Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өрт алаңы айтарлықтай қысқарды - Абай облысының әкімі

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдегі өрт алаңы айтарлықтай қысқарғанын мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Telegram каналына сілтеме жасап.

Өртті сөндіру бойынша жұмыс тәулік бойы негізінен екі бағытта – Жерновка, Шүлбі және Каштак ауылы аумағында жүргізіледі.

Табиғи өртті сөндіруге атсалысқан барлық күштердің арқасында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілді.

Мәселен, Каштак ауылының ауданында жеке құрамнан 200 адам, 30 техника, 3 тікұшақ жұмылдырылды. Жерновка-Шүлбі ауданында 300 адам, 40 бірлік техника және 9 тікұшақ бар.

"Соңғы күндері өрттің көлемі айтарлықтай азайғанын, өртті сөндіру жұмыстары тұрақты бақылауда екенін айту керек", - деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Еске салайық, 9 маусымда Абай ауданында 30 мың гектарға жуық аумақты шарпыған өрт шыққаны белгілі болды. Алайда кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Сондай-ақ орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілгені айтылды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

9 маусымда түн ортасына таман президенттің баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапарын кейінге қалдырып, Абай ауданындағы өрт аймағына ұшатынын хабарлады. Сондай-ақ президент Абайдағы өртпен күресу үшін бар мүмкіндікті пайдалануды тапсырды. Төтенше жағдайлар министрлігі 10 маусымға қараған түні Абайдағы өртті сөндіруге Алматы мен тағы төрт облыстан қосымша күштер мен құралдар жіберілетінін мәлімдеді.

"Семей орманы" табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.

Адамдардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Талқылау