"Мамасының баласы", "Поле Чудес": Мәжілісте анасын құттықтаған Ардақ Назаров қазақстандықтардың күлкісіне қалды
Фото: parlam.kz
Мәжілістің жалпы отырысында анасын туған күнімен құттықтаған Ардақ Назаров көпшіліктің сынына ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
10 қыркүйекте өткен мәжіліс отырысында депутаттық сауал қою үшін микрофон сұраған депутат сөзін анасын туған күнімен құттықтаудан бастаған еді.
“Мәжілісте сәлем жолдау бағасы қанша екен”
Дегенмен оның бұл әрекетін желі қолданушыларының көбі күлкіге айналдырды.
"Енді біреу парламент отырысында сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасаса таңғалмаңыз", “Желтоқсан айында туған күнім еді. Мәжіліс құттықтауына қалай жазылса болады”, "Айтпақшы, сәлем жолдау қанша тұрады екен? Ән арнауға бола ма?", “Ардақ Назаров 1 айдан кейін: “Үйдегі мысығымды асырағанға 1 ай болып еді, құттықтап жіберсем бола ма”.
“Қазақстан парламентінен микрофон сұраймын. 838 туысым, құдам-енем, таныстарымның әрқайсысын жеке құттықтауым керек. Себебі күн сайын олардың кемінде елуінде жақсы жаңалықтар болады", "Дәл осы орында айғайлап, балағаттап бір әйел отырса әлдеқайда пайдасы тиер ме еді".
“Баяғыда ХХІ ғасыр көшбасшысы деген бағдарламада қатысушылар: “осы сәтті пайдаланып, ата-анама, достарыма жалынды сәлем жолдаймын” деп айтатын еді ғой. Сол бағдарламаны Ардақ Назаров көп көріп қойған-ау”, – деп жазды көпшілік.
Тағы бірі депутат мәжіліс отырысын "Поле Чудеске" айналдырып жібергенін жазды.
Сондай-ақ анасын туған күнімен құттықтау үшін депутаттыққа түскен шығар дейтіндер де табылды.
“Құттықтап, көңілі толып, тынышталар. Тиіспеңдер балаға. Кедергі болмаңдар. Ол өзіне де, анасына да жақсы орын дайындап жатыр. Жұмыс істеп жүріп құттықтамаса, қашан құттықтайды. Ешкімге құлақ аспа, тек анаңды тыңда. Анасының ботақаны".
“Назаров десе Назаров екен. Тоқаевтың "ұрысқақ әйелдер" туралы сөзінен назарды бұрып жіберді”, – деді олар.
“Бұл кәсібилікке жатпайды”
Ал желі қолдануышалырының бір тобы депутаттың әрекетін кәсібилікке жатпайды деп айыптады.
"Мұндай адамдар мәжілістің абыройын түсіріп жатыр. Заңды талдау, ұсыныс айту қайда қалды сонда? Жай ғана елге көрініп қалу үшін сөйлеп, басқа депутаттарды күлкіге қалдырып жатыр".
“Ана туралы адами һәм жүрек тебірентер жылы сөзбен сірескен жүйені сүйкімді етемін, қатайған шенеунік образына тосын сөз айтып, елді бір сүйсінтем, деп ойлап қалған ғой. Депутат ретінде айтқан ұсынысы мен көтерген мәселесі көптің көңілінен шығып жатса, ел "осының арқасында үніміз көпке естіліп жатыр ғой" деп білсе, тап мұндай сын мен мазаққа қалмас еді-ау. Әйтпесе біз, қазақтар, кешірімдіміз ғой. "Батыр аңғал келеді" десек те, әйтеуір ақтап алар едік”.
"Бұл әрекет кәсібилікке жатпайды. Мұндай сөзді тіпті қарапайым жұмыс жиналысында да айтпайды. Ал бұл тұтас парламент отырысы ғой!","Парламентте кімдердің отырғанын өз көзімізбен көрдік. Бұл мүлде кәсібилікке жатпайды. Ол өзі қайда отырғанын ұғып тұр ма? Ол сөйлеген кезде, оны тоқтатқан ешкім жоқ. Бәрі жай өзара әңгімелесіп отырғандай әсер қалдырады. Ал дәл осы уақытта мемлекет терең дағдарыста жатыр".
