Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда төрт жылдан кейін ана мен нәресте өліміне қатысты сот ісі басталды

Оралда жаңа туған нәресте мен анасының өліміне қатысты сот ісі басталды. Тергеу төрт жыл жүрген. Бастапқыда аудандық аурухананың бірнеше маманы күдікке ілінген, бірақ тек анестезиолог ғана жауапқа тартылады. Марқұмның күйеуі дәрігерлерді кешіре алмайтынын және төрт баласының анасыз қалғанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап. 

әйел

Ғалымжан Сағынғалидің жары ота кезінде көз жұмған. Жүктіліктің жетінші айында 44 жастағы әйелде қан кетіп, аудандық ауруханаға жеткізілген. Алайда нәрестені де, әйелді де құтқара алмаған екен. 

"Жеті адам күдікке ілінді, оқиғаға айыпты – Тлешев. Егер акушер мен терапевт өз жұмыстарын білсе, әйелім ота жасатпас еді. Республикалық сот сараптамасы нәресте мен анасын 100%-ға құтқарып қалуға болатынын көрсетті. Дәрігерлер өз міндеттеріне салғырт қараған", - деп жеткізді Жанқала ауылының тұрғыны Ғалымжан Сағынғали. 

Тергеу 4 жыл жүрген. Дәрігерлер әйелді құтқару мүмкін болмағанын айтқан. Анемия салдарынан ота кезінде жағдайы нашарлап кеткен. Ал қан тоқтамау мен геморрагиялық шок өліміне себеп болған дейді. Қазір 60 жастағы анестезиолог Жарқын Тлешев қамауға алынған. 

"Сот ашық режимде өтіп жатыр, айыпты Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөліміне сәйкес сот алдында жауап берді", - деді БҚО облыстық сотының баспасөз хатшысы Нұргүл Қанатбаев. 

Марқұмның туыстары бұл іс бойынша тағы бірнеше қызметкерді жауапқа тартуды сұрайды. Зардап шегуші тарап материалдық және моральдық шығын ретінде 5 және 150 миллион теңге көлемінде өтемақы талап етіп, өтініш те жазған. Егер маманның кінәсі дәлелденсе, 5 жылға дейін қамауға алынуы мүмкін. 

Назархан Уән
Сәрсенбі, 09 Ақпан, 2022 08:18
Талқылау