Шымкентте жер қазу жұмыстары кезінде желінің үзілуі байланыстың бұзылуына себеп болды
Шымкент – Абай учаскесінде құрылыс ұйымы рұқсатсыз жүргізген жер қазу жұмыстарының кесірінен магистральдық оптикалық кабель үзіліп кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Магистральдық оптикалық кабель үзіліп кеткендіктен “Кселл” АҚ, “Мобайл Телеком – Сервис” ЖШС (Tele2 және Altel) операторларының абоненттерінде, сондай-ақ “Қазақтелеком” АҚ корпоративтік және жеке клиенттерінде желілік байланыс уақытша үзілді. Мобильді операторлардың жүзден астам базалық станциясы, сондай-ақ “Қазақтелеком” АҚ-ның 1000-нан астам клиенттерінде желі жұмысы уақытша бұзылды. Компания мамандары оқиға орнына жедел барып, аз уақыттың ішінде желі жұмысын қайта қалпына келтірді. Желідегі ақауға құрылыс және жер қазу жұмыстарын жүргізу тәртібі бұзылуы себеп болған.
Соңғы кездері мұндай жағдайлар елдің басқа өңірлерінде жиілеп кетті. Биыл қыркүйек айына дейін елде кабельдің үзілуі, ұрлау және бүлінуіне байланысты кабельдік инфрақұрылым зақымдануы секілді 579 жағдай тіркелген. Мұндай заң бұзушылықтар желі жұмысын тоқтатып, байланыстың уақытша үзілуіне және қалпына келтіру жұмыстарына кететін қосымша шығындарға әкеп соқтырды.
“Әкімдіктер мен құрылыс ұйымдар жер қазу және инфрақұрылымдық жұмыстарын бастамас бұрын келісу тәртібін қатаң сақтау қажет. Келісілмеген әрекеттер тек телекоммуникациялық инфрақұрылым ғана емес, көптеген маңызды қызметтердің тұрақты жұмысына да қауіп төндіреді”, – деп мәлімдеді “Қазақтелеком” АҚ.
Компания болашақта осындай жағдайлар қайталанбас үшін мердігер ұйымдарды телекоммуникациялық желілердің маңында өтетін жұмыстар туралы алдын ала хабардар етіп, рұқсат алуға шақырады.

"Неге сонша нақұрыс болдыңдар": Желіде қазақтарды "құлдар" деп қорлаған әйелге шағым түсті