"Жалпы, мәжіліс төрінде анасын құттықтап, парламентті Instagram-мен шатастырып алған Ардақ мырза, лауазымын асыра пайдаланғаны үшін сайлаушылардан кешірім сұрауы тиіс. Мәжіліс төрағасы депутатқа қатаң сөгіс жариялайды деп үміттенемін. Бәрімізде анадан туғанбыз, бірақ анадан да қасиетті дүние бар. Ол Отан".
“Ардақ депутат халық жақсы қабылдап, мақтайды деп ойлап қалды-ау. Осы жерден бастап үлкен қате кетті ғой. Қазір біршама адамның көңіл көзі, көкірегі ашық, алдай алмайсың. Алдаймын деген жан, асылы өзі ұтылады түбінде… Ел қамын “шынайы” күйттейтін азаматтар қашан барар екен ол орынға?”, – деп күйінді көпшілік.
Кейбірі бұл идеяның әрі қарай жалғаспайтынына үміттенді.
"Джиу-джитсудан бұрынғы чемпион, мәжіліс депутаты Ардақ Назаров тікелей эфирді пайдаланып, анасын туған күнімен құттықтады. Мұндай жағдай парламент тарихында бірінші рет болып отыр. Ең бастысы бұл идеяны бәрі іліп әкетпесе болды. Өйткені туыс пен дос көп қой. Сол кезде парламент емес, “тілек қабылдайтын радиоға” айналып кетуі мүмкін", – дейді желі қолданушысы.
Назаровтың құттықтауын ресейлік БАҚ та байқады. Белгілі журналист әрі жүргізуші Ксения Собчак депутаттың әрекетін “анасына деген бір сәттік махаббат“ деп атады.
Пайдаланушылардың бірі әзіл ретінде видео түсірген. Онда ол мәжіліске қоңырау шалып, "мерекені қашан келіп атап өтуге болады?" деп сұрайді.
“Қолымнан келсе Президенттік мінберде тұрып құттықтар едім”
Ал енді бірі Назаровтың әрекетін жақтап, оның бұдан бөлек атқарып жатқан жұмысы көп екенін жеткізді.
“Ардақ Назаров мәжілісте отырып анасын құттықтапты” деп хейт кетіп жатыр. Онда тұрған не бар? Құттықтаса анасын құттықтады. Біреуді даттап, біреуді қараламады. Ол кісіні бұрыннан білемін. Елге үлгі болып жүрген қарапайым ағалардың бірі. Instagram парақшасын қазір қарап шықтым. Атқарылып жатқан жұмыстары да жетеді екен”.
“Ардақ Назаров жайлы: оның санасы, дәрежесі, қоғамдық статусы мен үшін маңызды емес. Парламентте отырып анасын құттықтаса несі айып? Ана – ең ұлы жан. Моральдық нормаларды тек "белгілі бір жерде" орындау керек деген ереже қайда жазылған? Қолымнан келсе президенттік мінберде тұрып, анамды туған күнімен құтықтар едім”.
"Назаровтың анасын құттықтауын жарыса талқылап жатқандар парламент отырысын үзбей бастан аяқ қарап жүретіндер ме екен? Құттықтады, сол жер рұқсат берген ақыры. Болды ғой. Оның жыр қылатын несі бар. Дәл сол құттықтау мандаттан алып тастауға себеп емес секілді".
“Анасын құттықтаса несі айып. Жылына бір келетін мейрамы ғой. Таққа отырғаны әуелі Алла, екінші анасының маңдай тері дұғасы емес пе. Құттықтасын. Жарайсың нағыз азамат”, – деп жазысты көпшілік.

"Екі күйеу жігіттің де есімі – Нұрсұлтан": Алматылық әпкелі-сіңлі бір күнде ұзатылып, ерекше той жасады
