Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Орталық көшелерді ғана жарқыратып қою әділетті қоғам идеясына сай келмейді – Тоқаев

Мемлекет басшысы Астананың 25 жылдығы бауырлас қалалардың мерейтойлық форумында қала аудандарын дамыту ісіндегі теңсіздікті жоспарлы түрде жою керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президенттің айтуынша, білім беру, денсаулық сақтау нысандары, мәдени-демалыс мекемелері, саябақтар мен қоғамдық орындар қаланың барлық тұрғынына бірдей қолжетімді болуға тиіс.

“Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған қала инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсу қажет. Оны мойындауымыз керек. Осы ретте елордамыз қала тұрғындарына ғана емес, еліміздің барша азаматына мол мүмкіндік береді. Мысалы, Астанада әлемдік деңгейдегі клиникалары бар медициналық кластер қалыптасты. Мұнда күрделі операциялар жасалады, Қазақстанның әр аймағынан келген науқастарға жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсетіледі. Біз қала аудандарын дамыту ісіндегі теңсіздікті жоспарлы түрде жоюымыз керек", –  деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қала инфрақұрылымын дұрыс ұйымдастыруды да тілге тиек етті.

"Орталық көшелерді ғана жарқыратып қойып, қаланың шеткері аудандарына көңіл бөлмеу әділетті қоғам идеясына сай келмейді. Үйлесімді әрі теңгерімді мегаполис үшін тиімді көлік жүйесінің, соның ішінде дамыған қоғамдық көліктің, ыңғайлы велосипед және жаяу жүргіншілер аумағының болуы аса маңызды. Технологияның, атап айтқанда, жасанды интеллектінің қарыштап дамуы қалаларды барынша сапалы басқару үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. "Ақылды қала" тұжырымдамасын жүзеге асыру азаматтарға жаңа цифрлық қызмет ұсынуға, ғимараттардың энергия тұтыну тиімділігін айтарлықтай жетілдіруге, сондай-ақ көлік ағынын түбегейлі оңтайландырып, көшедегі қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – біз үшін өзекті міндет", – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Тоқаев адамдарға өзара тығыз байланыс орнатуға көмектесіп, азаматтар мен бизнестің қаладағы өзекті проблемаларды көтеріп, оларды шеше алатын белсенді қоғамдастық құру ісіне атсалысуына ықпал ететінін айтты.

"Астана бұл бағытта дамып келеді және бірқатар жетістікке жетті",  – деді ол.

Президент бұған дейін елорданы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болғанын, сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек екенін айтқан болатын. 

Талқылау