Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйелдер Грузияға барып, шетелдіктер үшін бала туып береді: Суррогат аналар өз таңдауы туралы айтты

2022 жылға дейін Украина суррогат аналардың жаһандық орталықтарының бірі болды. Алайда Ресейдің басқыншылық әрекетінен кейін ондағы халықаралық клиенттер мен клиникалар Грузияға көшті. Қазір агенттіктер Орталық Азиядан суррогат аналарды белсенді түрде іздеуге көшкен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

37 жастағы Алина бірнеше күн бұрын Тбилисиге ұшып кеткен. Әйел қазір суррогат ана атануға дайындалып жүр. Оны ең қатты алаңдататыны – эмбриондардың имплантациялануы. Ол мұндай әрекетті үш-ақ рет жасауына болады. Бұдан соң әйелдің Қазақстанда қалған үш және бір жарым жасар екі баласы үшін ақша таба ма, жоқ па, белгілі болмақ. 

"Балалар үйде анаммен қалды, олар сенімді қолда. Сондықтан мен оларға алаңдамай кеттім. Бірақ қазірдің өзінде оларды сағындым", – дейді ол.

Егер сәтті болса, Алина немесе суррогат ана атанып ақша табуға шешім қабылдаған басқа әйелдер 20 мың долларға дейін бір реттік төлем алады. Сәтсіз болса, ол шамамен 500 доллар көлемінде символикалық өтемақы мен үйге билет алады. Тесттерге, гормоналды терапияға және дайындыққа қарамастан, кез келген сәтте сәтсіздікке ұшырау қаупі бар.

“Пандемиядан аз уақыт бұрын мен шетелдікке үйлендім, көңіл қосқан адамым карантин кезінде әртүрлі елдерде болды және біздің қарым-қатынасымыз дұрыс болмады. Күйеуім қайтып келмей, көмектесуді тоқтатты, ал мен екі баламмен Қазақстанда жалғыз қалдым” – дейді ол.

Алинаның күйеуінен алған бар көмегі суррогат ана бағдарламасына қатысуға күйеуінен келісім болды. (келісімшарт бойынша некеде тұрған әйелдер жұбайының келісімін алуы керек).

Алина "біреудің не ойлайтыны немесе не айтатыны маңызды емес. Мен бұл үшін ұялмаймын, достарым мен отбасым менің мұндай бағдарламаға қатысатынымды біледі", – дейді.

Бірақ сонымен бірге ол бет-бейнесін көрсетпеуді және шын атын айтпауды өтінген.

"Біздің менталитетімізді болжау мүмкін емес. Мен мұны қауіпсіздік мақсатында жасаймын, егер басқа адамдар мені көшеде бір жерден көріп, таныса, олардың қалай әрекет ететінін білмеймін... Мен танымайтын адамдардың дене жарақатынан қорқамын", – деп түсіндіреді Алина. 

Ал Алматының тағы бір тұрғыны Бота алдын ала емтихандар кезеңінен өте алмады.

"Соңғы босанғаннан бері өте аз уақыт өтті: кесарь тілігі небәрі 1,5 жыл бұрын болды, қан кету қаупі бар", – деп түсіндірді агенттік.

Агенттер әйелдердің тек 30% алдын ала тексеруден өткенін айтады.

Бота да – жалғызбасты ана. Бұрынғы серіктесі және екі баланың әкесі оның атына несие алып, хабарсыз кеткен.

"Қазір 250-300 мың теңге (500-600 доллар) аламын. Бұл соманың жартысы қарыздарды өтеуге, қалғаны өмір сүруге жұмсалады. Егер суррогат ана атансам, алған ақымды балаларымның болашағына, болашақ баспана үшін ипотекаға жұмсар едім", – деп жоспарлаған Бота.

Алғашқы сәтсіздікке қарамастан, ол болашақта бағдарламаға қабылдануға үмітті. Өйткені Бота Қазақстанда мұндай ақшаны тез таппайтынын айтады.

Алматыдағы әлеуетті суррогат аналар бағдарламасына түсуге тырысқан барлық әйелдің уәждері бірдей және өмірлік жағдайлары азды-көпті ұқсас болған. 

Бағдарламаға қатысқан тағы бір қазақстандық – Сабина. Ол 28 жаста. ҚазірТбилисидегі клиникалардың бірінде жүктілігінің 29 аптасын өткізіп жатыр.Алинадан айырмашылығы, Сабина өзін сенімдірек сезінеді. Ол бесінші баласын дүниеге әкеледі. Оның екі баласы бар. Сабина 21 жасында суррогат ана бағдарламасына қатысып, Ресейдегі емханада егіз ұл босанған.

Ол бағдарламаның басқа қатысушыларымен бірге Тбилиси орталығындағы пәтерде тұрады.

Сабина айтқандай, суррогат аналардың күнделікті жұмысы тегін. Күн сайын міндетті түрде таза ауада серуендеу, витаминдер қабылдау және емханада мерзімді тексеруден өту – олардан талап етілетін нәрсе. Бағдарлама ережелеріне сәйкес, аналардың таңдауы бар: эмбриондарды сәтті ауыстырғаннан кейін олар туған жеріне оралуы мүмкін, ал жүктіліктің 25-аптасынан кейін олар дәрігерлердің бақылауымен босануға оралады.

Бірақ Сабина қоғамдық қысым мен ыңғайсыз сұрақтардан алыс болу үшін Грузияға көшкен жөн екенін айтады.

Оның айтуынша, соңғы кездері радикалды ислам танымал болып, консервативті көзқарастар күшті Орталық Азияда мұндай қадамға баруға бел буған әйелдерді менсінбей айыптайды.

"Жақында менің отбасым менен мұсылман ретінде суррогат ана болғаным күнә емес пе? деп сұрады. Меніңше, балалы болғаным, қазір істеп жатқаным жақсы деп ойлаймын. Өйткені мен ата-ана бола алмайтын адамдарға өмір сыйлаймын және жақсылық жасаймын. Оның үстіне өмірімді сәл жеңілдетемін, сол үшін өтемақы аламын", – дейді Сабина.

Грузияда суррогат ана қызметтерінің бағасы 45 мыңнан 70 мың долларға дейін болуы мүмкін. Суррогат ананың төлемі 15 мыңнан 30 мыңға дейін (жүктілік кезеңі үшін ай сайынғы төлем шамамен 500 доллар және Тбилисидегі тұрғын үй төлемі). Баға ананың жасына, жалғыз немесе көп жүктілікке, медициналық қызметтерге және т.б. байланысты.

"Growing Families" халықаралық тобының мәліметі бойынша, Грузиядағы суррогат аналардың жалпы санының шамамен 70 пайызын Орталық Азия республикаларынан келген әйелдер құрайды.

Оның себебі –  әйелдерге төленетін қаржы көлемі Орталық Азия елдеріндегі көптеген әйелдердің жылдық табысынан бірнеше есе жоғары.

Талқылау