Отандық профессор: Нартай Аралбайұлы мені кешірсін, мен оны тыңдай алмаймын
Отандық арналарада кейбір журналистер тіліміздің қағидаларын сақтамай, өз "стильдерін" қалыптастырмақ мақсатта сөйлем құрылымын бұзып сөйлеу сәнге айналып барады. Алайда бұл үрдістің қауіпті тұсы да бар екенін естен шығармаған жөн, себебі өскелең ұрпақ, басқа жас журналистер де еліктеп, ана тілімізді бұзып сөйлеуге дағдылануы мүмкін. Stan.kz тілшісі белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық университетінің профессоры Анар Салқынбаймен сұхбаттасып, қазақ тілінің заңдылықтарын елемейтін журналистер несімен қауіпті екенін анықтады.
Аралбайұлы (Нартай Аралбайұлы, "Қазақстан" ұлттық арнасының жүргізушісі - ред.) туралы айту оның көңіліне келуі мүмкін. Мен оны тыңдай алмаймын. Оның «айтамыз», «көрсетеміз» деп екіпінді екінші буынға түсіріп айтуы өзінің стилі шығар. Бірақ ол мені кешірсін, қазақтың сөйлеу екпініндегі лебізді бұзып тұр. Қазақ еш уақытта екпінді бірінші, екінші буынға қоймайды. Ол беделді жүргізуші, қаншама жастар қарап отыр. Соған еліктеп сонда біз өзіміздің сөйлеу тіліміздегі лебізімізден айырылып қаламыз ба? Сондықтан Аралбайұлы ойлануы керек. Олай сөйлеуге болмайды.
Сөйлемнің құрлымын біз ойлап тапқанымыз жоқ. Әлімсақтан бері келе жатқан қазақтың сөйлеу тілі. Оны бұзуға ешкім құқық берген жоқ. Мен журналист екенмін деп қазақтың сөзін беталды қолдануға ешкімнің құқығы жоқ. Қазақ мұндайда «балық басынан шіриді» деп айтады. Сөздің иесі болып, сөз ұстап жүрген жігіттер осы құрылымды бұзғысы келеді.
Айтпай кетуге болмайды, «Хабар» телеарнасында таңертеңгілік бағдараманы жүргізіп отырған жігіттер бар. Сөйлегендері сондай ыңғайсыз. Қонақ болып келіп отырған кейіпкердің отбасы жоқ, жетім екен. Соны біле тұра отбасыңыз туралы айтыңызшы деп сұрап қалмасы бар ма? Сол хабарды көрсем көңілім түседі. Сөйлем құрлысы, сөз саптауы қате. Қай жерде, қалай сөйлеу керектігін білуі керек. Сондай мәселеге келгенде өздерінің кәсіби журналист емес екендіктерін көрсетіп қояды.