра сілтейтінін түсінеді. Өзінің бұл қасиетін бақылағаны жөн, құрбыларымен сөйлесіп, талдап, өз мінезін қайта қалыптастыруына болады”, – дейді психолог. 

Заң не дейді?

Заңгер Айжан Кесебаеваның айтуынша, өзге адамға несие алып беріп, кейін оны төлей алмай, заңгердің көмегіне жүгінетін қазақстандықтар көп. Әсіресе, жігітіне несие, микронесие, iPhone алып берген қыздар, енесіне қарыз берген келіншектер жиі кездеседі екен. Заңгер адам әкесіне, анасына, досына, туысына несие алып берсе де, банк алдында өзі жауапты болатынын ескертеді. Яғни банк кіммен келісімшарт жасайды, содан қарызды талап етеді, сол адамның шоттарын бұғаттайды. 

“Банк “Досым алып берші деп еді”, “Пәленше танысым ауырып қалып еді, сол сұрап еді” деген сөздерді ескермейді. Егер сіз ақыл-есіңіз дұрыс, еңбек етуге қабілетті адам болып, несие рәсімдесеңіз, оған тек сіз жауаптысыз. Оны төлемесеңіз, банк мәжбүрлеп болсын сізге төлетеді. Сондықтан біреуге қарыз бермей тұрып, әбден ойланған дұрыс”, – дейді заңгер. 

Адам несиені өтемеген танысының үстінен Азаматтық сотқа арыздана алады. Бірақ ол үшін несиені екінші тұлғаға қарыз ретінде алып бергенін дәлелдейтін айғақтары болуы керек. 

“Бірақ мынаны ескеру керек: сіз банктен несие ретінде бір миллион теңге аласыз, бірақ оны пайызымен көбірек етіп қайтарасыз ғой. Сотқа жүгінсеңіз, нақты қанша соманы бердіңіз, соны өндіру үшін соттаса аласыз. Әрине, шешімді сот шығарады, бірақ қолхаттың заңдылығы екіұдайы. Сол себепті қолхатта кім, қанша теңгені қарыз етіп алып жатыр, қашанға дейін төлеуге міндеттеледі – бәрі жазылып тұруы керек. Оған қоса смс хаттардың скриндары, ақша аударғанын растайтын түбіртек болғаны дұрыс”, – дейді маман. 

Маман “өзге адам үшін алған несиені мүлдем төлемесең, өзің үшін алмағаныңды растай аласың” деген жаңсақ пікір екенін айтты.

“Қазір адамдардың атынан несие алып жатқан интернет алаяқтар көп. Адам өзінің рұқсатынсыз, сыртынан алаяқтардың несие рәсімдегенін дәлелдей алса, несиені төлемей тұруына болады. Мұның өзінде ол адам несиені сот ісі бітіп, алаяқ ұсталып, оның кінәсі дәлелдегенше төлемей, мерзімді соза алады. Ал қалған жайтта өз атынан алынған несиеге өзі жауапты болады”, – дейді Айжан Кесебаева. 

Заңгер азаматтарға қанша жақын адамы, туысы сұраса да, өзге адам үшін өз атынан несие алып бермеуге кеңес береді. Себебі тәжірибе бойынша, олардың 60-70%-ы қарызды өтемейтінін айтады. Адам ең әуелі өзінің материалдық жағдайын ойлауы керек. 

Талқылау