Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына орай жыршы-термешілер аймақтық байқауы өтті

Оралда Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына орай “Тартынбай сөйлер асылмын” атты жыршы-термешілердің аймақтық ашық байқауы өтті. Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет  орталығында өткен сайысқа Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарынан жыр-термешілер қатысты. 

Байқау 2 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде әр қатысушы Махамбет Өтемісұлына арнаған жыр-толғауларды орындады. Одан соң, қатысушылар ақынның 10 шығармасын, атап айтқанда: "Күн қайда?", "Әй, Махамбет, жолдасым!", "Тарланым", "Соғыс", "Еменнің түбі – сары бал", "Нарында", "Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі", "Адыра қалған Нарынның", "Еңселігім екі елі", "Арғымақ, сені сақтадым" атты жырларын жатқа айту бойынша сайысқа түсті. Шарт бойынша өнерпаздар жеребе бойынша тізімдегі өзіне түскен осы шығармалардың бірін орындайды.

Ал ІІ кезеңде қатысушылар өз қалауы бойынша Жиембет Бартоғашұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Марабай Құлжабайұлы, Кердері Әбубәкір, Сартай Көшкіншіұлы, Құмар Әбуғалиұлының бір шығармасын орындады. Кейін Ығылман Шөрекұлының "Исатай-Махамбет" дастанынан үзінді келтірді.

Байқауда қазылар құрамы да мықтылардан жасақталды. Дәлірек айтсақ, жырау Ұлжан Байбосынова, дәстүрлі әнші, термеші Хатимолла Бердіғалиев, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр, халықаралық, республикалық жыршы-термешілер конкурстарының лауреаты Фархат Оразов және жергілікті салалық басқарма басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев төрелік етті.

Байқауға қатысқан 7 өнерпаздың да қанжығасы бос қайтпады. Батысқазақстандық Темірлан Әкімжанов кәсіпкер Ермек Мәлікұлының арнайы сыйлығы - 200 мың теңгеге ие болды. Ал Маңғыстаулық Айсұлтан Есенғалиев Махамбет Өтемісұлы атындағы арнайы сыйлық - 220 мың теңге алса, атыраулық Аманжол Дауылбаев Исатай Тайманұлы атындағы арнайы сыйлық - 220 мың теңге табысталды. 

Байқауда ІІІ орын мен 500 мың теңгені қызылордалық Ұлдана Нұртуған еншілесе, ІІ орын мен 700 мың теңге батысқазақстандық Сәтжан Ғалымжанға бұйырды. І орын мен 800 мың теңгені ақтөбелік Бақыт Арыстанғалиева жеңіп алды. Ал Бас жүлде мен 1 миллион теңге тағы бір қызылордалық Нұрайым Ерталапқа берілді.

Сайысқа қатысушылар мен қазылар құрамына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан алғыс хаттар табысталды.

Талқылау