Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ойдан шығарылған нәрсе": Белгілі эксперт “тұқымқуалаушылық" ұғымы жоқ екенін айтып, көпшіліктің сынына ұшырады

Сабырбеков тұқымқуалаушылық деген жоқФото: Видеодан скрин

Өзін тұлғалық даму және бизнес бойынша эксперт деп таныстыратын Бақытбай Сабырбеков “тұқымқуалаушылық" ұғымының жоқ екенін айтып, көпшіліктің сынына ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бизнес бойынша эксперт бұл пікірін Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған.

Ол бір топ адам жиналған іс-шарада өзіне сұрақ қойған қыздан, көзілдірікті қай кезден бастап тағатынын сұрайды. Сол сәтте қыз мұның тұқымқуалаушылық жолмен берілгенін айтады. Ал эксперт қызға тұқымқуалаушылық ұғымының мүлде жоқ екенін, ойдан шығарылғанын жеткізеді. 

"Тұқымқуалаушылық деген жоқ. Ол ойдан шығарылған нәрсе. Тұқымқуалаушылық болса неліктен барлық нәрсе тұқым қуаламайды? Олай болса неге байлардан кедейлер туады, кедейлерден байлар туады? Имамнан неге алқаш, алқаштан неге имам туады? Сау ата-анадан неліктен ауру бала туады? Саулығы неге тұқымнан берілмейді? Туқымқуалау деген нәрсе тікелей ширкпен тең нәрсе. Анамда болған ауруды маған беріп қояды да, мені емдеу Құдайдың қолынан келмейді дегендей нәрсе ғой", – дейді Сабырбеков.

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі врач-генетиктен мән-жайды сұрап білді.

Генетик Әлия Әскербектің сөзінше, тұқымқуалаушылық ата-анадан ұрпаққа ген арқылы берілетін биологиялық ақпарат.

“Генетика ғылымының дәлелдеуі бойынша, адам ағзасының құрылысы мен қызметіне ықпал ететін көптеген қасиеттер тұқым қуалайды. Бұл белгілердің бірқатары туғаннан бастап айқын байқалса, кейбіреулері уақыт өте келе, өмір бойы біртіндеп көрініс беруі мүмкін. Бұл өте күрделі әрі терең зерттеуді қажет ететін сала. Кейде ата-ананың өзі мүлде сау көрінгенімен, олар белгілі бір гендік мутацияның тасымалдаушысы болуы мүмкін. Егер екі жас та бірдей генде мутация тасымалдаса, онда олардың дүниеге әкелген баласында тұқым қуалайтын аурудың даму қаупі жоғары болады", – дейді генетик.

Сондай-ақ ол атадан балаға тұқымқуалайтын қасиеттердің негізгі түрлерін атады.

  • физикалық және физиологиялық, интеллектуалдық белгілер (бой, дене бітімі, терінің түсі, метаболизм ерекшеліктері, зейін қабілеті);
  • ауруларға бейімділік – генетикадан бөлек сыртқы және ішкі факторлар әсер етсе ауру дамуы мүмкін (жүрек-қантамыр аурулары, қант диабеті және т.б.);
  • туа біткен генетикалық және хромосомалық аурулар.

Ғылым дегеніміз адам қиялының жемісі

Эксперт Бақытбай Сабырбековтың пікірі желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Бірі, оның сөзінің жаны бар десе, енді бірі ғылыммен мысалдар келтіріп, эксперттің сөзін жоққа шығаруға тырысты. 

“Генетика рас болса, онда неге сау ата-анадан ауру бала, ал ауру ата-анадан сау бала туады? Мұны ғалымдар жоққа шығара алмайды”, – деп жазды бірі.

“Генетика адамның бар болмысының толық себебін бере алмайды. Ғылым нақты факт емес, ол гипотеза. Мен ғылымды гипотеза деп атаймын. Барлық ғылымдардың басында философия тұр. Ғылым дегеніміз бұл адам қиялының жемісі”. 

Ген балаға тек ата-анасы арқылы берілмейді

Ал енді бірі оған жауап ретінде геннің балаға тек ата-анасы арқылы берілмейтінін жеткізді. 

“Генетика балаға тек ата-анасының ДНҚ-сымен беріледі деген сөз емес. Балаға ата-анаға дейінгі екі жақтың ата-әжелерінің, түпкі ата-бабаларының гені беріледі. Сосын аурудың бәрі геннен, тұқым қуалаудан болмайды. Басқа да факторлар бар. Генетикаға сенсең де, сенбесең де ол сенің ағзаңда ата-бабаңнан келген генмен өз жұмысын жасап жатыр”, – деп жазды бірі. 

“Мендельдің заңын оқып көріңіз деп айта алмаймын. Себебі сізде әу баста іргетас дұрыс қаланбаған. Сізде болған ауру балаңызда болмайды. Бірақ белгілі бір кезең өткен соң ол міндетті түрде бір ұрпағыңызда кездеседі. Мысалы, анаңыздың көзі көк болғанын ауру деп алсақ, ол сізде және сіздің балаңызда кездеспей, немереңізде болады. Ол белгілі бір үлкен ережені нақты ұстайды. Ал сау адамнан ауру тууына әртүрлі фактор әсер етеді. Мысалы радиация. Семейде сау адамдардан екі басты балалар туды. Бұған кінәлі радиация. Радиациямен туған балардың балалары сау болды. Кейін тағы ауру солай ол қанынан шығып кетпейінше қайталана береді. Аутист, даун баланың тууы анасының күйзелісінен”. 

Желі қолданушыларының бірі ғылыми негіздегі дәлелдерден мысал келтірді.

  1. Сырт көзге сау көрінгенмен, генетикалық тұрғыда адамдардың рессецивті ұқсас гендері жанасқан кезде, көмескі күйдегі аурушаң ген жарыққа шыққанда дені сау емес ұрпақ дүниеге келеді;
  1. Тек геннің өзі емес, эмбрионның жасушалық даму барысында қоршаған орта, тағам сапасы, ананың көңіл-күйі, күйзелісі, химиялық факторлар, радиация, токсикологиялық факторлар да ұрпақтың денсаулығына әсерін тигізеді;
  1. Амин қышқылдарының жеткіліксіздігі, жасушааралық тасымалдың әлсіздігі де белгілі бір гендердің рөлін бұзады, мутацияға ұшыратады.
“Қорытынды: сау ата-ана деген жалпы ұғым, тереңінен үңілсе қандай геннің нендей себеппен жеткіліксіздікке ұшырағанын анықтауға болады. Геннің өзі ғана емес, мысалы фолий қышқылының тапшылығы эмбрионның жүйке талшықтарының дұрыс дамымауына әсер етеді. Микробиология деңгейіндегі көзқарас осындай ауытқулардың себебін анықтауға көмектеседі”, – деп жазды желі қолданушысы.

Айта кетейік, бұған дейін Қоғам белсендісінің желіде қазақ тіліне қатысты айтқан сөзі сынға қалғаны туралы жазған едік.

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 03 Шілде, 2025 15:34
Талқылау