Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отбасы құндылығы жаңартуды талап етеді: Маман Қазақстанда тұрмыс құрғандар неге ажырасуға бейім екенін түсіндірді

Отбасы - тыныштық пен мейірімнің, қуаныш пен күлкінің, ауызбіршіліктің ордасы, адамзаттың ең жылы ұясы. Шынында адам баласы бір жанұяда өмірге келеді. Есейгенде өз алдына отбасын құрады. Осылайша өмір ағыны жалғаса береді. Десе де елімізде соңғы жылдары үйленетіндер де, ажырасатындар да артып барады. Қазақстанда отбасы құндылықтары соңғы жылдары қалай өзгеріп жатыр? Stan.kz ақпарат агенттігі осы мәселеге үңіліп көрді.

отбасы

Соңғы жылдардағы некелесу мен ажырасу көрсеткіші

Статистикаға сүйенсек, өткен 2022 жылы 128,4 мың неке тіркеліпті. Ал биылдың өзінде алғашқы 3 айда 24,5 мың неке қию куәлігі берілген. Десе де бұл сандар былтырғы, одан бір жыл бұрынғы көрсеткіштерден төмен. Мысалға былтыр неке қиғандар қатары 2021 жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға аз болса, 2022 жылдың алғашқы 3 айында некелескендер биылғыдан 10,6 пайызға көп. 

Ал бірінші рет отбасын құрған қыз-жігіттердің орташа жас мөлшері 28 болса, қыздарда 25,2 екен. Жалпы елдегі 25-29 жаста үйленген жігіттердің 32,1 пайызы бірінші рет отбасын құрғандардан. Ал 20-24 жаста тұрмысқа шығып кеткен қыздар - 39,4 пайызды құрайды. Жалпы қалалық жерде көп неке қиылған. 2022 жылы 85,4 мың неке куәлігі берілген. Ал ауылда былтыр некелескендер саны - 43 мың. 

Дей тұрғанымен ажырасу көрсесткіші 2022 жылы 2021 жылға қарағанда аз болған. 44,5 мың адам заңды түрде ажырасыпты. Яғни 7,7 пайызға аз. Бұл 1000 некеге шаққанда 347 ажырасудан келеді. 

Өңірлер бойынша Астана ең көп ажырастындар қаласы екен. Былтыр жалпы коэффициент 1000 тұрғынға шаққанда 3,24-ті құраған. 

отбасы банк

Отбасы құндылығында өзгеріс бар ма?

Осы орайда белгілі маман, әлеуметтанушы Мәнсия Сапарғалиқызынан отбасы құндылығының маңызын, ажырасу фактілері мен некелесудің азаю себептерін сұрап білдік. Ол қазіргі жаңашыл қоғамда дәстүрмен үйлесім құлдырап, негізгі құндылықтар ескіріп кеткенін айтты. 

“Отбасы құндылықтары - адамның әлеуметтік құндылықтарының ішіндегі маңыздысы болып табылады. Адамның бүкіл өмірі отбасында өтеді. Содан да болар, бүгінде отбасы құндылығын зерттеу өзекті мәселе. Өйткені қазір қазір әлемде күрделі өзгерістер орын алуда. Ғаламдық жаңашылдықтар дәстүрлі құндылықтарға кері әсерін тигізуде. Бұл процестер бүгінгі отбасы құндылықтарын жаңарту, жаңғыртатын уақыт екенін айқындап тұр. 

Жалпы отбасы құндылықтарын қалыптастыру ең алдымен ата-ананың бір-біріне қарым-қатынасынан және балаларға болашақтағы ер мен әйелдің рөлі туралы берген кеңесінен бойға сіңеді. Сондай-ақ өскелең ұрпақ барлық жағдайды сырттай бақылау арқылы да өне бойында өзекті тәлімді қалыптастырады, алады. Десе де бұл жерде ата-ананың әсері өте үлкен деп айта аламыз. Екіншіден балаға ғаламтор, әлеуметтік желі, БАҚ-тағы ақпараттар мен түрлі тренингтер де себебін тигізеді. Сонымен қатар мектептің де өз үлесі бар. Ондағы түрлі отбасы тақырыбындағы жиындар мен кездесулер баланың болашағына бағдар”, - дейді әлеуметтанушы. 

