Оралдық ер адам 5 жасар баласына кәлима үйрету үшін ұрып-соққан

Фото: Видеодан скрин
Оралда ер адам 5 жасар баласына кәлима үйрету үшін оны сабаған. Баланың анасы ұрып-соққанның салдарынан ұлының сөйлемей қалғанын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
5 жастағы баланың анасы әкесінің ұрып-соғып кәлима үйретуге тырысқанының кесірінен сөйлемей қалғанын, дәрігерлер диагноз қойғанын айтты.
“Бұл адаммен ортақ баламыз бар. Балама кәлима үйрету үшін осылай ұрып соғатын. Балама “Лә Иләха иллә Лла́х, Муха́ммадун — расу́лу-Лла́х“ деп айтпадың деп оны шаңсорғышты қосып бір бөлмеге қамап қоятын. Балам мүлде сөйлемей қойды. Баламды жалғыз өсіріп келемін. Халықтың көмегімен емдетіп жүрмін. Сотта алимент төлемес үшін баласынан бас тартуға тырысты. Бар дүниесін жасырып, жұмыссыз ретінде тіркелген. Өзімді де таңға дейін ұратын, талай полиция қызметкерлері де келді, бірақ ешқандай шара қолданбайтын. Бұрынғы күйеуімді Оралда бәрі таниды, сыйлайды, құрметтейді өйткені ол қайырымдылықпен айналысады”, – деп жазды әйел.
Оның айтуынша, алиментке қатысты сот отырысы кезінде сот оны жұмыссыз деп таныған. Осылайша қорғансыз қалдым деп отыр жалғызбасты ана.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан баланы жанұшыра жылап, ер адамның дауыс көтеріп ұрысып жатқанын естуге болады. Тіпті бір рет қол көтерді. Анасы баласына араша түсуге тырысқанда ер адам оған да жекіп, балағаттағанын естуге болады.
Болған жағдай бойынша Батыс Қазақстан облысының сотына сұрау салдық.
“Іс сотта қаралып жатыр, аяқталған жоқ. Әзірге ешқандай ақпарат бере алмаймыз”, – деп жауап берді облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ ер адамның әрекетіне қатысты полицияның түсініктеме беруін сұрадық. Полицияның айтуынша, ерлі-зайыпты заңды некеге отырмаған.
“Тараз қаласының тұрғынының өтініші бойынша Орал қаласының ювеналдық сотында алимент өндіру жөніндегі азаматтық іс қаралып жатыр. Әйел ер адаммен діни неке қидырып, ресми некеге тұрмаған. 2021 жылы отбасы-тұрмыстық кикілжіңдерге байланысты жұп ажырасып кеткен. Бұған дейін оның өтініші бойынша ер адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған. Қажет болған жағдайда полиция қорғау шараларын қамтамасыз етуге, дағдарыс орталығына немесе әлеуметтік қызметтерге жіберуге жәрдемдеседі”, – деп мәлімдеді ведомство.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік