"Біз неге бай емеспіз деп жігерлендіреді": Қазақстандықтарды депозитке ақша жинаймын деп сүйсіндірген 5 жасар баланың анасы ұлының тәрбиесі туралы айтты (видео)
Әлеуметтік желіде сүндетке отырғызылған 5 жастағы Бақдәулеттің видеосы қазақстандықтарды сүйсіндірді. Онда ол көрімдік ретінде жиналған ақшаға ойыншық сатып алудың орнына оны депозитке жинайтынын айтады. Stan.kz тілшісі жас блогердің анасына хабарласып, отбасында балаға қандай тәлім-тәрбие мен құндылық сіңіріп жатқанын сұрады.
Фото: Видеодан скрин
Қазақстандықтырды ақылымен сүйсіндерген Бақдәулет видеосында көрімдікке берілген 300 мың теңгені қайда жұмсайтынын айтады. Оның бұл әрекетінен ақшаны басқара алатынын байқауға болады.
"Достар, мынау – менің сүндеттелгеннен кейін тапқан ақшам. “Әпшу” кесіп, алғашқы 300 мың теңгені депозитке салғалы жатырмыз. Мұны ертең мамам депозитке жинаймын деді. Бүгін бе, ертең бе білмеймін. Бұл ақшаға керемет үй аламын. Көлігімен қосып, сатып аламын. Негізінде бұл ақшаға ойыншық аламын деп ойлап жүрдім. Бірақ ойыншық алудан бас тарттым. Ойыншық керек емес, сынып қалады. Осы ақшадан біз байып кетейік. MrBeast сияқты ақшамыз көп болсын", – дейді бала видеода.
Желі қолданушылары баланың қылығына таңданып, жылы тілектерін жарыса жазды.
"Болар бала боғынан" деп бекер айтпаған атам қазақ", "Бала бала кезінде дүниемен емес, ойыншықпен ойлауы керек. Үлкейгенде басқасына бас қатыруға үлгереді", "Болашақ миллионер", "Осы ақшаң көбейіп дегеніңе, арманыңа жет батырым. Ақылыңнан сол...", "Сол айтып жүрген жұрттың баласы", "Жастайынан қаржылай сауатты деген осы. Депозит деген тәтті тілінен. Көз тимесін", – деді оқырмандар.
Бақдәулеттің депозитке ақша жинау туралы қайдан білгенін анасы Мадина Күзембайдан сұрадық. Оның айтуынша, үлкен ұлдары оларды әрқашан жігерлендеріп, бай болуға итермелеп жүреді.
"Жақында ғана Тараздан Алматыға көшіп келдік. Отау құрғанымызға 7 жылдан асып жатыр. Бақдәулет үлкен ұлымыз. Жасы 5-те. Қызым үште. Инстаграм желісінде 3 жылдан аса белсенді жұмыс істеп келе жатырмын. Соны көріп, балам да видео түсіріп, экран алдында сөйлеуге дағдыланды. Ұлым кішкентай кезінен ашық. Көпшілікпен тез тіл табысып кетеді. Видеоның астына "анасы қалай сөйлеуді үйретіп қойған ба?" деп жазып кетіпті. Алайда ол өзі келген нәрсені әзілге айналдырып сөйлеп, айтқан сөзімізді тереңінен түсініп алады. Бұл кезде де ол видеоны өзі түсірді. Ешкім оған былай істе деп үйретпеді", – деді Бақдәулеттің анасы.
Анасының айтуынша, Бақдәулет телефонға қатты қызықпаған. Ол көбіне теледидардағы қазақша мульфильмдерді көріп, солардан сөздер жаттап отырады екен.
"3 жасынан кейін маған "мама TikTok түсірейікші" деп айта бастады. Әуел баста, желіге видео түсіріп, 20 мыңнан аса оқырман жинады. Өзім блогымды жүргізгендіктен оның қызығушылығын уақытша тоқтата тұрдық. Шыны керек, оның блогына мүлдем қолым тиген жоқ. Кейін телефонға түсірген видеоларын көріп, парақша ашып бердім. Сүндет туралы видеосын салып жібергенде 1 миллион қаралымнан асып кетеді деп үш ұйықтасам да түсіме кірмеді. Қаралым саны көбейген соң мұны басында қолыма алуым керек еді деп ойладым", – деді Мадина Күзембай.
