Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оттамашы деп сөйлейді, ұлым барда ғана сыйлайды: Қазақ әжей "келінім қарттар үйіне өткізбекші" деп жылады

Қазақстандық Клара әжей өз басындағы жайтты көпшілік алдында шешкісі келеді. Жалғыз келінімен тіл табыса алмаған ене журналистерден көмек сұрады. Келінім қарттар үйіне өткізіп жібергісі келеді деп қынжылды. 

Бұл туралы Неке сыры бағдарламасында айтылды. 

Клара апа жалғыз баланың анасы. Күйеуі біршама жыл бұрын қайтыс болған. Жолдасына берген шағын ғана екі бөлмелі үйде тұрып жатыр. Қолында ұлы мен келіні, 4 немересі бар.

"Ұлым вахталық жұмыста істейді. 15 күн үйде болмайды. Сол кезде келінім маған дұрыс қарамайды. Не жауап бермейді. Балам кетісімен ұрысамыз. Жаман сөздер айтады. Бастапқыда жақсы болатын. Асты-үстіме түсіп, бар жағдайымды жасайтын. Мен де жақсы қарап, еркелетіп жүрдім. Екінші баласы өмірге келгелі бері өзгеріп кетті. Тар үйде тұрғысы келмейтін секілді. Мені артық санайтын сияқты. Қалаға көшкісі келеді. Бірақ бұл менің үйім. Менің олардан басқа ешкімім жоқ. Шалымнан қалған үйім. Мен ешқайда кете алмаймын", - деді Клара әжей. 

Айтуынша, әжей отырса опақ, тұрса сопақ болып, әбден қиындық көрген. Не жасаған тамағымды, не ісімді жақтырмайды деп ренжіді. Алайда ене мен келіннің мұндай жанжалынан ұлы хабарсыз.

"Балама келінімді жамандамаймын. Келінім туралы айтпаймын. Қылығын да айтпаймын. Ұрысып қалмаса деймін. Бірақ енді төзу мүмкін болмай кетті. Балам біздің ұрысымызға араласпайды. Балам жоқта келінім тамақ та жасамайды. Үйге де қарамайды. Қыдырып кетеді. Бірдеңе айтсам, "оттама" деп жауап береді", - деп жылады қарт ана.

Ал келіні Айжан мұның бәрін жоққа шығарып отыр. 

"Бұл кісі мұның бәрін ойдан шығарып отыр. Мен ешқашан екіжүзді болған емеспін. Тамақты да өзім жасаймын. Үйді де өзім жинаймын. Бұл кісі бала секілді. Әр нәрсеге ренжіп қалады. Сөйлемей қояды. Шай берсең, ішпей қояды. Мен бір рет айтамын, екі рет айтамын. Одан кейін мен де иіле бермеймін ғой. Бәрін өз қылығынан табады. Мені балаларыммен бірге үйден қуып жібермек болған. Сол үшін арада жанжал болды", - деді Айжан. 

Ал Клара әжей оның бәрін теріске шығарды. 

"Бір күні Айжан маған ұлым екеуі қалаға көшетінін айтты. Біздің киімдерімізді реттеп қоя салыңызшы деді. Мен сөмкеге салып қойғанмын. Сөйтсем, балам келгенде бізді қуып жатыр деп өтірік айтты. Мен олай жасамаймын. Киімдерімді салып бер деп өзі айтқан", - деді енесі. 

Әжейдің немересі әжесінің сөзін қостады. 

"Әжем тәттілер әкеп береді. Конфет әкеп береді. Мамам да әкеп береді. Мамам әжеңнің қасына отырма деп ұрсады", - деді немересі. 

Клара әжейдің ұлы Болат ене мен келіннің арасындағы даудың шет жағасын білгеніммен араласпаймын дейді.

"Мен түзде жүрем. Үйде көп болмаймын. Ақшамды балаларым үшін әйеліме әкеп берем. Анамның зейнетақысы бар. Екі үйде отырған әйел ұрыса береді. Ондай майда тірліктерге араласқым келмейді. Бірақ анамды қарттар үйіне өткізетін ойым жоқ. Мен анамның жалғыз ұлымын. Онымен бірге боламын. Айжанның ақылына сеніп, бәрін дұрыс шешеді деп ойлап жүрмін. Мұндай ауыр ұрысқа жетті деп ойлаған жоқпын", - деп ақталды ұлы. 

Сарапшылар ұлы мен келінін о баста дұрыс тәрбиелемеген енені де, үлкенді сыйлай алмаған келін-баласын да сынға алды. Оларға ақылын айтып, татуласуға шақырды. 

Талқылау