Оралда Республика күніне орай патриоттық форум өтті
Оралда Республика күніне орай "Қыран елім – Қазақстан!" патриоттық форумы өтті.
"Атамекен" өнер ордасына келген студенттер мен әр салада табысты еңбек етіп жүрген жас мамандар көк туды желбіретіп, патриоттық әндерді бірге шырқады.
Форум өнерпаздардың театрландырылған қойылымымен басталды. Қойылымда талай зұлмат заманды бастан өткерген қазақ халқының тағдыры бейнеленді.
"Осы қойылым арқылы жас ұрпаққа тәуелсіздік бағасын түсіндіргіміз келді", – дейді ұйымдастырушылар.
Форумға келушілерді облыс әкімі Нариман Төреғалиев ұлттық мерекемен құттықтап, мемлекет тарапынан жастарды қолдауға бағытталған шаралар туралы айтты.
"Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы жастарды қолдауға ерекше басымдық беріп отыр. Облыс халқының 19 пайызын жастар құрайды. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы шеңберінде жастарға мемлекеттік гранттар қарастырылып, 2022 жылы 118 млн теңгеге 26 жоба мақұлданды. 2023 жылы 238 жас кәсіпкерге несие беру жоспарланып, 1 млрд 190 млн теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 176 жасқа несие берілді. Алдағы уақытта облыс жастарына арнайы тұрғын үй бағдарламасын ашу жоспарлануда", – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Форум барысында облыс әкімі "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын иеленген 10 адамға 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Грант иеленген жастар ғылым, мәдениет, медиа және кәсіпкерлік салаларына қатысты жобалардың авторлары.
"Мен күнделікті тұрмыста киетін киімдерді ұлттық нақышта шығаруды қолға алдым. Бұл біздің төл болмысымызды, этнографиялық ерекшелігімізді көрсетіп тұрады. Грант қаражатын DTF аппаратын сатып алуға жұмсаймын", – дейді грант иегері Айзада Биялиева.
Жайық өңірі – республика бойынша жұмыссыз және кәсіби білім алмаған жастардың үлесі ең аз аймақ. Өңірде 20 мыңға жуық жас болса, соның 3,9 пайызы ғана білім алмаған жастардың санатына кіреді.
"Облыс бойынша 230 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, жастарға арналған жобалар қаржыландырылып жатыр. Бүгінгі патриоттық форумның мақсаты – жастарды елжандылыққа баулып, шығармашылығын дамыту және өзара достық қарым-қатынасын нығайту", – деді облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Мирфат Бисекенов.