Фото Мадина Күзембайдың жеке архивінен
Мадина Күзембай ұлы Бақдәулет ерте жастан бастап өздеріне ақыл айтып, арасында жігерлендіріп тұратынын айтады. Балалары ерлі-зайыптының алға дамуына үлкен серпіліс берген.
"Балам бізбен ересек адам секілді сөйлесіп, ақыл айтады. Тілі бір жастан аса шықты. Екі жасында бізге мотивациялық сөз айтқаны есімде. Ол кезде Тараздағы үйіміз ескі, әлі жөндеу жұмыстары жасалмаған еді. 2 жасында "Мама біз неге әдемі үйде тұрмаймыз? Біздің үй әдемі емес. Біз неге бай емеспіз? Басқалар секілді біз неге көлікпен жүрмейміз? Біздің көлігіміз неге жоқ?” деп түрлі сұрақтар қоя беретін. Сол кезде баламыздың айтқан сөзінен кейін жігерленіп, өмір сүру сапасын өзгертуге тырыстық. Үйді жаңартып, көлік алғаннан кейін балам "біз бай болдық" деп қуанды. Бұрын біз тек ойыншықпен ойнауды білетінбіз. Балам ойыншық ойнайды, бірақ өз орнымен. Мысалы, дүкенге барып, шырын алайық дегенде "Оны үйден де жасауға болады. Қаласаңыз алып беріңіз, бірақ ақшаңыз жете ме?" деп сұрайды", – деді анасы.
Бақдәулет кішкентай кезінен ата-анасының депозитке ақша жинағанын көріп, өсіп келеді.
"Бұл ақшаны қай жаққа және не үшін саласыңдар деп сұрайтын. Ертең депозиттегі ақша көбейіп, біз бай боламыз, көлік пен зәулім үй аламыз деп айтатынмын. Сөзіміз миында жатталып қалған болуы керек... Сүндеттелген кезде ол түскен ақшаны депозитке салуға бола ма деп сұрады. Содан кейін ойыма дұрысынан оның атына депозит ашайық деген ой келді. Басқа ата-аналар секілді балаға берген ақшаны жұмсап, бермей қоймаймыз. Қонаққа барғанда қолына ақша ұстатса, ол соманы өзіне жұмсаймыз. Балама кішкентай кезінен бастап өз ақшасын қалай жұмсау керек екенін үйретіп жатырмын", – деді ата-ана.
Мадина Күзембайдың айтуынша, баласы күнделікті берген ақшаны да ұқыпты ұстайды. Кейде Бақдәулет ақкөңіл болып, қарындасына және ауладағы достарына тәттілер алып береді екен. Бір күні қарындасы қатты жылағаннан кейін балақай депозитке қойып қойған ақшасынан 10 мың теңге алып, оған көйлек те алып беріпті.
Фото Мадина Күзембайдың жеке архивінен
Мадина Күзембай күйеуі екеуінен бөлек әжелерінің баланы тәрбиелеудегі үлесі зор екенін тілге тиек етті. Анасы ұлын емшектен шығарғаннан кейін әжесінің қасында ұйықтайтынын еске салды. Қазір бір-бірінен ажырамайтын көрінеді. Балабақшадағы тақпақтарды әжесі жаттатқызады екен. Ұлының ерте тілінің шығуына телефонды ұстатпауы да себеп болған. Анасы көптің алдында жүргеннен кейін баласына ара-тұра тіл-көз де тиіп қалатынын жасырмады. Ол кезде әжесі дұғасын оқып, көмекке келетінін айтты. Кейде желіде жиі көрсетпеуге де тырысамын дейді анасы. Дегенмен әлеуметтік желідегі белсенділігі арқылы оны көптеген сән үйлері модель ретінде шақырыпты.
"Балам өте белсенді. Өзім де сондаймын. Қызым, керісінше, әкесіне тартқан. Өте байсалды, сабырлы, тұйық. Ұлымды өнер жолынан көремін. Болашағы үлкен болатынына сенемін. Өзім өнерде жолымды таба алмағандықтан, оның әрі қарай жалғастырғанын қалаймын. Себебі оның икемі де, таланты да бар", – деді Мадина Күзембай.