Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Орамал тақ, халат киіп жүр деп айтпаймыз": Он екі қайын апа жалғыз келінге қандай талап қояды?

Әлеуметтік желіде таралған 12 апасы бар жігітке тұрмысқа шыққан қалыңдықтың суреті көпшілікті сүйсіндірді. Алайда кейбірі сол шаңыраққа келін болып түсіп жатқан келінге аяушылық сезіммен қарады. Олар бірден "Он екі қайын апаң болған қиын емес пе?" деген сұрақ жаудырды. Соған байланысты отбасындағы он екі қыздың бірі Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат берді. Ол келінге қалай қарайтындары және қоятын талаптары туралы айтып берді. 

қайын апа

Тойдағы он екі қыздың суретін көрген жұрт әлі де таңқалысуда. Нешетүрлі пікірлер жазылып жатыр. Тіпті кейбірі «он екі қайын апа болғаны қиын шығар» деп жазуда. Сіз не дейсіз?
Иә, әлеуметтік желіде әртүрлі пікірлер жазылып жатыр. Біз 12 қыз күйеуге шыққанбыз. Өз отбасымыз бар, ошағымыз бөлек. Біз де біреудің келіндеріміз. Егер менің қайын апам болса қуанар едім. Өзімде әттең қайын апа жоқ. Келініміз Айгерім, қазірден бастап-ақ үйдегі 13-ші қыз сияқты болып кетті. Ішіміздегі жалғыз ұлымызды үйлендіру біздің арманымыз болатын. Ең бастысы, анамыз бақытты болсын. 70-ке келіп отыр. Анамыз осы күнді көріп кетсе екен деп армандап келген едік. Шүкір, арманымыз орындалды. Әкеміздің әулеттегі жалғыз ұлы осы ініміз. Біз әкеміздің ұрпағын жалғастырушы тұқымның қалғанын қалаймыз. 
12 қыздың ішінде жалғыз бауырыңыз қалай өсті?
Арамызда бір ұл болған соң қатты еркелетіп өсірдік. Не жеймін, не ішейін демеді. Қолымыздан келген барлық нәрсені жасадық, әлі де жасаймыз. Өйткені бес жасынан әкесіз қалды. Қайта 12 қыздан кейін қатты күткен ұлын әкеміз көріп кетті. Ініміз туылғанда қуаныштан екі сиыр сойылып, үш ай тойлағанбыз.
Бір ата-анадан туылғансыздар ма?
Иә, мен 13 баланың 11-ші қызымын. Бәріміз Атырау қаласында тұрамыз. Қарапайым отбасында өстік. Ата-анамыз барлығымызды оқытты. Қазіргі уақытта 12 қыз да бір-бір шаңырақтың отын түтетіп отыр. Үлкен әпкеміз биыл елуге келді. Үш әпкеміз ендігіде әже атанып, немерелі болып отыр. Бұрын құрбыларым сендер көпсіңдер ғой дегенде мән бермейтінмін. Бірақ кеше суретке түскенде барлығымызға қарап «Біз шынымен де көп екенбіз ғой» деп күлгім келді. Әрине, Құдай көп көрмесін, тіл көзден сақтасын! 

он екі қыз
12 қыз тойда бірдей қызыл көйлек киіп шықтыңыздар. Барлық уақытта осылай егіз қозыдайсыздар ма?
Біздің руымыз Адай. Олар қызыл түсті жақсы көреді. Сол себептен де барлығымыз бір ауыздан қызыл түсті киім киеміз деп ақылдастық. Негізі әлеуметтік желіге шығып, танымал болуды ойламадық. Тойда асаба болған жігіт бөлісіп, содан жұрттың барлығы шулап кетті. Әйтпесе өзімізді халыққа көрсету ойымызда да болмапты.
Жалғыз бауырларыңыздың жүрегін жаулаған келіндеріңізге қандай талаптар қоясыздар?
Негізі ешқандай талап қоймаймыз. Екі күн бұрын анамның үйіне бардым. Сөйтсем, келінім менен жаңадан сатып алынған пештің орнын басқа жерге ауыстыру үшін рұқсат сұрап тұр. Содан бұл қара шаңырақ ендігіде өзінікі екенін және бізден рұқсат сұраудық қажеті жоқ деп айттым. Өйткені біз ешқайсымыз ол үйдің шаруасына кіріспейміз. Біздің  отбасында белгілі талаптар жоқ. Анам өте жұмсақ, қарапайым адам. Әкеміз қатал кісі еді. Бізді ұл секілді тәрбиеледі. Бізге екіқабатты үйдің еденін таза етіп жудыратын. Тазалыққа қатты мән беретіні соншалық, аяқ киімдерге дейін жуғызып қоятын.  
Он екі қайын апа келіндеріне қандай ақыл үйретіп жатыр екен?
Орамал тақ, халат киіп жүр деп айтпаймыз. Біздің алдымызда сәлем салмай-ақ қойса болады. Өйткені біз оған келін деп емес, қызымыз деп қараймыз. Бірақ анамның туысқандары келгенде, әрине, басына орамал тағып, үстіне халатын киіп, сәлемін салып жатады. Оны біз үйретпей-ақ, өзі жақсы біледі. 
Анаңыздың жолын қуып жатқандарыңыз бар ма араларыңызда?
Алтыншы қыздың бес баласы бар. Арамызда әзірге сол ғана көпбалалы. Қалғандарымызда төрт-үш баладан. Әлі жаспыз ғой, туамыз деген ойда бар. Бірақ он-он екі бала болсын демеймін. Енді екі бала туып алсам болғаны. Негізі баланың көп болғаны жақсы ғой. Мен біздің он екі ұл емес, қыз болғанымызға қатты қуанамын. Өйткені қыздар ұйымшыл болып келеді. Егер он екісі де ұл болса, онда олардың бірігулері қиын болар еді. 

Талқылау