Отандық жұлдыздардың Валентин күніне деген көзқарасы қандай
«Әулие Валентин» күнін тойлайсыз ба?! Жыл сайын 14-ші ақпанды «Ғашықтар күні» деп санайтын жастар бұл күнді мерекеге айналдырғалы қашан?! Ал аталмыш мейрамды отандық шоу-бизнес өкілдері қалай атап өтеді? Stan.kz тілшісі жұлдыздардың арасында арнайы сауалнама жүргізіп, олардың жауабын біліп көрген болатын.
«Мен бұл мерекені тойлауға қарсымын. Мұсылманда екі ғана мейрам бар. Ол құрбан айт пен ораза айт. Тойлана берсе де болатын шығар. Біз зайырлы мемлекетпіз. Бірақ шектен шықпау керек. Ішімдік ішілмесе, зорлық-зомбылық жасалмау керек. Барлығы сол ішімдіктен басталады. Ұрлау, тонау, адам өлтірудің барлығы деген сияқты. Соған қарап бұл мейрамның тойланғанын қаламайсың. Жастар неше түрлі жағдайға ұрынып қалады деп қорқамын. Әрине, мен мойындаймын. Біз мектеп кезінде де тойладық. Ол кезде ақ пен қараны ажырата алмадық. Қазір түбегейлі бұл мейрамды тойлауды тыйғанмын. Кейін ұлыма да дәл осы насихатты айтамын», – дейді Нұржан Керменбаев.
Нұржанның бұл бастамасын Асхат Тарғынов та қолдайды. Кезінде «Чип-чип» хитінің орындаушысы, «Әулие Валентин» күнін бірнеше мәрте тойлағанын айтады. Бірақ, жылдар өте келе жастар арасында қалыптасқан үрдіске шектеу қоя бастаған.
«Бұл күнді тойлауға мен қарсымын. Өйткені 14-ші ақпан «Әулие Валентин» күні біздің қазақтың салтында жоқ мереке. Оны христиандар немесе орыс ұлты тойлап жатады. Сөздің шыны керек мектеп кезінде, студенттік кезде құрдастармен қыдырып, бұл күнді тойлайтын едік. Оны жасырмаймын. Ол кезде сауатымыз болмады. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмедік. Сондықтан жастарға айтарым, бұл күнді тойламаңыздар, кәдімгі күнделікті күндердің бірі деп қабылдаңыздар. Бұл күнді атап өтемін деп, қаншама адам зардап шегуі мүмкін. Жастарды менің осы сөзімді қолдауға шақырамын», – дейді Асхат Тарғынов.
Бүгінде қызу талқыға түскен тақырып жайлы «Алашұлы» тобының да пікірін білген едік. Этно-топ жігіттерінің сөзіне сенсек, мектеп қабырғасында дәл осы 14-ші ақпандағы мейрам олардың ең сүйікті мерекесі болыпты.
«Дәл осы «Әулие Валентин» күнін кезінде мектепте қатты күтетін едік. Себебі мектепте де ғашық болдық, бала болдық. Қашан келеді екен деп ұзақ күтетін едік. Қазір барлығын білгеннен кейін, бұл күнді елемейміз, ескермейміз. Негізі өзіміздің қазақтың 15-ші сәуір махаббат күні бар ғой. Өзіміз жалпы жастар сол күнді тойласа дейміз. Қазіргі таңда 14-ші ақпан күні ішіп алып, есіріп кететіндер болады. Ондайды біз қаламаймыз», – дейді «Алашұлы» тобының жігіттері.
Ал, Дәурен Айдарқұловтың бұл күнге қатысты ойы тым бөлек. Атышулы актер үшін 14-ші ақпан «махаббат мерекесі» ретінде тойланса, қарсылық білдірмейтінін айтады.
«Мектеп қабырғасында, студенттік кезде де тойлайтынбыз. Одан кейін өмірге деген көзқарасымыз өзгерді. Бұл мерекені бәсеңдеттік. Бірақ ең бастысы ниет қой. Адамның ниеті түзу болса, ары қарай мейрам болсын, болмасын менің ойымша махаббат жеңеді. Өйткені бұл махаббат мерекесі ғой. Біздің жас кезімізде «мұндай мерекені тойлауға болмайды» – деп қатты айтпайтын. Қазіргі таңда осындай түрлі пікірлер туындап жатыр», – дейді Дәурен Айдарқұлов.
Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.
Құрметті оқырман! Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981
Жіберіп алмаңыз:
Намысыма тиді: КешYou әншісі Ақбота мен Жұлдыздың тағдырын қайталаудан қорқып жүр
Алматы облысында ауыл жастары ақша жинап, тұрмысы төмен 25 отбасыға көмір алып берді (фото, видео)
Мәдина Сәдуақасова Роза Рымбаеваға қымбат дизайнерлік көйлек тарту етті (фото)
Димаш жалған әншілердің масқарасын шығарды: Түріктер Димаш жайлы не дейді
Түсіпбаева: Алагөзова тракторшы мен сиыр туралы фильм түсіре берсін, ұлттық қазынаға тиіспесін