"Отандық көліктер сапасыз": Казақстандықтар қашанға дейін көлікті шетелден тасиды?
Еліміздегі импорттық көліктердің үлесі нарықта 40 пайызға жетті. Бұл отандық автомобиль өндірісі үшін жақсылықтың нышаны емес. Себебі өзімізде құрастырылатын темір тұлпарғаларға сұраныс төмендеп кеткен. Көпшілік берісі Ресей, арысы Армениядан тасып жатыр.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.
Отандық автомобиль өндірісі қауымдастығы болса 5 жыл бұрынғы көрсеткішке жетсек дейді. Ол кезде ішкі нарықтың денін елде құрастырылған көліктерді жеңілдетілген несие арқылы қамту мүмкін болған. Ал қазіргі ахуал басқаша. Сондықтан шетелдік компанияларды зауыт салуға тарту, салық мәселесін қайта қарау тетіктерін қарастырмақ екен.
Алайда жалпақ жұртты алаңдататын әсте ол емес. 7-8 миллионға төменгі классты көлікті алуға ешкім құлықсыз. Сол ақшаға ескі де болса, сапасы анағұрлым жоғары көліктерді қалайды. Бұл мәселенің ендігі шешімі қалай болмақ? Армениядан қашанғы көлік тасимыз, елге кіріп қойғандыры қайтпек?
«Бізде ондай көліктер аз, өте қымбат. Ол жақтың көліктері таза Жапониядан әкелінген. Жағдайлары өте жақсы», - дейді көлік жүргізушісі Дәулен Әбдірахманов.
Армениядан көлік әкелген жігіттің айтуынша, отандық өндірушілер ұсынған көліктер сапасыз, қайта сол ақшаға жақсысын алғаны ғанибет екен. Бұл сөз мыңдаған Қазақстандықтың пікірі екені және рас.
«Минивендердің бағасы 6 мың доллардан бастап 10-11 мың долларға дейін жетеді. Жақсы, өте жақсы, сапалы көліктер сол бағада», - дейді Дәулен Әбдірахманов.
Мұны жарнама деп қабылдамаңыз, ақиқаты осы. Бұл Кеден одағы елдері заңдарындағы сәйкессіздік пен саңылаулар. Жұрт мүмкіндікті пайдаланып қалмағанда қайтсін.
«Біздің азаматтар көлікті заңға қарама-қайшы кіргізіп отыр. Соны айту керек, біріншіден. Осы көліктерді негізі олар әкелмеуі керек болған. Өйткені бұл заңға қайшы», - дейді қазақстандық автобизнес қауымдастығының техникалық реттеу жөніндегі директоры Ербол Сейпілов.
Отандық автоөндірушілердің базынасы әлбетте орынды. Кез келген мемлекет әуелі өзінің ішкі нарығы мен өндірісін қорғауға мүдделі. Тек жұрттың сұрағанын бере алса ғой.
«Халық шетелден сәл ескірген болса да сапалы, жақсы көлік мінгісі келеді. Ондайлар бар. Тіпті, мына көршілес Қырғызстанның өзінде бірінші қаңтарға дейін жеңілдік кезеңі. Соның өзінде олар жақсы көліктерді кіргізіп үлгерді»», - дейді журналист, блогер Олжас Оқас.
«Кедендік одақта біз шетелдің көліктерінің барлығына кеден баждарын көтеріп жібердік те, олар қолжетімсіз болмай қалды. Нәтижесінде біздің қалтасы көтермеген азаматтар шетелдік ескі көліктерді алуға мәжбүр. Немесе Ресейдің бәсекеге қабілетті емес темір-терсегін сатып алуға мәжбүр», - дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.
Ал еліміздің ішкі істер министрлігі көктемде сырттан әкелініп жатқан көліктерді уақытша тіркеуге қою мәселесін көтерген еді. Себебі олар еш тіркеуде жоқ. Заңдағы шикіліктер оны кіргізуге мүмкіндік беріп отыр.
«Қазақстанға кіргеннен кейін, сәйкесінше, сіз Қазақстанның азаматы болып есептелесіз. Арменияның нөмірімен айдап жүрсіз, ол дұрыс па? Ешқандай кедендік тазалаудан өткен жоқсыз. Ешқандай мемлекеттік баж төлеген жоқсыз. Ешқандай салықтың айырмасын төлеген жоқсыз. Сөйтіп шетелдің автокөлігін басқарып жүрсіз, - дейді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің өкілі Ақтоты Боранова.
Ал бұл олардың қимыл-қозғалысын бақылауға кедергі. Яғни шетелдік көлік біздің құқықтық кеңістіктен сырт қалуда. Тиісінше келеңсіздіктер де көп дейді. Мәселен. Шетелдік нөмірлі көліктердің қатысуымен мыңға жуық апат тіркелген. 58 адам қаза болып үш жүзден астамы жараланыпты. 73 мың рет жол ережесі бұзылған. 817 млн тг айыппұл салыныпты. Оның 765 млн-ы әлі төленбеген.
Міне, ішкі істер органдарының шымбайына батып отырғаны осы мәселе. Тіркеудің болмауы себебінен олардың нақты есебін де жүргізу қиын.
«Қылмыстық орта үшін заңдағы осы бір саңылау таптырмас мүмкіндік болуы мүмкін. Себебі Армениядан көлік әкел де, заңға қайшы тірлік жасап, сосын көлікті лақтыра сал. Ал тауып көр. Таба алмайды. Неге, өйткені біз шекарада тіркеу жасамаймыз. Міне, мәселе қайда жатыр», - дейді мәжіліс депутаты Павел Казанцев.