Отбасы құндылығын қалыптастыратын бірнеше бағыт бар

Әлеуметтанушы бүгінгі қоғамда отбасы болудың маңыздылығын дәріптейтін, құндылықтарды қалыптастыратын бірнеше бағыт бар екенін де айта кетті. Сөзінше ол дәстүрлі принциптерді қабылдау арқылы жанұя болу немесе гендерлік саясаттың нетижесінде құрылатын, теңдік негіздері сақталатын отбасы. 

“Қазіргі таңда отбасы құндылығына байланысты бірнеше бағыт бар. Соның алғашқысы дәстүрлі құндылықтарды сақтау. Екіншісі жаңашылдық бағыттарға негізделген отбасы. Оны демократиялық отбасы деп айта аламыз. Мұндай жанұяда теңдік принципі сақталады. Яғни ер адам мен әйел адам тең деп қабылдайды. Десе де қазір жастар арасында еркіндікке бағытталған дүние барын жасыруға болмас. Ер адамдар отбасын құрса белгілі бір деңгейде метриалдық қамтамасыз ету мәселесі барын ойлайды да жауапкершіліктен қашады. Сондай-ақ көп жастардың белгілі бір деңгейге жету, жағдайын жасау, мансабын қалыптастыру дегендей оймен де жүретіндері бар. Олардың дені тек ер адамдар ғана емес, бұл тізімде қыздардың да қатары басым. 

Мысалға бүгінде тұрмысқа шықпаған қыз-келіншектердің көп екенін білеміз, 30-40 жасқа жақындаған. Бұған басты себеп – бала кезде ұл мен қыздың негізгі функциясын дұрыс түсіндірмеу. Қыздардың болашақ ана, жар ретінде қалыптасуына жағдайдың жасалмауы себеп болуы мүмкін.

Ажырасуға тірелетіні сол, жастардың өз функцияларын толық білмеуінде. Қыздар “ер адам әрқашан менің жағдайымды жасау керек, мен сол жағдайда шалқып өмір сүруім керек деп ойлайды. Яғни материалдық жаққа қатты мән береді. Ал қазіргі нарықтық заманда жігіттердің көбі ондай материалдық қамтамасыз ету мәселесіндегі талапқа сай келе алмайды. Бірақ біздің ата-бабаларымыз жоқшылық болса да бірлесіп өмір сүрді, қиындықты бірлесе жеңді, бүгінде немере-шөбересін сүйіп, тәрбиелеп отыр. Ал қазір кейбір қыздарға бәрі дайын болуы керек. Бірақ сол дайын дүние бола тұра ажырасу фактілері де кездеседі. Оған басты себеп – отбасы ретінде бірге жетпеу, бірге үй алмау, бірге көтерілмеу. Дайынға келгеннен кейін құндылығын біле бермейді. Бұл тұста ең басты рөл ойнайтыны ол тәрбие. Яғни қыз бен ұлдың тәрбиесі. Олардың негізгі отбасылық міндетін түсіне алуын бала кезден бойына сіңіру”, - деді Мәнсия Сапарғалиқызы. 

Отбасы құндылығының басты құпиясы..

Маман бүгінде отбасын құрғанымен бала сүюге ниеті жоқтарды да, балалы болғысы келмейтін қыз келіншектердің де барын айта кетті. Сондай-ақ жастардың орта жасқа жеткенде үйленуі де көп жағдайда кері әсерін береді екен.

Себебі қыз да, жігіт те өмірдің ащы-тәттісін татқан, өз алдына жеке азамат ретінде қалыптасқан адамдар. Сондықтан үйленгеннен кейін кей мәселелерге тартысып қалады, дейді. 

“Жалпы отбасын құру ол үлкен жауапкершілік. Жеңіл қарай салатын дүние емес. Ер адам да, әйел адам да негізгі құндылықтарын басты қағида деп ұстануы тиіс. Яғни ер мен әйелдің бір-бірін тыңдай алуы, қабылдауы және бірлесіп қиындықтарды еңсеруімен тікелей байланысты. Ар, ұят дегеннің шеңберінен шықпау, мәселелерді жеке алдына емес, бірлесіп шешу отбасының қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді. Міне отбасы құндылығы осындай бірлескен, бір бүтін болған жұптардың іс-әрекетінен байқалады. Ең басты мән берертін мәселе осы”, - деп қорытындылады сөзін.

Талқылау