"Орташа айлық 1,2 миллион теңге": Қазақстанда қандай мамандықтар жоғары жалақы алады
Фото: pixabay.com
Қазақстанда жұмыс іздеп жүргендерге Enbek.kz сайтында тамыз айында 240 мыңға жуық бос жұмыс орны жарияланды. Әсіресе жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру саласында мұғалімдер мен тәрбиешілерге сұраныс күрт артқан. Бұдан бөлек, PR-менеджерлер мен күзетшілерге де жұмыс көптеп ұсынылып отыр. Ал ең жоғары жалақыны техникалық директорлар мен ұшқыштар күтсе, жұмыс берушілер IT, энергетика және тау-кен саласында жоғары айлық ұсынып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кәсіптер бойынша ең көп сұранысқа ие мамандықтар – PR-менеджерлер (16,3 мың бос орын), математика пәнінің мұғалімдері (7,6 мың) және тәрбиешілер (6,1 мың) болды. Орта білікті мамандар арасында – тәрбиеші көмекшілері (4,4 мың), күзетшілер (2,7 мың) және автокөлік жүргізушілері (2,6 мың) сұранысқа ие.
Ең жоғары жалақы күткен кандидаттар – техникалық директорлар (орташа 1,2 миллион теңге), ұшқыштар (1,2 миллион теңге) және коммерциялық директорлар (1,1 миллион теңге). Бұл ретте тамыз айында жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақылар – кен өндіру саласындағы цех басшысы (шамамен 843,8 мың теңге), энергиямен жабдықтау қызметі басшысының орынбасары (733 мың теңге) және IT саласындағы бағдарламалар бас редакторы (718 мың теңге) лауазымдарына тиесілі.
Осылайша, 2025 жылғы тамызда еңбек биржасында алаңында түйіндемелер санының қалыпты төмендеуімен жоғары білікті жұмыс күшіне деген сұраныстың өскені байқалды. Бұл өсім жаңа оқу жылының қарсаңында білім беру саласында орын алған маусымдық факторлармен, атап айтқанда, мұғалімдер (соның ішінде бастауыш сынып мұғалімдері), тәрбиешілер және олардың көмекшілері бойынша бос орындардың жаппай жариялануымен байланысты болды.
2025 жылғы тамыз айында "Enbek.kz" электрондық еңбек биржасына 239,8 мың бос жұмыс орны жарияланып, жұмыс іздеушілер тарапынан 138,5 мың түйіндеме орналастырылды. Өткен аймен салыстырғанда еңбек биржасындағы бос орындар саны 128,9%-ға (+135 мың) артқан, ал түйіндемелер саны 6,3%-ға (-9,3 мың) азайды.
Бос жұмыс орындарының басым бөлігі келесі салаларға тиесілі: білім беру (120,7 мың), ақпарат және байланыс (17,4 мың), басқа да қызмет көрсету түрлері (17,1 мың), өңдеу өнеркәсібі (15 мың). Бұл төрт сала тамыз айындағы жалпы сұраныстың 70%-дан астамын құрады. Айта кетейік, білім беру саласындағы әр бесінші бос жұмыс орны (18,5%) Астана және Алматы қалаларында орналастырылған.
Сұраныс құрылымында жоғары білікті кадрларға басымдық берілді – бұл санатқа 124,1 мың бос жұмыс орны немесе 52% сәйкес келеді. Жоғары білікті кадрларға арналған бос орындардың үштен екісі (81,6 мың) білім беру және тәрбие саласындағы мамандарға тиесілі. Орта білікті мамандарға сұраныс – 31% (75,2 мың), ал біліктілігі жоқ жұмысшыларға – 17% (40,4 мың).
Бос жұмыс орындарының ең үлкен өсімі келесі өңірлерде тіркелді: Алматы облысы – +387,5% (20,3 мыңға дейін), Жамбыл облысы – +377,4% (15,9 мыңға дейін), Батыс Қазақстан облысы – +242,4% (12,3 мыңға дейін), Ақтөбе облысы – +198,4% (14,1 мыңға дейін) және Жетісу облысы – +182,7% (5,8 мыңға дейін).
Жалпы түйіндеме санының аздап төмендеуіне қарамастан, көптеген өңірде ізденушілер белсенділігі артты. Ең үлкен өсім Алматы облысында (+31,4%, 9,7 мыңға дейін), Алматы қаласында (+30,4%, 11 мыңға дейін) және Түркістан облысында (+17%, 18 мыңға дейін) байқалды. Сонымен қатар кейбір өңірлерде белсенділіктің төмендеуі тіркелді: Шымкент қаласы (-50,2%, 9,7 мыңға дейін), Солтүстік Қазақстан облысы (-18,4%, 2,3 мыңға дейін) және Қарағанды облысы (-16,4%, 5,6 мыңға дейін).
"Кенеттен қажетсіз болып қалған": Семейдегі жеке клиникадағы 84 қызметкер жұмыссыз қалмақ
Еске салайық, бұған дейін Қытайда жұмыссыз жастар ақша төлеп, арнайы жасалған жалған кеңселерге барып, жұмыс істеп жүргендей көрінетінін жазған едік. Бұл үрдіс жастар арасындағы жоғары жұмыссыздықпен (14%-дан асады) байланысты. Мұндай кеңселерде интернет, шай бөлмесі, тіпті түскі ас бар. Жастар ата-анасына, университетке немесе өзіне жұмыс істеп жүргендей әсер қалдыру үшін келеді. Кейбірі бұл уақытты жаңа дағдылар үйренуге пайдаланады. Сарапшылар мұны жастардың үмітсіздік пен қысымды еңсеру жолы деп бағалайды.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
