Өскеменде жасөспірімдер 12 жасар қызды аяусыз соққыға жыққан
Фото: depositphotos.com
Өскеменде қала орталығында жасөспірімдер 12 жасар қызды ұрып-соғып, ол ауруханаға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 9 маусым күні сағат 17:30 шамасында болған. Аталған жағдайды әлеуметтік желіде белсенді Александра Исмаилова хабарлады.
Белсенді және зардап шеккен қыздың анасының айтуынша, оған 11-15 жас шамасындағы үш жасөспірім шабуыл жасаған. Олар оның беті мен басынан ұрып-соққан. Нәтижесінде қыздың миы шайқалып, көзілдірігінің сынуынан беті жараланып, ауруханаға түскен. Баланың анасы оның бетіндегі жаралар терең, ауыр тыртықтар болуы мүмкін екенін айтты.
Белсенді Александра Исмаилова шабуыл болған субұрқақтың жанында бірнеше бақылау камералары бар екенін жеткізді. Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті баланың соққыға жығылғаны туралы ақпаратты растап, жанжалға қатысушылардың бәрі анықталғанын хабарлады.
"Олардың жеке басын анықтауға жеке құрам жұмылдырылды. Куәгерлерден жауап алынып, оқиға орнындағы бейнебақылау камералары қаралды. Олар ата-аналарымен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында әрбір адамға құқықтық баға беріледі", – делінген полиция хабарламасында.
Полиция мәліметінше, шабуыл жасағандардың ата-анасы балаларын тәрбиелеу бойынша өз міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапқа тартылады. Сонымен қатар полицейлер әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға ұсыныс жібереді.
Айта кетейік, бұған дейін Желіде Петропавлда оқушы қыздың аяусыз соққыға жығылғаны түсірілген видео тарағаны туралы жазған едік.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