Ал отандық автоөндірушілерді басқа мәселе алаңдатады. Дәл қазір ана көңілі балада, бала көңілі далада қағидасы орнап тұр. Елдегі көлік құрастырушылар жұртты қайтсе отандық автомобильмен қамтимыз деп бас қатырса, жұртыңның назары арменияда».
«Арменияда күніне 300-350 көлік рәсімделеді. Соның 60-70 пайызы қазақтар болады», - дейді көлік иесі Дәулен Әбдірахманов.
Отандастарымыз неліктен отандық көлікке қайырылмайды? Себебі баға қымбат. Кедендік алым, утилизациялық шығын. Бұл біздің, біздің-ау деймін, Еуразиялық экономикалық одақтың ноу-хауы. Яғни өз ішкі нарығын сыртқы импорттан қорғау үшін енгізілген салық. Алайда оны ешкім төлегісі келмейді.
Қозғалтқыш көлемі 1-2 литрге дейінгі көлік үшін 794 150 теңге төлеуіңіз керек. 2-ден 3-ке дейінгі көлемдісі үшін – 1 млн 134 мың 500 теңге, ал 3 литрден жоғары көлем үшін 2 млн 609 мың 350 теңге төлеу міндет.
«Бізде утилизациялық алымды, бәрін кішкене төмен бағада жасаса. Әйтпесе қай қазақ жол жүріп, қаншама шығындалып, 4 мың шақырымға барғысы келеді? Бізге қолжетімді қылып берсе, сол ақшаны өзіміздің Қазақстанға төлегеніміз артық еді. Мысалы, қаншама адам барады, сол көлікке әр қазақ 7-8 мың доллар тастап кетеді. Баж салығын арзан қылса жақсы болар еді. Өзіміздің мемлекетке қаншама ақша кіргізетін едік», - дейді Дәулен Әбдірахманов.
Қанша ақша кіргізуге болады. Нақты сандармен емес, қазақша жобалап есептей салғанның өзінде, шамамен былай. Бір көліктің құнын орташа 7 мың доллар деп алсақ, Армениядан, Ресейден, Грузиядан, Қырғызстаннан кірген көліктердің жалпы саны 100 мың делік. 100 мыңды 7000-ға көбейтсек, нәтижесі – 700 млн доллар. Біздің ақшаға шақсақ, шамамен 270 млрд теңге. Яғни осыншама қаражат елде қалмай, қыр асып кетіп отыр.
Бұл ақшаны отандық өндірісті қолдауға, немесе несиені субсидиялауға бағыттауға болмас па деген ой туындайды. Отандық көлік құрастырушылар болса, төл өнімді көбейтпей мәселе шешілмейді дейді.
«Отандық көліктердің локализациясын жоғарылату керек. Локализация жоғарылаған сайын, көліктердің бағасы түседі», - дейді қазақстандық автобизнес қауымдастығының техникалық реттеу жөніндегі директоры Ербол Сейпілов.
Енді қызықты қараңыз. Саясаттанушы Расул Жұмалы біздегі құрастырушыларды, тіпті, отандық автоөндіріс деп санауға болмайды дейді. Айтуынша ондағы 20 пайыз деп жүрген біздің үлес бос сөз дейді.
«Мысалы Өзбекстанда «Уздэо», бұлардың 40-45 пайызы Өзбекстанда жасалған. Ал біздегі «Автопром», «Азия авто» басқасы болсын, бұл тек қана құрауыштар. Дайын көліктерді лего сияқты алып келіп, құрастырады да, өзіміздің өнім деп шығарады. Яғни бізде автоөндіріс болмаса, бұл салада өзіміз қолдайтын біздің автоөндірушілер жоқ деген сөз. Олай болса, біздің азаматтарымыз неліктен ресейлік көліктерді сатып алуға мәжбүр болуы тиіс?» - дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.
Яғни біздің елде көлік құрастырып жатырмыз деп айқайламай-ақ қоя салсақ болмай ма дегенге саяды. Себебі олар халықтың емес, мүдделі топтардың ғана қалтасының қамы деп ұқтық. Ал шетелден әкелініп қойған көліктер қайтпек?
«Біз қазір ең алдымен тіркеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Тіркеуді жүзеге асырсақ, көлік шекарадан кірген бойда ол туралы және иесі туралы мәліметтер барлық тиісті мемлекеттік органдарға жетеді. Бұрын осы мәліметтер базасының біркелкі болмауы тіркеу нормасын енгізуге мүмкіндік бермеді», - дейді мәжіліс депутаты Павел Казанцев.
Бұл әзірге қазір заң шығарушылар мен мүдделі меморгандар жасап жатқан жұмыс. Алдағы жылдан бастап тіркеуге қойсақ, одан соң біртіндеп барып, жеке атқа аудару, кедендік тазалау, утилизация алымы тағы басқа мәселелер шешіле жатар дейді. Айтпақшы утилизациялық алымды азайту мәселесі де қарастырылып жатыр екен.
«Жедел профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Немесе арнайы профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Сол кезде кеден салық мекемелерінің қызметкерлерімен бірлесіп, рейдтік жұмыстар жүргізіледі. Соның барысында анықталып, біздің елімізден шығару шаралары жүргізілетін болады», - дейді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің өкілі Ақтоты Боранова.