"Орын жоқ": Ақтөбеде мас анадан алынған бүлдіршінді балаларды қолдау орталығына қабылдаудан бас тартқан
26 сәуірде ақтөбелік "Zello SOS" командасының еріктілері бес жасар баланың мас ересектердің арасында тұратынын байқап, оған көмектесуге бел буды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Диапазон” басылымына сілтеме жасап.
Еріктілердің айтуынша, бала притонға ұқсас пәтерде тұруға мәжбүр.
“Екі ай бұрын бүлдіршіннің жағдайы туралы хабарлағандар болды. Анасы оны түні бойы бейтаныс адамдарға қалдырып кеткен. Полиция мен арнайы ұйымды шақырып, ананы таптық. Ол жұмыста болғанын түсіндірді, бірақ бұл расталмады. Өзінің де, баланың да құжаттары жоқ. Енді кішкентай баланың мастармен көшеде жүргені хабарланды. Естіген бойда сол жерге бардық. Полиция мен қамқоршылық қызметкерлері шақырылды. Дереу қызмет көрсеткендері үшін оларға рахмет!”, – деді ерікті Екатерина Голотина.
Олардың айтуынша, пәтер адам тұратындай жағдайда емес.
“Пәтерде төрт мас адам отыр, оның екеуі ер адам, бір әйелдің беті көгерген, баланың анасы сүр мас. Пәтердегі иіс өте жағымсыз, арақтың бөтелкелері шашылып жатыр, үй тарақанға толы. Осының арасында кішкентай бала отыр. Оның үстіне олар бізді балағаттап, боқтық сөздер айтты. Бұл жолы баланы алып кеттік. Ананың тағы екі баласы бар екен, бірақ олар үшін ата-ана құқығынан айырылған”, – деді ерікті.
Полиция баланы "Аяла" балаларды қорғау орталығына апарды, бірақ ол жерде орын болмай, баланы қабылдамаған.
“Мұндай жағдайға бірінші рет тап болдым, өйткені балаларға көмектескеніме бірнеше жыл болды. Баланы қайда апарамыз? Қайтадан мастарға қайтарамыз ба? Өзімізге алып қалу заңсыз. Түн ортасы болды, мен білім бөлімінің бастығы Меткүл Ораковнаға қоңырау шалдым. Мәселені шешуге көмектескені үшін оған рахмет, бала қалды. Бірақ орын жетіспеушілік мәселесі болса, оны шешу керек! Бала қорқып қалды, оны отбасынан алып кетті, оған көмек керек! Бірақ оған орын жоқ екен…”, – дейді ол.
Екатерина Голотина қаладағы балаларға қатысты жағдайлар үшін олар "Zello SOS" еріктілерінің тағы бір қозғалысын құрғанын айтты.
“Біздің еріктілер, негізінен, іздеу жүйелері бойынша, онкологиялық науқастарға, кедей отбасыларға көмек көрсетеді. Бірақ жылдам әрекет ету үшін жеке топты бөлдік. Кішкентай бөбектер отбасынан қорлық көріп, аш-жалаңаш жүргені алаңдатады”, – деді белсенді.