Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанмен салыстырғанда АҚШ-та бензин 6 есеге дейін қолжетімді: Елімізде бір жалақыға неше литр бензин сатып алуға болады

2020 жылы қазақстандықтар орташа жалақыға қандай бензин көлемін сатып ала алатыны белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Picodi.com порталына сілтеме жасап. 

Сарапшылардың мәліметінше, зерттеуде ТМД және Еуропа елдеріндегі жылдың бірінші жартысындағы бензин бағасы есепке алынған. Салыстырмалы түрде биыл 2019 жылға қарағанда жанармай бағасы әлдеқайда арзан болған көрінеді. Әсіресе Украинада (−15,4 %), Әзірбайжанда (−28 %) және Румынияда (−14 %) бензин бағасы айтарлықтай арзандаған.

Оңтүстік Кавказ елдерінде де жанармай бағасы төмендеген. Атап айтсақ, бензин Арменияда — −10,1 %, Грузия — −2,4 % және жоғарыда аталған Әзірбайжанда −28 %-ға дейін арзандаған. 

Орта Азиядағы жағдай сәл өзгеше. Мәселен, Өзбекстан мен Қырғызстанда жанармай арзандаса, Қазақстан (1%) мен Тәжікстанда (4,5%) қымбаттапты. Көршілес Ресейде де жанармай бағасы 0,8 %-ға өскен. Ең жоғары көрсеткіш Беларусьте көрінеді: мұндай бензин бағасы +12,4%-ға дейін шарықтап кетіпті. 

Айта кетейік, Еуропа мен ТМД елдерімен салыстырғанда бір литр бензиннің ең аз орташа бағасы Қазақстанда тіркелген — 0,42 $ (шамамен 174 теңге). Ал қазақстандықтардың мамыр айындағы орташа жалақысына 923 литр бензин сатып алуға болады екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға жоғары. Ал Швецияда бір литр бензин 1,46 $ (шамамен 609 теңге) тұрса, швециялықтар орташа жалақыларына 1949 литр жанармай сатып ала алады. Қазақстан орташа жалақы мен оған келетін бензин көлемі бойынша Италия (929 литр), Испания (1127 л) және Франция (1462 л) мемлекеттеріне орын беріпті. 

Десек те Орта Азия елдеріне қарағанда Қазақстан бензинге деген халықтың қолжетімділігі жөнінен көш бастап тұр. Мысалы, орташа жалақыға Өзбекстанда 330 литр, Қырғызстанда 329 литр, Тәжікстандан 151 литр бензин сатып алуға болады. Осылайша бұл мемлекеттер рейтингтің соңына орналасыпты. 

Ресейде Қазақстаннан қалып қойған. Мұнда орташа жалақыға 919 литр бензин келеді. 

Төмендегі картадан әлем елдерінде орташа жалақыға қанша литр бензин сатып алуға болатыны көрсетілген:

Кубада орташа жалақыға небәрі 28 литр бензин сатып алуға болады екен. Осылайша кубалықтар рейтингтің ең соңына орналасыпты. Тіпті ең артқы орынға ие болған тәжікстандықтар мен замбиялықтардың өзі орташа жалақыларына кубалықтарға қарағанда 7 есе көп бензин сатып ала алады. 

Көп жағдайда мемлекеттіе мұнай қорының өндірілуі сол елдің бензинге деген қолжетімділігін қамтамасыз етеді деген сөз емес. Мәселен, Африка бойынша мұнай қоры ең көп өндірілетін Нигерияда орташа жалақыға (182 $) 539 литр бензин алуға болады. Осыған ұқсас жағдай Ресей Федерациясында да байқалған. 

Айта кетейік, Венесуэлада жанармай сатып алуға шектеу қойылыпты. Бұл мемлекетте адам басына шаққанда айына 120 литр бензин сатып алуға рұқсат беріліпті. 

Зерттеушілер аталмыш рейтингті құрастырғанда жергілікті министрлік пен globalpetrolprices.com сайтының мәліметтеріне сүйенгенін айтады. Бұған қоса орташа жалақы мен оған келетін бензин бағасын есептегенде төленетін салық та ескерілген. 

 

STAN.KZ
Бейсенбі, 30 Шілде, 2020 15:53
Талқылау