Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда үйі өртеніп кеткен алты отбасы көлікте түнеп жүр

Оралда үйлері өртеніп кеткен алты отбасы баспанасыз далада қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Олар қазір көлікті паналап жүр. Бір түнде үйінен айрылған оларға жаны ашыған оралдықтар жылу жинауға кіріскен. Бірақ күлге айналған ағаш үйді аз уақыттың ішінде қайта қалпына келтіру мүмкін емес.

Куәгерлердің сөзінше, өрт шамамен кешкі сағат жеті шамасында шыққан. Отбасылар от тұтанғанда маңызды құжаттарын ғана алып үлгеріпті. 

Ағаштан қиып салынған алты пәтерлік үй санаулы минутта отқа оранған. Тұрғындар қазір үйіне кіруге де қорқады. Өйткені қаусап тұрған қабырға бір сәтте опырылып құлауы да мүмкін. Осыдан 126 жыл бұрын салынған үйдің әлі мығым екендігіне көзі жеткен тұрғындар былтыр несие алып, пәтерін күрделі жөндепті. Енді осының бәрі күлге айналды. Ал мойнындағы борышты банктің кешірмесі анық.

“Өмір бойы тірнектеп жинағанымызды осы үйге жұмсадық. Бәрі бір сәтте өртеніп кетті. Қымбат жиһаз, тұрмыстық техниканың күлі ғана қалды. Түнде сығылысып көлікте қондық. Басқа баратын жеріміз жоқ. Бүгін де көлікте қонатын шығармыз”, – дейді үй тұрғындарының бірі Людмила Якушина. 

“Кеше біз де көлікте түнедік. Туыстарымызға барайық десек, олардың да отбасы бар. Аядай жерге көп адамның тұруы қиын ғой. Ал басқа жерге кетсек, өрттен аман қалған дүниемізді ұрлап кетуі мүмкін. Амал жоқ, бүгін де мәшинеде ұйықтаймыз. Не істерімізді білмей қиналып отырмыз”, – дейді тағы бір тұрғын Мехман Мамедов.

Өрт сөндірушілер тілсіз жауды екі сағаттың ішінде өшірген. Адам шығыны жоқ. Ал бүлінген мүліктің есебі әлі анықталмапты.

“Қазіргі уақытта өрттің шығу себептерін анықтау жиналған барлық материал Орал қалалық полиция басқармасына жолданды. Кінәлілер анықталғаннан кейін тек шаралар қолданылады. Қазіргі уақытта өтемақы төлеу немесе шығынын қайтару туралы жергілікті атқару органдарына хабарласса болады”, – дейді Орал қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Нұрсұлтан Серіков. 

Әзірге жанашыр оралдықтар әлеуметтік желі арқылы жылу жинауға кіріскен. Бірақ сау-тамтығы қалмаған үйді аз уақытта жөндеу мүмкін емес. Төтеншеліктер өрттен келген шығынның көлемі анықталған соң ғана көмек көрсетілуі мүмкін дейді. Ал оған дейін алты отбасының ендігі баспанасы көлік болмақ.

Талқылау