Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Отставкаға өтініш берген жоқпын": Орынбасары істі болған БҚО әкімі қызметінен кетпейтінін айтты

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бірінші орынбасары болған Ержан Балтаев істі болғаннан кейін отставкаға не себепті өтініш бермегенін түсіндіріп берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Нариман Төреғалиев бұрынғы бірінші орынбасары болған Ержан Балтаевтың қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланғаны туралы ақпаратты мойындап, оны сотқа дейін өзі қызметінен босатқанын айтты. 

“Ия мен түсіндіріп кетейін, менің орынбасарым Ержан Балтаев өзінің өкілеттілігін асыра пайдаланып, сыбайлас жепқорлықпен айыпталған болатын. Ержан Талғатұлы Балтаевтың осы қылмысқа барған кезі 2023 жылдың ақпан айы болатын. Осындай әңгіме болып жатқанын әлеуметтік желіден көрдім. Содан кейін мен орынбасарымды өзіме шақырып, бұл мәселені анықтадым. Біз комиссия құрдық. Комиссия қортындысымен ол қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланғанын мойындап, түсініктеме жазды. Теріс қылықтары үшін сотқа дейін оны жұмыстан босаттым”, – деді Нариман Төреғалиев ОКҚ алаңында БАҚ өкілінің сұрағына жауап бере отырып.  

Облыс әкімі өзінің отставка кетуі жөнінде де ойланғанын айтты. 

“Мемлекеттік қызмет туралы заңның 60-бабына сәйкес қарамағымдағы орынбасарымның қылмыс жасаған мерзімі үш айдан асып кеткен жағдайда, мен отставкаға беремін. Бірақ ол қылмыс жасаған кезде менің қызметке келгеніме үш айдан аспаған болатын. Яғни үш айдың ішінде болған жағдай. Білесіздер, мен 2022 жылдың 2 желтоқсанында тағайындалдым. Ақпан айында менің қызметке келгенімен небәрі екі ай ғана болғантын. Үш ай толған жоқ. Ал қылмыс жасаған мерзім үш айдан асып кеткен болса, яғни сәуір, маусым айларында болса, онда мен отставкаға берер едім. Сондықтан мен заңға сәйкес отставкаға берген жоқпын”, – деп түсіндірді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.

Нариман Төреғалиев орынбасарының өрескел заң бұзғанына ұялатынын айтты. 

“Ал Балтаев туралы айтатын болсақ, әрине, мен үшін өкінішті. Менің  қарамағымдағы орынбасарым және ол кезде бірінші орынбасар болды. Бірінші орынбасарым өрескел заң бұзушылыққа барғаны мен үшін және мен басқарып отырған әкімдік үшін өте ұят істер болды. Оны біз мойындаймыз. Алдағы уақытта осыларды болдырмас үшін біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттермен бірге жыл басында жол картасын жасадық. Көбіне қаражат көп жүретін мемлекеттік органдармен бірлескен бұйрық арқылы ішкі аудит жүргізіп отырмыз”, – деп жауап берді облыс әкімі. 

Еске салайық, 16 тамызда Орал қалалық соты БҚО әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев пен "SPK Aqjaiyq" басқарма төрағасының бірінші орынбасары Артур Досқалиевке қатысты үкім шығарған еді. Сот оларды лауазымын асыра пайдаланды деп айыптап, Балтаевқа  – 8,6 миллион теңге, ал Досқалиевке 3,4 миллион теңге айыппұл салған еді. Сонымен қатар оларға өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. 

Талқылау