Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кәсібін жақсы меңгерген, кеудесінде жігері, бойында буырқанған ынтасы бар мамандар тобымыздың бір мүшесі бола алады": Отбасы банкінде жұмыс істеудің артықшылықтары

Бүгінде қоғамда банкке жұмысқа тек экономистер мен қаржыгерлер орналаса алады деген жаңсақ пікір қалыптасқаны жасырын емес. Дегенмен түптеп келгенде мұнда әркім өзінің біліміне, қабілетіне және тәжірибесіне сай қызметке орналаса алады. Осы тұста Stan.kz тілшісі еліміздегі бірегей қаржы институты – Отбасы банкінде кадрлық қызмет қалай жүзеге асырылатынын, алып жүйеге ие мекемеде жас мамандарға қаншалықты орын табылатынын және қазірде қаржы құрылымына қандай жұмыскерлер керек екенін Банктің қызметкерлермен жұмыс жүргізу департаментінің директоры Асыл Айтқұловтан сұрап білді.

Асыл Айтқұлов – Отбасы банкінің қызметкерлермен жұмыс жүргізу департаментінің директоры

– Асыл мырза, ЖОО түлектері Отбасы банкіне оқуын тәмамдаған соң бірден жұмысқа орналаса ала ма? 

– "Отбасы банкінде" қазір 1389 адам қызмет етеді. Ал олардың 20%-ы жасы 30-ға да толмаған мамандар. Сонымен қатар банк қызметкерлерінің орташа жасы 36 екенін атап өткен жөн. Статистикаға көз жүгіртсек, банк алғашқы кезекте жастарға үміт артып отырғанын аңғарамыз. Біз жас мамандарды – университет түлектерін жұмысқа тартуға ниеттіміз. Себебі қазіргі жастар озық ойлы, сондықтан тәжірибелі кадрларды іздеп, уақыт жұмсағанша, жас түлекті оқытып, тұрғын үй жинақтау жүйесін жетік түсінетін білікті маман ретінде тәрбиелеп шығу әлдеқайда тиімдірек. 

Бұл тек сауда және тұтынушыларға қызмет көрсету саласындағы мамандарға ғана емес, IT саласына да қатысты дүние. IT – үнемі жаңарып отыратын бағыт, қазір қолданылатын технологиялар бұрынғыларымен салыстырғанда өзгеше болуы мүмкін. Ал мұның барлығын қалыптасқан маманға қайта оқытудан көрі жаңадан үйренту әлде-қайда жеңіл әрі жылдамырақ. 

Айдын Неселбаев – Алматы қалалық филиалының қызметкері

– Отбасы банкіне қызметке орналасу үшін міндетті түрде банк секторында жұмыс өтілінің болуы талап етіле ме?

– Отбасы банк белсенді түрде процестің барлығын дерлік цифрландырып, клиенттерге қызмет көрсетуді онлайн, яғни жылдам әрі сапалы етуде. Мәселен, биыл біз Қазақстанда бірінші болып Otbasy bank мобильді қосымшасының көмегімен қашықтан мүлікті кепілдіктен шығару қызметін енгіздік. Енді клиенттер бұл мәселені бұрынғыдай бірнеше күн емес, небәрі бірнеше минут қана уақыт жұмсап шеше алады. Blockchain технологиясы да клиенттердің уақытын үнемдеуге септігін тигізуде. Қазір оның арқасында 24 мыңға жуық кепіл шарты тіркелді. Бұрын тұрғындарға 3 күн күтуге тура келсе, енді бұл жұмыс бар-жоғы 2 минуттың еншісінде. 

Ерик Испанов

Ерік Испанов – Алматы қалалық қызмет көрсету орталығының маманы

Осы жылдың тағы бір елеулі жаңалықтарының бірі – субсидия алуға өтініш берудің онлайн платформасының іске қосылуы. Осы тұста сайтты құруға банкте тағылымдамадан өтіп жүрген, “Шаг" академиясының түлегі үлкен үлесін қосып, ат салысқанын айта кету қажет. 

Жалпы IT саласы бойынша сөз қозғайтын болсақ, жас маманда ынта-жігердің болғаны маңызды. Ал тәжірибе мен дағдыларды банкте жүріп дамытуға біз жәрдемдесеміз. 

