Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскеменнің экологиялық жағдайын жақсартуға 10,5 миллиард теңге бөлінбек

зауыттар жұмысын тоқтаттыФото: Видеодан скрин

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов брифингте  Өскемендегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жұмыстар туралы мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әкімнің айтуынша, Өскемен қаласында ауаны ластайтын негізгі үш фактор бар:

-    автокөлік шамамен 58%;
-    өнеркәсіптік кәсіпорындар  шамамен 32%;
-    жеке сектор (пешпен жылыту)  шамамен 10%.

Сақтағановтың айтуынша, Өскеменнің экологиялық жағдайын жақсарту үшін билік үш жылдық жоспар әзірлеген. Бұл жоспарды жүзеге асыруға 10,5 млрд теңге бөлінеді. Бағдарлама аясында жергілікті билік пен ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар арасында меморандум жасалған.

"Экология департаментінің мамандары кез келген уақытта кез келген өнеркәсіп кәсіпорнының аумағына кіріп, өлшеу жұмыстарын жүргізе алады. Қажет болған жағдайда кәсіпорындар өндіріс көлемін төмендетеді. Мәселен, жақында Казцинк металлургия өндірісін 20 пайызға, мырыш өндірісін 50 пайызға қысқартты", – деді әкім.

Сонымен қатар қалада 25 стационарлық бақылау бекеті орнатылып жатыр. Олардың көмегімен шығарындылардың қайдан шыққанын дәл анықтауға болады.

"Бұдан бөлек, біз жеке секторды орталық жылумен жабдықтауға қосуды жоспарлап отырмыз. Қазір 36 мың жеке үй бар, олар пешпен жылытылады және олардың шығарындылары жалпы көлемнің шамамен 10 пайызын құрайды", - деді Сақтағанов.

Өңір басшысының айтуынша, экологиялық айыппұлдар мен эмиссиялар үшін төленетін қаражат толықтай экологиялық мәселелерді шешуге беріледі.Соңғы үш жылда эмиссиялардан түскен қаражат көлемі  12 млрд теңге, және оның барлығы экологияны жақсартуға жұмсалған.

Әкім өңірді экологиялық апат аймағы деп жариялау керек деген сауалға да жауап берді.

"Бұл мәселе қарастырылмайды. Біздің тәсіліміз жүйелі жұмыс. Бұл қоршаған ортаны қорғау бойынша жоспарымызды іске асыру. Біз өнеркәсіптік кәсіпорындардан тазарту жүйелерін жаңғыртуды, тиімділігін арттыруды, жаңа фильтрлер сатып алып орнатуды талап етуді жалғастырамыз. Жеке секторды орталық жылуға қосу мәселесін шешеміз. Бұлардың барлығы өз нәтижесін береді. Алдағы 4–5 жылда біз мүлде басқа экологиялық жағдайда өмір сүретін боламыз", – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде зауыттар қаланы тұмша басуына байланысты жұмысын бәсеңдеткен еді.

Рая Мінәп
Бейсенбі, 20 Қараша, 2025 14:05
Талқылау