"Ресейден әртістерді заңсыз алып келген": "Қазақстан темір жолы" қазақ тіліне құрметсіздік танытты деп айыпталды
Фото: Жолаушылар тасымалы парақшасынан
Қазақстандық бойжеткен әлеуметтік желіде Ресейден келген өнерпаздардың елімізде заңсыз жұмыс істеп жүргенін айтып, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын сынға алды. Айтуынша, арнайы пойызбен ұйымдастырылған шоу тек орыс тілінде өтіп, қазақ тіліне мүлде назар аударылмаған. Желі қолданушысы бұл жағдайды "ҚТЖ-ның жауапсыздығы" деп бағалап, мемлекеттік органдарға шағым түсірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желі қолданушысы Ажар Саяттың айтуынша, балалар пойызындағы шоуды белгісіз ресейлікке тапсыру – ҚТЖ-ның жауапсыздығы.
“Ересектер Тиматиге бойкот жариялап, Тоқаев АҚШ-пен пойыз сатып алу туралы келісіп жатқанда, "Қазақстан темір жолы" біздің балаларға Ресейден заңсыз гастроль әртістерін үнсіз алып келіп, қазақ тіліне құрметсіздік танытып жатыр. Бұл үшін кім жауап береді? Билет бағасы – 19 мың теңге, ал төлем жүйесі күмәнді. Анонстарда бұл шоудың Ресейден келгені еш жерде көрсетілмеген. Қазақ тілінде мүлде ақпарат жоқ. Оларға қазақ тілі қажет емес сияқты. Бұл туралы мен тиісті мемлекеттік органдарға жаздым. Енді бұл мәселемен халықаралық БАҚ пен АҚШ мемлекеттік органдары айналысады. Себебі олардың серіктестері (яғни КТЖ) заңды елемей отыр”, – деп жазды желі қолданушысы.
Оның айтуынша, шоудың ұйымдастырушысы – бар-жоғы бір ай бұрын такси қызметі ретінде тіркелген ресейлік жеке кәсіпкер.
“Ол Қазақстанда заң бойынша тікелей жұмыс істей алмайды. Бұл туралы прокуратураға жаздым. Төлем тек қолма-қол не беймәлім QR арқылы жасалған. Онлайн төлем жоқ. Ішкі істер министрлігі мен Салық комитетіне де өтініш жіберілді. Сонда ҚТЖ ешқандай заңбұзушылық көріп тұрған жоқ сияқты. Ресейден келген әртістер Қазақстанда қалайша кәсіпкерлікпен айналысып, жұмыс істеуде? Бұл көші-қон органдарына да сұрақ. Тіпті одан әрі бұл – халықаралық қатынастар мәселесі.
Мен жауап алғанша жазуды тоқтатпаймын. Қазақ тіліне қатысты кемсітушілік пен тұтынушы құқықтарының бұзылуы бойынша ұйымдастырушыға жаздым. Әзірге жауап жоқ. Жауап болмаған жағдайда істі Тұтынушылар құқығын қорғау бөліміне жолдаймын. Сіздер бұл жағдайдан үнсіз шыға алмайсыздар. Анонстарыңыз бен ортақ постарыңыз арқылы халықты шатастырдыңыздар. Бұл үшін жауап беру керек. Миграциялық қызметтен ресейлік "ұйымдастырушы" Қазақстанға мүлде келмегені туралы жауап алдым. Олар тіпті шекарадан өтпеген. Ал сіздер сайтта Ростов-на-Донудан шыққан таксисті көрсетіп отырсыздар. Ешкім орысша сөйлеуге тыйым салып жатқан жоқ. Бірақ Қазақстанда, әсіресе ұлттық тасымалдаушы ұсынған қызмет қазақ тілінде де болуға тиіс. Қазақша шоу талап ету қалыпты нәрсе”, – деп қорытты ол.
Бұл даудың себебі "Қазақстан темір жолы"АҚ жақында жүргізе бастаған "Поттер пойызы” болып отыр. Желі қолданушысы осы пойыздың балаларға түрлі шоуды орыс тілінде жүргізгеніне шағымданған.
Шараны ұйымдастыруға ҚТЖ жауап бере ме?
Stan.kz тілшісі жағдайға байланысты компаниядан бұл жағдайға байланысты пікір сұрап көрді. Дегенмен ҚТЖ шоу-бағдарламалардың қалай ұйымдастырылатынына жауап бермейтінін алға тартты. Айтуынша жобаға ресейлік емес, қазақстандық кәсіпкер жауапты.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның міндеті тек электрпойызды және оған қажет инфрақұрылымды ұсынумен шектеледі. Ал шоу-бағдарламаның мазмұны, өткізілу тілі, форматы мен билеттерді сату мәселелері толықтай жобаның ұйымдастырушысының жауапкершілігіне жатады. Бұл талаптар қол қойылған келісімдер мен Ынтымақтастық туралы меморандумда нақты айқындалған. Жобаның ұйымдастырушысы – Қазақстан аумағында өз өкілі арқылы қызметін жүзеге асыратын бейрезидент жеке кәсіпкер.
Компаниямыз ресми түрде ұйымдастырушыға бағдарламаны қазақ және орыс тілдерінде өткізу жөнінде талап қойды. Бұл – қолданыстағы заңнаманы сақтау әрі жолаушылардың құқықтарын қорғау мақсатындағы қажет шара. Айта кетейік, "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның барлық ресми коммуникациясы әрдайым екі тілде жүргізіледі. Аталған жоба бойынша біздің әлеуметтік желілердегі жарияланымдар тек ақпараттық сипатқа ие. Сонымен қатар қазақстандық компанияларды ұлттық мазмұнға негізделген бірлескен жобаларды жүзеге асыруға тарту бойынша жұмыстар жүргізілгенін хабарлаймыз. Дегенмен аталған бастамаларға жергілікті тараптардан қызығушылық байқалмады. "Жолаушылар тасымалы" АҚ ұйымдастырушының барлық заң талаптарын орындауын және жолаушылардың құқықтарының сақталуын қатаң бақылауда ұстайды”, – деді ведомство.
ҚТЖ сонымен қатар "Поттер пойызы” жобасына қатысқан актерлердің барлығы отандық театр сахнасы мен креативті индустрияның кәсіби өкілдері екенін алға тартты. Қазір шоу екі тілде ұсынылып жатыр екен. Компания алдағы уақытта қойылымды толықтай мемлекеттік тілде өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

"Финалда секеңдеп, секіріп дұрыс емес үлгі көрсетемін бе деп қорықтым. Маған шоу көрсет деді..." – Айдос Сұлтанғали
