Отбасы банк тұрақты даму саласындағы позициясын Sustainable Fitch-тен ESG - "3" рейтингін алу арқылы нығайтты
Отбасы банк ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) алғаш рет Sustainable Fitch агенттігінен "3" деңгейіндегі ESG рейтингін алды. Бұл банктың тұрақты даму қағидаттарына бейілділігін растап, тұрғын үй қолжетімділігі мен әлеуметтік осал топтарды қолдау сияқты әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге қосқан үлесін айқындайды.
Бүгінде еліміздің ипотекасындағы Отбасы банк үлесі 53%-ға тең. Банк елдегі экономикалық белсенді халқының 29%-дан астамын қамтиды. Сондай-ақ активтері мен меншікті капиталы бойынша төртінші орындағы банк болып табылады және 2024 жылдың 1 қазанындағы мәліметтерге сәйкес, жалпы несиелік портфелі 3,3 трлн теңгеге тең. 2023 жылдың соңында банктің жалпы несиелік портфелінің 34,4%-ын мақсатты әлеуметтік әсері бар несиелер құраса, 2024 жылдың қазан айына бұл көрсеткіш 38,2%-ға дейін өсті. Бұл әлеуметтік осал топтар мен тұрмысы төмен қазақстандықтарға арналған жеңілдетілген несиелер.
2024 жылдың 9 айында банктің өнімдері арқылы 48 548 қазақстандық отбасы заем алып, жаңа үйлеріне қоныстанды.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушыларының саны 2,7 миллион адамды құрайды. Бүгінде банктің депозиттік портфелі 2,3 триллион теңге. 2024 жылдың тоғыз айында Отбасы банкінде 350 029 адам жаңа депозиттер ашқан, бұл болашақта ең төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алып, баспанаға қол жеткізу үшін жасалған қадам.
ESG қағидаттарына бейілділік – Отбасы банкінің стратегиялық таңдауы. Біз әлеуметтік жауапкершілігімізді түсінеміз және тұрақты даму тек банк үшін ғана емес, қоғам үшін де табыс кепілі екеніне сенімдіміз. Біз "жасыл" несиелендіруді дамытып, гендерлік теңдік пен жас қазақстандықтарды қолдауды қолға алдық. Пилоттық "жасыл" ипотека жобасы аясында 27,2 млрд теңге сомасында несие берілді. "Ұмай" бағдарламасы бойынша қазақстандық әйелдерді қолдап, 3 661 азаматшаны өз үйімен қамтамасыз еттік. Әйелдерге арналған жалпы несие көлемі 41,3 млрд теңгені құрады. Алдағы жылы біз бұл жобаларды Азия даму банкімен ынтымақтастық аясында жалғастыруды жоспарлап отырмыз, - деді Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Банктың осы және өзге де жобалары БҰҰ тарапынан мақұлданған тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге, кедейлікті жоюға, өмір сүру деңгейін арттыруға, экономикалық өсуді күшейтуге, теңсіздікті азайтуға, тұрақты қалалар мен елдімекендерді дамытуға ықпал етуде, тұрғын үй тапшылығын азайтып, әлеуметтік осал топтардың өмір сүру жағдайын жақсартуда маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар, Отбасы банк қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайту, ресурстарды басқару, экологиялық акцияларды өткізу және қызметкерлерді тұрақты даму тәсілдерінің маңыздылығы туралы хабардар ету арқылы белсенді жұмыс жүргізуде.
Бүгінде Қазақстан ESG тақырыбында экстенсивті дамудан тұрақты дамуға көшудің үлгісі болып табылады. ESG күн тәртібін дамытудағы маңызды мысалдардың бірі – 2023 жылдың ақпан айында президент жарлығымен Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының қабылдануы және климаттың өзгеру мәселелеріне жаһандық жауап ретінде ұлттық үлесті жаңарту болып табылады.
Отбасы банк – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асыратын және әлеуметтік осал топтардың тұрғын үй мәселелерін шешетін ірі әрі жалғыз қазақстандық банк ретінде ESG бағытында белсенді дамуда. Банк әртүрлі әлеуметтік бастамаларға қатысып, экологиялық және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруда.