Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өртеп жібереміз деп қорқытты": Түрменің жанында тұратын өскемендіктер өмірлеріне алаңдайтынын жеткізді

Өскеменде тұрғындар түзету мекемесімен көрші болудың қауіпті екенін айтты. Сөздерінше, мекеме аумағына рұқсат етілмеген заттарды лақтырғысы келетін азаматтар көптеп келеді. Ал тұрғындардың ескертуінен кейін олар үйді өртеп жіберетінін айтып сес көрсеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Astana" арнасына сілтеме жасап. 

Леваневск көшесінің тұрғындары шатырға шығатын жерлерді жабуға мәжбүр. Себебі мұнда түзету мекемесіне рұқсат етілмеген заттарды лақтыратындар жиі келеді екен. Алты метрлік қоршаудан есірткі, алкогольді ішімдік, ұялы телефондар лақтырады.

"Күн сайын келіп, шатырға кіреді. 58-үйде тұратын көршім темір ұстап шыққан еді, "Өртенгің келіп жүр ме?" депті. Бұларға қарсы не істей алсын", – дейді Өскемен тұрғыны Владимир Толкачев. 

Зат лақтырғысы келгендер Қуат Жақыпбаевтың шатырын сындырған соң, мәселені шешкісі келген. Полицейлерді шақыратынын айтыпты. Алайда олар Қуаттың әйелі мен балаларын үйде қамап, көлігін өртеп кеткен.

"Мен олармен күрескім келді, сол күні қуып жібердім. Бір сағаттан кейін көлігім жанып кетті", - деді Қуат Жақыпбаев. 

Шақырылмаған қонақтардан қорғану үшін тұрғындар қоршауға үшкір темірлер қағып, тікенді сым тартқан. Бірақ бұл оларды тоқтатпайды екен. Прокуратура мен полицияға арыз түсірген. Полицейлер маңайды бақылағанымен, тәртіп бұзушыларды ұстау мүмкін болапты. 

"Өткен жылы менің көмір сақтайтын орынымда полицейлер кезекшілік етті, бірақ ұстай алмады, екіге бөлініп қашып кетті", – дейді Раиса Жақыпбаева. 

Жергілікті полиция департаментінде заңсыз зат лақтыратындар туралы біледі екен. Жақында осындай азаматтардың бірі ұсталған. Ол есірткі және алкоголь лақтырмақ болған. 

"20 рет түзету мекемесі аумағына заңсыз зат лақтыру дерегі тіркелді. Аталған азаматтар Әкімшілік кодекстің 481-бабы бойынша жауапқа тартылды. Жақында аталған мекемеге 2 кәмелетке толмаған бала есірткі мен алкоголь лақтырмақ болған", - деді ШҚО қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова. 

Полицейлер қауіпті көшеге патруль жіберетінін айтты. Әзірге 20 үйдің тұрғындары өздерін қауіпсіз ауданға көшіру туралы әкімдікке хат жолдаған. 

Назархан Уән
Сәрсенбі, 30 Наурыз, 2022 10:22
Талқылау