Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омар сотта өз кінәсін толық мойындады

Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Шығыс Қазақстан облысы орталығының бұрынғы әкімі, кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Жақсылық Омарға қатысты іс бойынша сот отырысы өтті. Ол өз кінәсін толық мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Экс-шенеунікке “Алаяқтық” және “Аса ірі мөлшерде пара алу” екі бап бойынша айып тағылды.
Біріншісі, Жақсылық Омардың Өскемен қаласының әкімі болған кезеңіне қатысты. Айыптау нұсқасы бойынша, тергеу оны жәбірленуші деп таныған тұлғадан қаланың кәсіпорындарының бірінен материалдық көмек ретінде автокөлік алу үшін сұраныс рәсімдеуді сұраған. Ол бұл өтінішті орындап, 2021 жылы шығарылған Toyota Camry 75 автокөлігін алған.
Оның айтуынша, кейін ол бұл көлікті қалалық әкімдікке айдап барып, кілтін тапсырып, содан кейін оны қайта көрмеген. Кейін автокөлік үшінші тұлғаның атына рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңарақ үлгіге ауыстырылған, оны айыпталушы пайдаланған.
Осылайша, жәбірленушіге 13 миллион теңге көлемінде залал келтірілген. Ал Жақсылық Омарға қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 1, 2-тармақтары (Ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша айып тағылды. Сот отырысында жәбірленуші өзіне келтірілген шығынның өтелгенін және ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеді.
Екінші жағдай ақпан айының басында болған. Іс материалдарына сәйкес, Жақсылық Омар қалалық әкімдік қызметкерлерінің бірімен кездесу барысында одан 20 миллион теңге әкелуді сұраған. Айыпталушының айтуынша, бұл талап емес, жай ғана өтініш болған. Алайда айыптау тарапы мұны жалпы қамқорлығы үшін пара алу деп бағалаған.
Әкімдік қызметкері мұндай әрекеттің заңға қайшы екенін түсініп, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгінген. Арнайы қызметтердің бақылауымен ол Жақсылық Омармен қайта кездесіп, ақшаны бөліп-бөліп беруді ұсынған, ал ол бұған келіскен. Сол күні үшінші тұлға арқылы күдіктіге қолма-қол 6 миллион теңге берілген. Күдіктіні тұрғылықты жерінде және жұмыс орнында ұстау кезінде 5,6 миллион теңге табылды.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Оның қорғаушылары бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Олар туыстары айыппұл төлеуге қажетті соманы жинап қойғанын мәлімдеді. Қаржылық мүмкіндігін растау үшін 113 миллион теңге көлеміндегі есепшот ұсынылды.
Қылмыстық іс бойынша келесі сот отырысы 26 наурызға белгіленді.
Бұған дейін Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омарға екі қылмыстық іс бойынша айып тағылғанын жазған едік.
"Тапсырыс жоқ, қарыз көбейді": Қазақстандық кәсіпкердің жаңа салық реформасының кесірінен бизнесі шығынға батқан