Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Орынсыз қатаң сөгістер мен дөрекі сөздер": Павлодарда медицина қызметкерлері ауруханадағы бас дәрігердің үстінен шағымданып үндеу жасады

Павлодар облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері президент әкімшілігінің басшысы Олжас Бектеновке бас дәрігер Мүсілім Солтановтың үстінен шағым түсірген видеоүндеу жариялады. Мамандардың айтуынша мұндағы бас дәрігердің кесірінен барлық медбикелер мен дәрігерлер орынсыз сөгіс алып шаршаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі tipavlo.dar Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жұқпалы аурулар ауруханасының медицина қызметкерлері Солтановтың келгеннен бастап емдеу мекемесінде күрделі жағдай қалыптасып, дәрігерлер мен медбикелер үнемі қысымға ұшырап,айыптаулар мен орынсыз қатаң сөгістер алып жатқанын айтты. Ұжымдағы бұл жағдайдан соң дәрігерлер мен медбикелер тіпті жұмыстан шығуға дайын.

"Осы жылдың ақпан айында бізге түскен бала үшін маған және үлкен тәжірибесі бар инфекционист дәрігерге еш себепсіз қатаң сөгіс берілгенін білдім. Директордың орынбасарының өзі сегіз жылда бірінші рет осы лауазымында екі сөгіс алды", - делінген үндеуде.

Дәрігерлердің айтуынша, Солтанов өткен жылдың қараша айында бас дәрігер қызметіне тағайындалған. Осы уақыт ішінде ол ауруханаға емделушінің шағымынан соң тек бір рет қана келген. 

"Ол өзін дөрекі ұстап, дәрігерлер мен медбикелерге әркез дауыс көтеріп жүреді. Бөлімшеде, тіпті жансақтау бөлімінде айғайы естіледі. Науқастардың ата-анасынан түскен барлық шағымдар емдеу сапасына емес, тәртіптік жағдайларға байланысты. Бірде біздегі сегіз жасар науқастың әжесінің медбикелер жуындырмады деген шағымынан кейін Солтанов бес медбикеден 20 мың теңгеден 100 мың теңге жинауға мәжбүрлеген", - делінген үндеуде.

Дәрігерлер жыл сайын сегіз мыңға жуық кішкентай науқасты емдейтінін, жұқпалы аурулар ауруханасындағы өлім-жітім көрсеткіші республика бойынша ең төмен екенін алға тартты. Ал өзге өңірлердегі әріптестеріне үлгі болып отырған осындай жағдайда ауруханадағы мұндай келеңсіздікті жоюды сұрады.

Талқылау