Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желді ауа райында атуға болмайды: Қазақстанда отшашу үшін қандай айыппұл салынады

Жаңа жыл қарсаңы, жаппай отшашу ататын кез жақындап келеді. Алайда елімізде отшашуды арнайы талапқа сай атпаған жандар жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Полиция және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Алматы коммуникациялар қызметінің брифингінде отшашуларды пайдалану ережелері, сондай-ақ оларды бұзғаны үшін қандай жаза болатынын айтты.

Отшашуларды іске қосу кезінде қазақстандықтар сақтауға тиіс бірінші шарт – қолайлы орынды таңдау. Бұл тұрғын үйлерден кемінде елу метр қашықтықта орналасқан бос учаскелер болуы керек. Сондай-ақ ол жерде ағаштар, электр желілері мен басқа да кедергілер болмауы керек.

Әкімшілік кодекстің 436-бабына сай, пиротехникамен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзса, орынсыз жерде қолданса, 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 73 840 теңге немесе 2025 жылы 78 640 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл жағдайда барлық отшашулар тәркіленеді.

Мына талаптарды орындау керек:

  • отшашуларды терезеден атуға болмайды;
  • отшашуларды атуға балаларды жіберуге болмайды;
  • желді ауа райында отшашуларды атуға болмайды;
  • атылмаған отшашуды қайта жағуға тырыспаңыз;
  • пиротехниканы ғимараттарға бағыттамаңыз. 


Бұл ретте қазақстандықтарға пиротехниканы таңдауға жауапкершілікпен қарау керек екені айтылды. 

  • Біріншіден, сатушылардан сертификаттар мен сату лицензиясын талап ету керек. Пиротехниканы құжаттарсыз өткізгені үшін 25 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, яғни 92 300 теңге, 2025 жылы 98 300 теңге;
  • Екіншіден, бұйымдардың жарамды мерзімін және қаптаманың тұтастығын тексеру қажет;
  • Үшіншіден, мамандандырылған дүкендерден сатып алу керек.

Барлық ереже мен сақтық шарасын сақтаған қазақстандықтар жаңа жыл қарсаңында салюттерді еркін ата алады.

Талқылау