Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Анасымен тіл табысуы қиын": Аминка-Витаминканың әкесі алғаш рет сұхбат берді

ТМД төңірегіне Аминка-Витаминка лақап атымен танылған вайнер Амина Малғаждардың әкесі Рамазан Малғаждар алғаш рет сұхбат берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Urpaq подкастына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әкесі қызының танылуына ықпал етіп, идея авторы болған.

“Аминаның қабілетін көргеннен кейін, видео түсіруді ойладық. Ең алғашқы вайны “Келін мен ене” тақырыбы болатын. Қоғамдағы күйіп тұрған тақырып болғасын тез таралып кетті. Бірақ Аминадан гөрі екінші қызымның әртістік қабілеті басым. Камера мен ойнайтын образдарын сезеді. Өкінішке қарай Аружанның жалқаулығы бар. Халық алдына шыққысы келмейді. Ал Амина өте еңбекқор. Танымалдылықты жақсы көреді. Аружан өнер адамы болуға тырыспайды бірақ суретті жақсы салады. Балаларым кім боламын десе де өздері шешеді. Еркіндік бергім келеді”, – дейді жұлдызды әке. 

Қыздарын еркін өсірсе де қаталдығынан танбаған әке бала тәрбиесіне қатысты да біраз кеңес айтты. 

“Менен гөрі аналары жиі ұрсады. Мен де өте қатал әкемін. Қыз балалар болғасын анасына жақын. Кейде ашуланғанда қыздарым маған қарамай қоя ма деп те ойлаймын. Бірақ жанымнан шықпайды. Сырларын айтпағанымен кеңес сұрап, жоспарларын бөліседі. Амина қазір өтпелі кезеңде жүр. Негізінен ол бала болып ойнаған емес. Оны ерте есейтіп жібердік. Мінезінде түрлі өзгеріс болып жатыр. Анасымен тіл табысуы қиын болып тұр. Анасы дауыс көтергенде ренжіп қалады. Сол үшін видеоларын түсіруге жеке мобилограф жалдадық. Екеуі құрбылар секілді араласып, тез тіл табысып кетті. Амина анасын жек көрмейді бірақ конфликтіге өте жиі келіп жүр. Оны түсінуге тырысып-ақ жатырмыз”, – деп алаңдаушылық білдірді әкесі. 

Сұхбат барысында Аминаның анасының денсаулығы сыр беріп жүргенін де жасырмады. Бойжетіп келе жатқан қызы анасының жанында көбірек болғысы келеді екен. 

“Жалпы біздің отбасы көп қиындық көрді. Әйелім де біраз тұрмыстың тауқыметін тартқан адам. Ақша жоқ болып қиналған кезіміз де болды. 2014 жылы Аружан дүниеге келгеннен кейін жолымыз ашылды. Ол кезде Айнабұлақ жақта тұратын едік. Амина түрлі жобаларға шақырту алып, гонорар төленді. Видеолары инстаграм мен ютуб арнасында керемет көрілім жинады. Қыздарымыз бізді қаржы қиыншылығынан алып шықты. Соңғы кезде отбасымызда сынақ болды. Анасы сырқаттанып жүр. Сол үшін ұлымды Мәскеуде босанды. Соның диагнозымен босанатын жалғыз перзентхана сол жақта бар екен. Әлі күнге дейін емі табылатын емес. Мәскеуден бір-екі дәрігерге қаралдық. Үзбей ем қабылдауға болатын еді, онымен елге көшуге тура келді. Қатты жаны қиналғанда ерте кетіп қала ма деген ой да болғаны рас. Тіпті инстаграмнан қыздарыма ана болатын қыз-келіншектерді де іздеп кеткенім бар. Бір дәрігердің қателігінен сонша жыл қиналып жүр. Амина мамасының жан дүниесін сезеді. Қатты ауырған күндері үйдің тірлігін өзі жасап, анасына қолғабыс болады”, – деп қиын күндерін еске алды өнерлі әке.  

Талқылау