Дегенмен IT-ден бөлек банкте басқа да бөлімдер жетерлік, атап айтсақ, тәуекелдерді басқару, аудит, комплаенс-бақылау, т.с.с. Бұл салалардың мамандарына, әрине, біліктілік бойынша белгілі бір талаптар қойылады, олардың банк секторында өтілі болуы шарт. 

Отбасы банкінің қызметкерлермен жұмыс жүргізу департаментінің ұжымы

– Қандай түйіндемені сәтті құрастырылған деп айтуға болады? Түйіндеме жазарда нені ескеру қажет? Ұйымға жұмысқа орналасуға ниетті мамандар үшін қандай кеңес бере аласыз? 

– Түйіндемені жібермес бұрын Отбасы банкінің қызметі, оның стратегиясы, миссиясы және негізгі несие бағдарламалары туралы ақпаратты мүмкіндігінше егжей-тегжейлі зерделеуді ұсынамыз. Бұл мәліметтер жалпыға қолжетімді дереккөздерде – банк сайтында, әлеуметтік желілерде және БАҚ-та бар. 

Банктің міндеті – қазақстандық отбасыларды баспанамен қамтамасыз етіп, Отанға деген сезімін нығайту. Яғни күнделікті жұмысқа келгенде біз маңызды әлеуметтік рөл атқарамыз, яғни қазақстандықтардың үйлі болуына өз септігімізді тигіземіз. Банктің әрбір қызметкері осы бір мүдде үшін аянбай еңбек етуде. 

Сондықтан біз әрбір жаңа қызметкерді тек банк маманы ретінде ғана емес, бір мүдде үшін жұмыс істеп, банктің жаһандық мақсаттарын түсінетін және оған жетуге күш жұмсай алатын серіктес ретінде қабылдаймыз. 

Түйіндемеде банкті қызықтыратын салалардағы нақты дағдылар мен тәжірибені көрсеткен жөн. Мұнымен қатар бұрынғы жұмыс орындарында қатысқан жобаларды жазуды ұмытпау қажет. Ал егер бұл жобалар банк қызметінің бағыттарына сәйкес келсе, олар жайлы анығырақ сипаттап жазған абзал. 

Отбасы банкінде жұмыс істеуге ниетті жандарға мынадай кеңес айтар едім: өзіңізді банктің қызметкерімін деп елестетіп, компаниямыздың өрлеуіне, мақсаттарымыз бен міндеттерімізге жетуге сіздің қай қабілетіңіз бен тәжірибеңіз көмектесе алатынын саралаңыз. Оларды түйіндемеңізде анықтап көрсетіп, әңгімелесу кезінде атап өтуді ұмытпаңыз. Бастысы, біздің тобымызда жұмыс істеп, бүкіл қоғамға пайда әкелуге деген ұмтылыс табысқа жетуіңіздің басты себебіне айналсын. 

Асыл Айтқұлов – Отбасы банкінің қызметкерлермен жұмыс жүргізу департаментінің директоры

– Қандай жағдайда кандидат жұмысқа алынбауы мүмкін? 

– Кәсібін жақсы меңгерген, кеудесінде жігері, бойында буырқанған ынтасы бар мамандар тобымыздың бір мүшесі бола алады. Қазіргі уақытта бос лауазымдар тізімін Отбасы банктің сайтының  hcsbk.kz/ru/vacancies бөлімінде, сондай-ақ Қазақстандағы танымал hh.kz жұмыс іздеу платформасынан табуға болады. Банкте жұмыс істеуге ниетті әрбір азамат түйіндемесін жіберіп, бағын сынай алады. 

Осы тұста банк мамандары бірнеше себептерге байланысты түйіндемені қараудан немесе үміткерді жұмысқа алудан бас тартуы мүмкін. Бұл кандидаттың жұмыс істеуге қабілетсіздігі, сот шешімімен белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айырылуы, жұмысқа орналаспай тұрып 3 жыл көлемінде сыбайлас жемқорлыққа баруы немесе өтелмеген соттылығының болуы. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтен кеткеніне бір жыл толмаған, банкке тексеру жүргізген немесе банкпен белгілі бір байланысы бар шенеуніктер бізге жұмысқа орналаса алмайды. 

– Білуімізше, Отбасы банк өз қызметкерлерінің біліктілігінің арттыру үшін түрлі дайындық курстарына, шеберлік сағаттарына жіберіп отырады. Осы туралы толығырақ айтып бересіз бе? 

