Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өткен тәулікте ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолға шыққан 465 адам құтқарылды

Өткен тәулікте Төтенше жағдайлар министрлігі күштері 465 адамды эвакуациялады. Оның ішінде 39-ы бала. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрліктің хабарлауынша, ауа райы қолайсыздығынан мал бағуға шығып, үйіне жете алмаған үш адам құтқарылды. 

"Қарағанды облысының автожолдарында 52859 әскери бөлімінің, полиция мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен қар құрсауында қалған 400-ге жуық адамды құтқарылды. Олар жақын маңдағы кемпингтерге, жылыту пункттері мен елді мекендерге жеткізілді. Бұқар жырау ауданында 29 қарашада ауа-райы қолайсыздығынан мал бағуға шығып, елді мекенге өз бетінше жете алмаған 3 адам табылды”, - деп хабарлады министрлік.

Сондай-ақ Абай ауданында даладағы қар құрсауында көлікте қалып қойған төрт ер адамға іздеу салынды. Құтқарушылар таңертең жоғалғандарды тауып, жақын маңдағы ауылға жеткізді.

Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданында 29 желтоқсанда жылқы табын іздеп атқа мініп кеткен шопанға іздеу салынды. Іздестіру тобы жоғалған адамды тауып, ауылға жеткізді.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды дауылды ескертулерді, ауа райының өзгеруін, жолдардың жабылуы туралы хабарламаларды бақылауға, ұзақ сапарға шықпауға шақырады.

"Ауылдық жерлерде тұратын адамдар ауа-райы нашарлаған кезде ұзақ қашықтыққа жаяу жүруден бас тартуы керек", - деді министрлік.

Талқылау