Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алла Тағала ауру арқылы мүмкіндік беріп жатыр": Қатерлі дерттен айыққан отандасымыз өмірді өзгертудің құпиясын бөлісті

Бір күннің ішінде адам көкейінде көңіл-күйіне әсер ететін жүздеген ойлар туады. Өміріңізді, дүниеге деген көзқарасыңызды өзгертуге мүмкіндік беретін ойдың құдіреті білікті мамандардың талмай зерттейтін тақырыптарының  біріне айналған. Ойдың арқасында ең күрделі дерттерден арылуға болатыны көпшілік арасында үлкен пікірталас туғызатыны рас. Кезінде ойын өзгерту арқылы қатерлі ісікті жеңіп шыққан отандық психолог Айсұлу Құтпанбекова Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне адамдардың неліктен ойда жоқта күрделі ауруларға шалдығатынын, жақсылықты ойлаудың денсаулыққа қандай пайдасы бар екенін, жаман дүниені ойлауды қалай тоқтату керектігін айтып берді.

Расында көкейде туған ойдан адамның күрделі дерттерге шалдығатыны ақылға қонымсыз болып көрінуі мүмкін. Дегенмен жаман ойдың адам денсаулығының жақсаруына немесе күрт нашарлап кетуіне түрткі болатыны дәлелденген. 

"Адамды өзгертетін де, өлтіретін де, көтеретін де — ой. Өмірде ең бастысы ойды басқарып, бақылап, өз-өзіңе бастық болу. "Жамандық көрсең - өзіңнен, жақсылық көрсең - өзіңнен" дейді ғой. Сол секілді әр адам ауруын, жоқшылығын, өзінің сана-сезімінен іздеп табуы керек. Санасында өзгеріс болғанда өзі, өмірі өзгереді. Кедей болса бай, ауру болса дертінен сауығып кетеді. Ауырып қалған адамға қарап, оның ішкі жан дүниесінде қандай төңкеріс болып жатқанын байқауға болады. 

Кез-келген ауру психосоматикамен, табиғаттың заңын бұзумен байланысты. Табиғаттың заңын бұзу дегеніміз — көреалмаушылыққа берілу, біреуді ғайбаттау, түске дейін жатып алып, тұрмау, денені шынықтырып, жаттығу жасамау, дұрыс тамақтанбау. Сонымен қатар, қырыққа келгенге дейін күйеуге тимей, үйленбей жүре беру. Заңды бұзған, оған бағынбаған адам өзіне ауру табады. Сәйкесінше, бағынған адамның жолы ашылады", — дейді психолог.

Адам эмоциясын сыртқа шығармай, ішінде ұстап жүре берсе, жан дүниесін мазалаған мәселесін білдіртпеуге тырысса, денсаулығы сыр береді. Өз ойыңды ашып айтпау, негативке көп көңіл аудару тамақтың ауруы, мұрынның бітуі секілді ауруларға, күрделі дерттерге шалдығуға түрткі болады. 

"Алқым ісуімен (зоб — ред.) біріншіден өмірді қабылдағысы келмейтіндер, екіншіден6 айтқысы келген ойын айта алмай, ішінде сақтап қалғандар ауырады. 

Өтке тас толып қалудың себебі  эмоциясын білдіре алмауында, жұмыс істейтін ұжымына немесе жақынына көңілі толмаса, соны айта алмауында жатыр.   

Болашағынан қорқатын, өмірінде орын алатын өзгерістерден сескенетін адам аяқ-қолын сындырады. Мұрны бітелсе, өміріне үнемі наразылық білдіреді, қарбалас тірліктен бас алмайды, депрессия мен стресске жиі түседі деген сөз. Оның өмірді қабылдай алмайтынын да ескеру қажет", — дейді психолог.

Маман негативті ойдан туатын аурулардың бір бөлігіне мысал келтіріп, адам күйзеліс, стресске көп берілген жағдайда уақытынан бұрын ажалы келетінін сөз етті. 

"Өз-өзін "жеп қою" суицидке әкеледі. Адам өмірден қалып бара жатырмын, оқуға түсе алмадым, күйеуге тие алмадым, басқа құрдастарым жетістікке жетті, менің жүргенім болса, мынау деумен терең ойдың тұңғиығына батып кетеді. Сондай-ақ, бойым ұзын, қысқа, көзім үлкен, кіші деген сынды комплекстердің барлығын жинап жүріп, түпсанасына өзі туралы сен жамансың деген бағдарлама жасап қояды. Сол бағдарлама күндердің бір күнінде өмір сүрмей-ақ қой, еш пайдаң жоқ, ешқандай жетістіктерге жетпедің, өзіңе қол жұмса деген команда жібереді. 

