"Оралманбыз ба әлде даладан келген адамбыз ба?": Ақтауда тұрғындар мен әкімдік арасындағы түсініспеушілік дауға ұласты
Ақтауда тұрғындар мен әкімдік арасында түсініспеушілік туды. Өзге елден көшіп келіп, кезінде оралман статусын алған азаматтарға жергілікті билік өкілдері он күн ішінде пәтерлерін босату туралы хабарлама жіберіпті. Бұл туралы Stan.kz апарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған қандастарымызға берілген тұрғын үйдің енді әлеуметтік жатақхана болып ауысуы себеп болыпты. Әкімдік қазіргі тұрғындарды шығарып, мұқтаж отбасыларға бермек екен.
Пәтерлерді босатуды талап еткен екі көпқабатты үйде Біріккен Араб елдері, Иран, Түркменстан мен Өзбекстаннан көшіп келген азаматтар тұрады. Жақында осында тұратын 100-ден астам отбасыға пәтерді босату туралы хабарлама келген. Квотадан қағылып, азаматтық алған қандастар енді қайда барарын білмей дал болып отыр.
"Квотамызды бермеген, үй беремеген, соларды берсін, қазір-ақ кетейік", - деді олар.
"Ішінде жазылған, "10 күн ішінде отырған үйіңізді босату керек", деп. Осында тұрып жатқандардың көбінің үйі-күйі жоқ. Ал келеді, 10 күннен кейін бізді шығарады, біз қайда кетуіміз керек? Көшені паналауымыз керек па? Сосын келіп, осыларды айтсаң, қорқытады: "Мына жерден шығарамыз". Біз оралманбыз ба әлде даладан келген адамбыз ба? Келген адам келіп, бізді бір теуіп, қалағанын істейтіндей. Жүрегіміздегіні айтқымыз келеді", - деді Женаги Абдолла.
Қазіргі жатақхана 2010 жылы шетелген келгендерді бейімдеу орталығы ретінде қолданысқа берілген. Кейбіреулер осы жерді 5-10 жылдан бері паналап отыр. Уақытша берілетін бұл жердегі баспанаға бұрын облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі иелік етіпті.
Жатақхана 2019 жылы Ақтау қалалық әкімдігіне өткенде комиссия құрылып, ұзақ жыл қоныстанғандарды және жұмысы барларды бұл жерден шығаруға шешім қабылданыпты.
"Жатақхана ол тұрақты орын емес, өмір сүретін тұрғын жай емес. Ол жерде 6 ай, 1 жыл, ең көп дегенде 1,5 жыл, өзінің материалдық жағдайын жақсартып алғанша тұрады да, одан кейін жатақхананы босату керек. Өкінішке қарай, ол тұрғындар әлдеқашан ҚР азаматы болған, көпшілігінің жағдайы жақсарған. Қала әкімі сол кезде "жатақханаға көпбалалы отбасыларды кіргізу үшін ішіндегі жағдайы түзелген отбасыларды шығарамыз", дейді. Шығаруға тапсырма берді", - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлжазира Алдашева.
"Қалада тіркеуде тұра алмаймыз, жұмыс істейік десек, оралмансың деп жұмыс істеткісі келмейді. Содан кейін біздің жағдайымыз қалай жақсарсын", - дейді жиналғандар.
Енді олар тегн тұрақтаған жерде коммуналдық қызметтер ақысын төлесе де қала алмайды. Өйткені, әкімдіктен бұйрық шығып қойған, пәтерді босатпаса, сот арқылы шешеді екен.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
