Орташа жылдамдықты асырғандарға айыппұл: Қазақстандық жүргізушілер жүйені алдаудың жолдарын бөлісті
4 желтоқсаннан бастап жолдарда орташа жылдамдықты асырған жүргізушілерге айыппұл салатын заң күшіне енді. Желіде кейбір қазақстандық жүргізушілер бұл заңды айналып өтудің жолдарын бөлісе бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengri Auto-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Айта кетейік, көлік құралының орташа жылдамдығы – бұл көлік жүретін республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығының көліктің жүріп өту уақытына қатынасы ретінде есептелетін көрсеткіш. Яғни жүргізушілер А нүктесінен В нүктесіне белгілі бір уақытта жетуі қажет.
Желіде жүргізушілер жолдың белгілі бір бөлігін рұқсат етілгеннен жылдамырақ жүріп өтіп, айыппұл арқаламау үшін бақылау камерасына жетпей, жол жиегінде сағаттап күткен видеоларын бөлісе бастады. Әкімшілік полиция комитеті бұл "лайфхак" жұмыс істемейтінін мәлімдеді.
"Ұзындығы 239 шақырымды құрайтын "Астана-Щучинск" тас жолын мысалға алсақ, оны жүріп өтуге шамамен 2,5 сағат қажет. Бір-бірінен 50-70 километр қашықтықта бүкіл трасса бойымен бақылау аркалары орнатылған. Жүргізушінің осы аркалар арасындағы қашықтықты еңсеру уақыты да есептеледі. Осылайша, жолдың кейбір учаскелерінде жылдамдықты арттырып, соңғы аркаға жеткенде тоқтап, күтудің қажеті жоқ. Бұл сізді айыппұлдардан құтқармайды, өйткені жүйе жылдамдықты жолдың әр бөлімінде бөлек есептейді. Өміріңіз бен қауіпсіздігіңізді ойлаңыз", – делінген әкімшілік полиция комитетінің хабарламасында.
Бұл жағдайда айыппұл арқаламау үшін жалғыз "лайфхак" – жолдың бүкіл бөлігінде орташа жылдамдықты сақтау.
Еске салсақ, бұған дейін 4 желтоқсаннан бастап көлік жүргізушілеріне орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салатын заң күшіне енгені туралы жазған едік.
@abdulaev._.04 #казахстан #штраф #рекомендации #закон #врек ♬ оригинальный звук - Vaxxabova.Y