Қазақстан үкіметі қазақстандық кәсіпкерлерге берген уәдесін неге орындамады?

Қазақстандық кәсіпкерлер Қаржы министрлігіне қайтадан наразылық білдіруде. Бұған дейін шағын бизнес өкілдеріне 2026 жылдан бастап "таза парақтан" бастауға мүмкіндік беріледі деп уәде етілген еді. Алайда іс жүзінде көптеген компаниялардың айыппұлдары мен өсімпұлдары кешірілмеген. Мәселенің мән-жайын Stan.kz тілшісі анықтады.
Министрлік тағы да созбалаңға салды
"Таза парақ" туралы уәде былтыр қарашада айтылғанымен, нақты ережелер тек қаңтардың ортасында жарияланды. Оны бекітуге тағы бір ай кеткен, бұйрық 26 ақпанда ғана күшіне енді. Ал қарыздарды есептен шығару жұмыстары наурызда әрең басталды. Осы аралықта кәсіпкерлер шығынға батты. Кәсіпкерлердің қарыздарына байланысты мәмілелер тоқтады, есепшоттары бұғатталды. Айта кетейік, "Таза парақ" мемлекет ұсынған жеңілдік. Яғни кәсіпкерлер бұрынғы салық қарыздарын реттеп, айыппұл мен өсімпұлдан құтыла алады. Алайда мұндай жеңілдік іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқаны кәсіпкерлер арасында түрлі сұрақ туғыза бастады.
“Өсімпұл есептен шықпай, шоттарымыз бұғатталды”
Кәсіпкер Шолпан Жұмабаеваның айтуынша, жеңілдік олар күткендей жұмыс істемей жатыр. Әйел өсімпұлды есептен шығару орнына, керісінше шоттарының бұғатталғанын айтады.
"Өсімпұл туралы айтайын. Жеке кәсіпкерде 2026 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша өсімпұл болған. Негізгі қарыз ақпан айының басында толық жабылған. Бірақ 13 ақпанға дейін өсімпұлды төлеу қажет екені туралы бірде-бір хабарлама келген жоқ. Тек 13 ақпанда құжат рәсімделіп, дәл сол күні өсімпұлды төлеу туралы хабарлама келді. Ал өсімпұлды есептен шығару туралы хат 26 ақпанда ғана күні күшіне енеді. Алайда хабарлама бойынша төлеу мерзімі 27 ақпан жыл болып белгіленген. Біз eOtinish арқылы хабарламаға шағым жаздық", – дейді Шолпан Жұмабаева.
Шолпан Жұмабаева салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі (ИСНА) дұрыс жұмыс істемей жатқанын айтты. Оның сөзінше, "Таза парақ" бағдарламасына сүйеніп түсіндірме берілгенімен, 27 ақпанда шоттағы қаражатқа шектеу қойылған. Салық органындағылар бұл мәселені комиссия 10 сәуірге дейін қарайтынын жеткізген.
“Таза парақ” бәріне бірдей емес болып шықты”
Үкімет 1 қаңтарға дейін есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдар негізгі қарызды наурыз айының соңына дейін төлеген жағдайда есептен шығарылатынын мәлімдеген еді. Бұл шара шағын бизнеске қосымша қаржылық шығынсыз ескі қарыздарын жабуға және қарыз жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді деп айтылды. Алайда ережелерде бірқатар түсініксіз сұрақтар бар болып шықты.
Алматыдағы кейбір кәсіпкерлер "таза парақ" бағдарламасына іліге алмады. Ережедегі шектеулерге байланысты олар айыппұл мен өсімпұлдан босатылмай отыр.
“Біз ережедегі бір ескертпеге байланысты “амнистияға” ілінбей қалдық. Қарызды есептеген тексеру нәтижесі туралы хабарлама 17 қарашада берілген. Біз негізгі қарызды қаңтарда төлеп қойдық және айыппұл мен өсімпұл есептен шығарылады деп сенімді болдық. Бірақ бізге бас тартты. Себебі ережеде 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша дербес шотта тіркелген өсімпұл ғана есептен шығарылады деп көрсетілген. Ал біздің жағдайда қарыз дербес шотта Жаңа жылдан кейін ғана пайда болды. Өйткені салық органдары бізге берілген хабарламаға 30 жұмыс күні ішінде шағымдану мүмкіндігін күткен. Сондықтан біз айыппұл мен өсімпұлды төлеуге мәжбүр болдық. Мұны қисынсыз әрі әділетсіз деп санаймын. Егер үкімет бизнеске қолдау көрсетуді көздесе, мұндай олқылықтарды ережеде алдын ала ескеруі керек еді", – дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ есептелген қарыз туралы хабарламаларға шағымданған кәсіпкерлер де айыппұл мен өсімпұлды есептен шығару құқығынан айырылған.
"Айыппұлды сотта дауласа, онда ол айыппұл кешірілмейді"
Бұдан бөлек қаржы сарапшысы Екатерина Ким де "жеңілдетілген салық аясындағы заң" аясында тағы бір түсініксіз жағдайға тап болғанын айтады. Оның сөзінше, бастапқыда барлық айыппұл кешіріледі делінгенімен, кейін сот арқылы қаралған айыппұлдар бұл тізімге кірмейтіні белгілі болған.
"Бізге "275-бап бойынша салынған айыппұлдар кешіріледі, ең бастысы, олар жеке шотта тұрса болды" деп айтылды. Бірақ кейін белгілі болғандай тек мемлекеттік кірістер органдары салған айыппұлдар ғана есептен шығарылады екен. Ал егер кәсіпкер өз құқығын пайдаланып, айыппұлды сотта дауласа, онда ол айыппұл кешірілмейді. Яғни ештеңе істемей, айыппұлды сол күйі қалдырғандарға ғана жеңілдік беріледі. Ал сотқа жүгінгендер бұл мүмкіндіктен айырылып отыр", – деп ашуланды қаржы сарапшысы Екатерина Ким.
