"Отбасымызды ішер ас пен киір киіммен қамтудан қалдық": Жамбылда екі жылдан бері жұмыссыз қалған балықшылар бас көтерді
Жамбыл облысы Шу ауданындағы 5 елді мекеннің жүзге жуық халқы 2 жылдан бері жұмыссыз жүр. Көкқайнар, Ақсу, Оразалы, Тасөткел, Шу қаласының тұрғындарын атқарушы билік ата кәсібінен айырған. Өйткені Тасөткел су қоймасына ау салып, балық аулауға тыйым салыныпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұрындары балық аулап, көлді кәсіп еткендер қазір балықшы емес "браконьер" атандық дейді. Шектеу шаралары қойылғалы тұрғындар табыс табудан қалған. Себебі, Тасөткел су қоймасы көлді жағалай жатқан ауылдардың жалғыс жанбағысы екенін айтып отыр.
"Балық ұстап келе жатқанымызға 40 жыл болды. 2 жылдан бері 100-ге жуық адам жұмыссыз қалды. Көлге кіргізбейді. Бәрі құдай! Орман шаруашылығына қарайтындар да құдай, инспекторы да құдай. Облыстағыларға да бәрібір. Бізге басқа жұмыс тауып берсін, не балық аулауға рұқсат берсін. Бұның артында міндетті түрде бір кландар тұр ғой. Бәрі осы көлге қадалды да қалды", - дейді Шу ауданының тұрғыны Батырбек Садықов.
"Заңды түрде ашып берсе, үкіметке де пайдасы тиеді. Біз бала-шағамызды бағамыз. Жақында мектепке барады. Әр қайсысында 5-6 баладан бар. Оларды киіндіру керек. Оңай емес”, – деп отыр Шу ауданының тұрғыны Бекбол Байсақалов.
Ашынған ауылдықтар биліктен балық емес, қармақ сұраймыз дейді. Ешкімге масыл болғылары келмейміз деп отыр. Тіпті, бұған дейін салығын төлеп, тазалық жұмыстарын да жүргізіп отырған. Сөздерінше, көлді 10 жыл жалға алған кәсіпкер мен әкімдік қазір оған таласып жатыр. Ал екі ортада қара халық зар илеп қалды.
"Өткен жолы әкімдік "гарантия береміз, 1 жарым айдан кейін ашылады" деген. Қазір 2 ай өтті. Әлі сыбыс та жоқ. Талай уақыт заңды түрде жұмыс істеп келдік. Енді браконеьрсіңдер деп қуып шығып жатыр. 120-200 мың теңге көлемінде айыппұл салады. Тек қармақпен аулауға рұқсат. Ал аудан әкімінің қолынан бұл істі шешу келмей жатыр", - дейді Шу ауданының тұрғыны Айтуар Қойгелдиев.
Ал аудан әкімінің айтуынша, Тасөткелді бұған дейін жалға алған кәсіпкер көлге күтім жасап, балықтарды көбейту жұмыстарын жасамаған. Сол үшін балық инспекциясымен ортақ бір мәмлеге келе алмай, бір-бірін сотқа сүйреп жатыр.
"Арызданушы облыстық соттан жеңілгеніне байланысты жоғарғы сотқа шағымданған. Мен мәселенің нақты қашан шешілетінін айта алмаймын. Бұл жақта тек заң аясында ғана жұмыс істейді. Одан бөлек басқа ешкім кірмейді. Балық инспекциясының маған айтуы бойынша, 1 ай көлемінде бұл іс қаралып бітеді" - дейді Шу ауданының әкімі Бақытжан Орынбеков.
Қазір көл мемлекет меншігінде тұр. Соттың шешімі шыққаннан кейін мемлекеттік сатып алу ойнатылады. Тек кәсіпкер анықталғаннан кейін ғана ау салып, көп көлемде балық аулауға рұқсат беріледі. Ал балықшылар қармақпен ғана балық аулау табыс әкелмейді деп деп отыр.
Автор: Хан Анарбеков