Өскеменде әткеншектен құлап қайтыс болған 8 жастағы баланың тәрбиешілері рақымшылыққа ілінді
Фото: Видеодан скрин
Шығыс Қазақстанда лагерьде қараусыз қалып, саябақта әткеншектен құлап жарақат алып, қайтыс болған балаға қатысты іс бойынша тәрбиешілерге үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шығыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиісінше орындамай, оның салдары бала өліміне әкеп соққан (қылмыстық кодекстің 141-бабы 2-бөлігі) қылмыстық іс қаралды.
Сот анықтағандай, 2024 жылғы 11 шілдеде Өскемен қаласының тұрғыны екі баласын күндізгі топқа әкелген. Тәрбиешілер балаларды тиісті келісімшартсыз қабылдап, олардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікті өз мойындарына алған. Іс материалдарына сәйкес, тәрбиешілер нұсқаулықты бұзып, алдын ала қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізбестен, 6-10 жас аралығындағы 27 баламен бірге “Сәулетай” саябағына барған.
“Серуен кезінде бала қараусыз қалып, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ақаулы әткеншекке мініп, құлап, дене жарақатын алған”, – деп мәлімдеді сот.
Бала 11–23 шілде аралығында медициналық мекемеде ес-түссіз жатып, 12 күннен кейін қайтыс болды.
Айыпталушылар кінәларын мойындамады, бұл жағдайды жазатайым оқиға деп санап, ақтау үкімін шығаруды сұраған. Сот айыпталушылардың кәмелетке толмаған балаларының бар екенін ескерді. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.
Сот тәрбиешілерді кінәлі деп танып, оларға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оларды сол мерзімге педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметтерден шеттетті.
Алайда 2025 жылғы 23 маусымда қабылданған “Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы” Заңның негізінде, сот оларды негізгі жазадан босатты. Азаматтық талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, Өскеменде “Счастливая жизнь” лагеріндегі ұзартылған күн тобында оқып жүрген 8 жастағы Арсений 11 шілде күні ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған әткеншектен құлап қайтыс болған еді. Арсенийдің әкесі қайғылы жағдайдың қалай болғанын әлеуметтік желідегі парақшасында айтып берді.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