Сонымен қатар ол осы жағдайға қатты таңданып отырғанын айтып ашуланып отырғанын да жасырмады.
"Мен шок күйде отырмын... Осындай жағдайды қазір ғана біліп отырмын. Ал мыңдаған адам айыппұлдары кешіріледі деп күтіп отыр... Міне, "Таза парақ" аясында мемлекеттік кірістер комитетінен келген осындай "сыйлық". Мен ашуландым ба? Әрине, қатты ашуландым. Өйткені тағы да кәсіпкерлердің құқығы аяққа тапталды. Егер уәдені орындай алмасаңыздар, неге әдемі сөз айтып, уәде бересіздер?" –дейді Екатерина Ким.
Мемлекеттік кірістер комитеті бұған қатысты Екатерина Кимге түсініктеме беріпті. Комитеттің мәліметінше, сотта қаралған айыппұл мен соттың өзі салған айыппұл – екі түрлі ұғым. Соттың өзі салған айыппұлдарды мемлекеттік кірістер органдары есептен шығара алмайды, өйткені мұндай айыппұлдар енді салық органдарына емес, сотқа тиесілі болып саналады. Ал егер мемлекеттік кірістер органдары салған айыппұл сотта дауланып, бірақ оның күші жойылмаса, онда мұндай айыппұлдар есептен шығаруға жатады екен.
"Мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары тоқтатылады – Министрлік"
Осы мәселе бойынша редакция тілшісі мемлекеттік кірістер комитетіне сауал жолдады. Сауалда не себепті кей кәсіпкерлердің шоттары бұғатталып, айыппұл мен өсімпұл өндіріліп жатқаны және өндірілген сомалар кәсіпкерлерге қайтарыла ма деген сұрақтар қойылды. Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитеті аудит департаментінің директоры Қадыр Исмағұловтың мәліметінше, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару тетігі туралы ақпарат 2025 жылдың соңында кәсіпкерлерді салықтық қолдау шаралары жөнінде алдын ала хабардар ету үшін жарияланған.
"Ал тиісті бұйрық Қазақстан заңнамасына сәйкес белгіленген рәсімдерден өткеннен кейін ғана қабылданған. Атап айтқанда, құжат жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, ашық талқылау үшін арнайы порталдарда жарияланып, кейін Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен. Осы рәсімдердің барлығы құжаттың заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет болғандықтан, Қаржы министрінің бұйрығы 2026 жылдың ақпан айында ғана ресми түрде бекітіліп, жарияланған", – деп жауап берді Қадыр Исмағұлов.
Ведомство өкілі кәсіпкерлердің негізгі салық қарызын өтегеніне қарамастан шоттарының бұғатталып, айыппұл мен өсімпұл өндіріліп жатқаны туралы шағымдарына қатысты да түсініктеме берді.
"Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары Салық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Кей жағдайларда шектеу шараларының сақталуы бұрын шығарылған қаулылардың болуымен немесе есептен шығару қағидаларына жатпайтын берешектің болуымен байланысты болуы мүмкін. Негізгі салықтық міндеттеме толық өтеліп, белгіленген талаптар сақталған жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдар жойылады, ал мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары тоқтатылады", – деді аудит департаментінің директоры.
Кәсіпкерлерді алаңдатқан тағы бір мәселе 2026 жылдың басынан бері салық органдары өндіріп алған өсімпұлдар мен айыппұлдардың тағдыры. Бұл сұраққа қатысты комитет өкілі олардың қайтарылу тәртібі мен есептен шығару тетігінің қолданылуы жөнінде толығырақ түсіндірді.
"Егер өсімпұлдар мен айыппұлдар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап есептен шығару тетігі нақты қолданылғанға дейін өндіріліп алынған болса және бұл берешек есептен шығару шарттарына сәйкес келсе, мұндай сомалар Салық кодексінде белгіленген тәртіппен қайтарылуы мүмкін. Артық өндірілген қаражат салық төлеушінің өтініші негізінде қайтарылады немесе алдағы салықтық міндеттемелер есебіне есепке жатқызылуы мүмкін. Өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару тетігі Қаржы министрінің 2026 жылғы 13 ақпандағы №13 бұйрығы күшіне енген күннен бастап қолданылады және 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға таралады", – деп пікір білдірді комитет.
Сонымен бірге комитет аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының әрекеттеріне бақылау жүргізілетінін атап өтті. Егер кәсіпкерлер тарапынан заңсыз әрекеттер немесе есептен шығару тетігін қолданудан бас тарту туралы шағымдар түссе, олар Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарына сәйкес қаралатынын мәлімдеді.
"Салық берешегін тексеру, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару тәртібі және салық органының шешімімен келіспеген жағдайда қайда жүгінуге болатыны туралы салық төлеушілер берешек туралы ақпаратты салық төлеушінің жеке кабинеті, мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық сервистері немесе тіркелген жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына жүгіну арқылы тексере алады. Есептен шығару қағидаларына сәйкес микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша дербес шотта тұрған өсімпұлдар мен айыппұлдар, сондай-ақ негізгі салық берешегі өтелген жағдайда есептелген өсімпұлдар жойылуы мүмкін. Мұның негізгі шарты – кәсіпкерлердің 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында салық берешегін толық өтеуі", – деді аудит департаментінің директоры Қадыр Исмағұлов.
Комитет өкілінің дерегінше, салық төлеуші салық органының әрекетімен келіспеген жағдайда жазбаша түрде мемлекеттік кірістер органына, e-Otinish жүйесі арқылы, жоғары тұрған органға немесе сотқа шағымдануға құқылы.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған