“Бір бөлігі өртеніп, екіншісінде адамдар айқайлап жатты": Ақтаудағы ұшақ апатында алғашқы көмекке барған қарапайым жұмысшылар не көргендерін айтты
Ақтауда ұшақ құлаған кезде Маңғыстау электронды компаниясының жұмысшылары апат орнына бірінші барған. Олар сол кезде өз көздерімен көрген көріністі әлі күнге дейін ұмытпаған. Екіге бөлінген ұшақ пен жан ұшыра айғайлаған адамдардың дауысы, өртенген бөлік пен жерде жатқан жолаушылардың денесі. Осы көрініс кезінде өздерін жоғалтпай бірінші болып, борт есігін ашып, көмекке кіріскен қарапайым жұмысшылар жағдайдың қалай болғанын Stan.kz тілшісіне баяндап берді.
Фото: Марат Ізмұханның жеке архивінен
Маңғыстау электронды компаниясының жұмысшысы 31 жастағы Марат Ізмұхан сол күні Саин ауылының қасында кезекті қызметін атқарып жүргенін жеткізді. Айтуынша, әуежай жұмыс орнынан екі-үш шақырымдай жерде болғасын басында ұшақтың қона алмай жүргеніне аса мән бермеген.
“Ол кезде біз жұмыс істеп жүргенбіз. Бұл ұшақты әуежайға қонайын деп жүрген шығар деп ойладық. Басында тіпті мән бермедік. Содан кейін қарасақ, ол апатқа ұшырап құлап кетті. Түтінді көре сала бірден көмекке жүгірдік. Көлікке сыйғанымызша 10 шақты адам болып бардық. Кейін тағы екінші бригада келді. Барсақ көмекке бірінші біз келіппіз”, – деді ол.
Марат сол кездегі көріністі де айта кетті. Қарапайым жұмысшылар ұшақтың жанып жатқан бөлігіне жақындай алмапты.
“Оқиға орнына жеткенде ұшақ екіге бөлініп қалған. Бас жағы өртеніп жатты. Сондықтан оған жақындай алмадық. Ал артқы бөлігінде адамдар аударылып шалқасынан құлаған екен. Олар көмек сұрап айғайлап жатты. Жолаушылар арасында есін білетіндер де болды. Құтқарған Әзірбайжан елінің азаматы менен “біз қай жақтамыз” деп сұрады. Қазақстанда екенін айттым. Жалпы шығарған 15 шақты адамның хәлдері ауыр болды. Бірақ тыныс алып жатты. Арасында қысылып қалып, айқайлап көмек сұрағандар да болды.
Ұшақтың арт жағында отырғандардың бәрі аман қалды. Ал өмірден өтіп кеткендер алдыңғы жағында болған. Біз ол жаққа бара алмадық. Себебі қолымызда өрт сөндіретін құрал да болмады. Оның үстіне қаза тапқандардың кейбірінің денесі қалай жерде жатқанын өздеріңіз де видео-фотолардан көрген шығарсыздар. Бізден кейін өрт сөндірушілер келіп өртті сөндірді. Жедел жәрдем мен төтенше жағдай қыметкерлері де жетті”, – деп қосты азамат.
Фото: Марат Ізмұханның жеке архивінен
Мараттың айтуынша, ол әріптестерімен бірігіп қолынан келгеннің бәрін жасаған.
“Дүрбелеңге салынып, қорықпадық. Бірінші ойымыз тек адамдарды құтқарып алып шығу болды. Борт ішінен ең соңғы адамды шығарып, ішінде ешкім қалған жоқ екеніне көзіміз жеткен соң ғана қайтып жұмыс орнымызға кеттік.
Не болса да жазығы жоқ, пенде ғой. Өмірден өткен азаматтар иманды болсын. Отбасыларына жеңілдік берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!”, – деп қорытты ол.
“Сол кездегі бейне көз алдыма келіп тұрады”
Осы компанияның 36 жастағы тоқ жөндеушісі Үсен Ермеков те қайғылы жағдайдың алғашқы куәсі болғанын айтады.
“Әрине барар кезде, құтқарған кезде қорқынышқа бой алдырмадық. Бірақ қысылып қалған адамдардың “құтқаршы” деген айқайы мен хәлін өз көзімізбен көрген соң, әлі күнге дейін көз алдыма келіп, қорқыныш ұялатады. Дегенмен қазір жұмысым мен әріптестеріммен ойым бөлініп, бұл көріністерді еске алудан арылып келе жатырмын”, – деді ол.
Үсен барған кезде іштен жолсеріктің есікті ашып бергенін жеткізді. Басында жерде жатқандар мен екі жолсерікке көмек көрсетілген.
“Ол кезде ең бірінші ой көмек сұраған адамдарды құтқару болды. Іште бір әйел адам мен ер адам, екі жолсерік болды. Жолсерік қыздың өзі қатты есеңгіреп қалған. Оны көтеріп, сыртқа шығардық. Кейін жерде жатқан адамдар бар екен, соларға көмектестік. Артымыздан тағы бір топ әріптестеріміз келген соң ұшақтың арғы жағына кіре бастадық.
Ішке кіргенімде баланың дауысын естігендей болдым. Сосын бала айғайлап жатыр екен деп іздей бастадым. Үлкен кісі екен, мұндай жағдайда дауысы қарылып, баланың дауысына ұқсаған екен. Құтқарып алып шықтық. Ал жалпы борттан кішкентай баланы кездестірмедік. Орындықтағы белдіктерді кесіп, өзгелерге де көмектесуге барымызды салдық. Адамдарды сыртқа көтеріп шығарумен болдық”, – деп қосты жұмысшы.
Үсен тіпті кейін отбасының өзі үшін алаңдағанын да алға тартты.
Фото: Үсен Ермековтің жеке архивінен
“Қорқыныш сезімі болды. Үйдегілер де айтып жатыр. Өзімнің алты бала-шағам бар. Үйдегілер маған алаңдапты. Жұбайым “бізді ойламай ұшақ ішіне қалай кіріп кеттің” деп уайымдағаны да бар. Оны түсінемін, әртүрлі жағдай болады ғой. Ұшақтың екінші бөлігі де жарылып кете ме деп қорыққан шығар.
Алайда дәл сол сәтте ондай нәрселерді ойламайсың ғой. Кейін барып шынымен қауіпті болғанын ұқтық. Сол сәтте адамдардың шарқ ұрып көмекке шақырып, айқайлаған дауысынан тіптен көмектен басқа ештеңені ойлауға шамаң болмайды екен. Айтарым, ел-жұртымыз, халқымыз аман болсын”, – деп қорытты ол.