– Иә, біздің банкте қызметкерлер тұрақты негізде әртүрлі оқу бағдарламаларына қатысып, беделді халықаралық және отандық бизнес-тренерлер курстарынан өтеді. Бұған қоса әріптестеріміздің әрқайсысы біліктілігін растау үшін сертификаттаудан өтеді. 

Себебі жылдам өмір дағдысына үйренген біз үшін әрдайым кәсіби деңгейіңізді  жетілдіріп отыру маңызды. Айтып отырғаным, hardskills (кәсіби дағдылар) пен softskills-ге (жұмсақ дағдылар) қатысты. Әрбір адам үйреніп қана қоймай, үйретуге де бейім болуы керек, ал кәсіпқойлар үшін бұл міндет дей аламыз. Өз қызметкерлерімізді оқытып, олардың дамуына үлес қоса отырып, біз екі есе ұтамыз: мамандардың жұмыс істеу өнімділігі өсіп қана қоймай, кәсіби дағдылары артып, білікті тұлға болуына жағдай жасалады. 

Асыл Айтқұлов – Отбасы банкінің қызметкерлермен жұмыс жүргізу департаментінің директоры

Бірде General Electrics компаниясының бас директоры Дж.Уэлчтен: "Қызметкерлеріңізді оқытқан соң олар жұмыстан кетіп қалады деп қорықпайсыз ба?" -деп сұраған екен. Сонда ол: “Жоқ, олар оқымай, жұмыста қалып қоя ма деп қорқамын” деген екен.

Осы орайда өткен жылдың қорытындысы бойынша банктің 1160-тан астам қызметкері сырттай оқудан, 1395 маман, яғни жалпы қызметкерлердің 100% ішкі оқытудан өтті. 

– Банкте мамандардың өзін-өзі жетілдіруі үшін басқа тағы қандай мүмкіндіктер бар? 

– 2008 жылы біздің банк кадрлық резервті қалыптастыру тәжірибесін енгізді. Бұл кәсіби басқарушылық және көшбасшылық әлеуеті бар қызметкерлердің пулы.

Кадрлар резерві қызметкерлерімізге банк ішінде мансап құруға мүмкіндік сыйлайды. Басшылық лауазымдарға бос орындар пайда болған кезде, резервтегі  үміткерлерге басымдық беріледі. Банк өз қызметкерлерінің дамуына мүдделі, өйткені бұл міндетті түрде болашақта өз жемісін береді.

Резервтегі әрбір үміткердің күшті және әлсіз тұстарын анықтау үшін банк бағалау процедураларын жүргізіп, олардың құзыреттілігі мен бірыңғай оқу жүйесін ескере отырып, біліктілікті арттыру бағдарламаларын әзірлейді. Сонымен қатар өз бетінше оқумен қамтамасыз етеді. 

Қазір банктің кадрлық резервінде 70-тен астам қызметкер бар. Ал бұрын резервте болған 17 маманымыз қазір жоғары лауазымда.  

Банктің кадрлық резервінен басқа, қызметкерлеріміз "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Бірыңғай кадрлық резервінде де тұр. Бұл оларға тек Отбасы банкінде ғана емес, Холдинг компаниялар тобында да мансабын дамытуға мүмкіндік береді. Қазір холдингтің бірыңғай кадрлық резервінде 28 маманымыз бар. Олар желілік мамандықтар мен басшылық лауазым қызметіне орналаса алады. 


Отбасы банкінің қызметкерлермен жұмыс жүргізу департаментінің ұжымы

– Отбасы банкінде жұмыс істеудің ең басты артықшылығы ретінде нені айтар едіңіз? 

– Жоғарыда айтып өткенімдей, Отбасы банкінің миссиясы өте маңызды: біз қазақстандық отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді және Отанға деген сезімді нығайтуды мақсат тұтамыз. Банктің аты айтып тұрғандай, біз республикамыздың барлық отбасылары үшін аянбай тер төгіп жүрген үлкен бір “отбасымыз” деуге саяды. Осы бір үлкен отбасының мүшесі бола отырып, әрбір қызметкер өзін маңызды іске қатысы бар екенін сезінеді. Себебі біз азаматтарымызды баспанамен қамтып қана қоймай, сондай-ақ оларға болашақ пен Отанға деген сенім қалыптастырамыз. Бұл –  Отбасы банкінде жұмыс істеудің бірден-бір артықшылығы.

Талқылау