Өз-өзін "жеп қоюдың" мысалы ретінде біздің қазақтың әйелдерін алуға болады. Олар шашын жұлып, жанұясында, жақындарының арасында болып жатқан оқиғалардың бәріне өзін кінәлайды. "Егер мен осылай істегенімде, басқаша болар еді. Ұл-қызым айтқан тілімді алғанда басымызға қиын іс түспес еді, сөзімді өткізе алмадым", - деп күйініп, өз-өзін “жейді”. Ұнаса да, ұнамаса да, өмірде барлығы өз орнымен жүзеге асатынына мән бермейді. Ішкі дүниесін қазбалап, өзін кінәлай беруді тоқтату үшін ол алдымен қытығын келтіретін жағдайға көзқарасын өзгертуі керек. Көзқарасы дұрысталған соң, жағдай өзгереді. 

Бір қызығы, алдыма келген адамдарға осының барлығын түсіндіріп, ауруға шалдығуының себептерін, проблемасы қайдан пайда болғанын айсам, мені көріпкел деп ойлап қалып жатады. Бұл көріпкелдік емес, ғылым түрінде дәлелденген қарапайым психология. Көптеген адамдардың ойдан ауру туатынын білмейтіні өкінішті. Сондықтан мен қатерлі, күрделі ауруларға шалдығатын жандардың санын азайту үшін отандастарымызды "мүгедек түпсанасынан" айықтыруды мақсатыма айналдырдым", — дейді Құтпанбекова. 

Кезінде қатерлі ісікті жеңіп шыққан психолог сұхбат барысында психологияның көмегімен дерттің кез-келген түрінен, кей жағдайларда емдеуге келмейтін онкологиялық аурудан айығуға болатынын тілге тиек етті. 

"Кез-келген онкологиялық адамның өкпесі қара қазандай. Бір ренжиді, тағы ренжиді, өкпесі солай толып қалады. Мысалға онкологиялық аурудың бір түрі жатыр миомасын алайық. Әйел бір себептермен күйеуіне ренжіп қалды делік. Реніші қайтпай жатып, оған тағы да өкпелейді, төсек қатынасынан еш ләззат алмайды. Егер ол өкпесінің барлығын айтпаса, жолдасымен сөйлесіп, мазалаған мәселені талқыламаса, қатерлі ісіктің осы түріне шалдығуы мүмкін. Рак жасушалары дамып, ағзасында метастаз қаптап кету қауіпі бар. Сондықтан әлгі әйелге өзін мұндай жағдайға жеткізбегені жөн. Әйтсе де онкологиялық аурумен немесе басқа да күрделі дертпен ауырып қалғанның өзінде адамға бірден беріліп, жеңілуге болмайды. Ойын өзгертіп, жазылатынына еш күмәнсіз сенсе, ол дерттің кез-келген түрінен жазылып кетеді. Алла Тағала ауру арқылы адамға мүмкіндік беріп жатыр. Бір нәрсені дұрыс істемегенін, қателескенін ұғындырады. Осыны ескерген жөн", — дейді ол.

Кішкентайынан күрделі дертке шалдығып, қиналып жатқан балаларды көргенде олардың жазығы неде деген ой еріксіз туады. Құтпанбекованың сөзінше, ата-ананың жіберген қателігі үшін баласы осылай жауап береді екен.  

"Кішкентай балалардың бойына аурудың туа бітуі ата-анасына, ерлі-зайыптылардың денсаулығына байланысты. Егер екеуінікі де нашар болса, сау баланың туылуы екіталай. Нашар болса, емделуге міндетті. Өкінішке орай, қазір көптеген адамдар денсаулықты күтпейді. Сонымен қатар, ата-ананың кезінде жіберген қателігі баласының ауырып қалуына, дертке шалдығуына әсер етеді.

Балардың жолы болмауының да себебі - ата-анасында, яғни анасының көкейіндегі жағымсыз ойлармен тікелей байланысты. Менің балама бірнәрсе болып қалса қайтем? Ұлымды пышақтап, қызымды зорлап кетсе не істеймін? - деген ішкі қорқыныштан пайда болған сұрақтар сондай жағдайларды "шақырады", — деді психолог. 

Психологтан жаман дүниені ойлаудан қалай шектелуге болатынын сұрап едік, маман қарапайым әдісті пайдаланып көруге кеңес берді. 

"Көкейіңізге негативті ой келмеуі үшін қарапайым ғана іс-әрекетті әдетіңізге айналдырыңыз. Қолыңызға резеңкелі білезік тағып, жаман ой келгенде сарт еткізіп, тартып жіберіңіз. Қолыңыз ауырады, негатив кетеді әрі осыдан тез сабақ түйіп аласыз. Үнемі резеңкені тартып, қолыңызды қайта-қайта ауыртқыңыз келе бермейді ғой. Уақыт өте келе осы әдеттің арқасында жаман ой келгенде күш қолданбай-ақ оған бой алдыртпауды үйреніп кетесіз", — деді ол. 

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін психолог біздің басылымға қазақстандықтардың басым бөлігі неліктен кедей екенін айтып берген еді. 

Айсұлу Құтпанбекованың Instagram желісіндегі парақшасы: aissulu_hanym

Автор: Ай-Ару Шаймерден

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау