Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Орыс армиясы туралы жалған ақпарат таратты": Астанада полицейлер бурят журналисін ұстады

30 қыркүйекте кешке Астанада ресейлік журналист Евгения Балтатарованың ұсталғаны белгілі болды. Бұл ақпаратты ең алғаш болып журналистің өзі Телеграм-арнасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Азаттық радиосының мәліметінше, ол Ресейде "орыс армиясы туралы жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Ресей құқық қорғау органдары оған халықаралық іздеу жариялаған.

DOXA басылымының наурыз айында полицейлер "телефон алаяқтық ісі" бойынша оның пәтерін тінтіген жазды. Осыдан соң Балтатарова Ресейден кеткен. Ол соғысқа қарсы белсенділігім үшін қудалануым мүмкін деп қауіптенеді.

Балтатарованың жазуынша, жұма күні оны Астанада адам құқығы бюросының кеңсесінен шығып келе жатқанда ұстаған. Ол іспен адвокат айналысып жатқанын жеткізді.

Журналист кейін Телеграм-арнасында өзін Сарыарқа аудандық полиция басқармасына жеткізгенін, полицейлердің "қысым жасап, құжаттарға (ешқайда кетпеу туралы қолхатқа да) қол қойдыртуға тырысқанын" жазды. Кейін журналисті босатқан. Ол өзін қолдаған азаматтарға алғыс білдіріп, полицейлер елден кетуді талап етсе де, осында қалатынын жазды

Астана полициясы әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.

Евгения Балтатарова —Бурятияда танымал журналист, блогер, қоғам белсендісі. Осыған дейін Балтатарованың блогы бұзылып, журналист оны алаяқтардың пайдаланып кетуі мүмкін екенін ескерткен. Көктемдегі тінтуден соң Ресейден кетуді жөн көрген. Алайда оның үстінен орыс армиясының беделіне нұқсан келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Балтатарова Украинадағы соғысқа қарсы екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Талқылау