“Оралман” фильмі Германияда арнайы жүлде алды
Фильм ХХ ғасырдың 30-жылдары қызыл әскердің жендеттерінен Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған қазақ отбасы туралы
9-19 қараша аралығында Германияда өткен 66-шы халықаралық Мангейм-Хайдельберг (International Filmfestival Mannheim-Heidelberg) кинофестивалінде “Оралман” фильмі үздік жетістіктері үшін арнайы жүлдемен марапатталды, деп хабарлайды “Қазақфильм” АҚ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, кинофестиваль ұйымдастырушылары “Оралман” фильмін Германияда прокатқа шығаруды ұсынды.
Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясы түсірді. Режиссері – Сәбит Құрманбеков.
“Оралман” фильмі 66-шы халықаралық Мангейм-Хайдельберг кинофестивалінің негізгі бағдарламасына іріктелініп алынған болатын. Биыл фестивальдің бас жүлдесіне 22 елден 21 картина таласты.
“Мәдени және діни өзгешеліктеріне қарамастан, өз еліне қайта оралған отбасының драмалық оқиғасы эмоционалды әсерлі баяндалғаны үшін марапатталады”, — делінген фестивальдің ресми сайтында.
Мангейм-Гейдельберг кинофестивалінің қорытындысы бойынша, байқаудың “Үздік толықметражды фильм” бас жүлдесі режиссер Вито Пальмиеримнің “Техаста көрісерміз” атты итальяндық картинасына бұйырды.
Ал филиппиндік режиссер Багане Фиол түсірген “Ормандағы серуен” фестивальдің арнайы жүлдесімен марапатталды.
Сонымен қатар, “Күзетші” (Доминикан Республикасы, Пуэрто-Рико, Бразилия), “Қасиетті ауа” (Израиль) және “Мұртаза” (Түркия) фильмдері қазылар алқасының құрметті сыйлықтарымен марапатталды.
Халықаралық Мангейм-Хайдельберг кинофестивалі 1952 жылдан бері өткізіліп келеді.
Естеріңізге сала кетсек, “Оралман” көркем фильмі осы жылдың басында Иран астанасы Тегеранда өткен 35-ші халықаралық Фаджр кинофестивалі мен XIII халықаралық “Еуразия” кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған болатын.
Фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда қыркүйек айында Татарстанда өткен XIII халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде “Үздік ер адам рөлі” жүлдесімен марапатталды.
Сондай-ақ, картина Италияда өткен ХХ халықаралық “Religion Today” кинофестивалінде “Үздік фильм” номинациясында жеңіске жетіп, тәуелсіз SIGNIS қазылар алқасының арнайы жүлдесін иеленді.
Айта кетелік, Башқұртстанда желтоқсанда өтетін IV халықаралық “Күміс Ақбозат” кинофестивалі “Оралман” фильмімен ашылады.
Оқи отырыңыз:
Бақытқа жеттім: Тумысынан бетінде кемістігі болған ару 25 жасында тұрмысқа шықты (фото)
Лондонда ерлі-зайыптыларды баланың жылағаны үшін үйінен қуғалы жатыр
19 жастағы модель пәктігін 3 млн долларға сатты
Кореялық медбикелер басшылықтың талабымен эротикалық би билеуге мәжбүр болған (видео)