Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күрделі мәселелердің шешілуіне үлес қосып жүрген - қоғамдық ұйымдар": Оралда ХІ Азаматтық форум өтуде

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірде 670 үкіметтік емес ұйым тіркелгенін, оның 100-ге жуығы белсенді қызмет атқарып жатқанын айтты. Облыс әкімінің айтуынша, биыл облыс бойынша 163 жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген. Мұны әкім Оралда өтіп жатқан "Инклюзивті мемлекеттік саясат: азаматтық қоғамның үлесі" форумында мәлімдеді. 

Шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Қазақстанның Азаматтық Альянсының, "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КЕАҚ, мемлекеттік орган өкілдері, азаматтық белсенділер, қоғам қайраткерлері, қоғамдық пікір көшбасшылары, түрлі деңгейдегі депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері қатысып жатыр.

“Үкіметтік емес сектордың қоғамдағы үлес салмағын көбейту, олардың белсенді жұмысына барынша қолдау көрсету – жергілікті әкімшіліктің мүддесі. Себебі бұл бағыт Әділетті Қазақстан құру жолындағы зор тетіктердің бірі. Қоғамдағы тұралап қалған салалардың бойына қан жүгіртіп, күрмеуі көп күрделі мәселелердің шешілуіне үлес қосып жүрген - осы қоғамдық ұйымдар”, - деді Нариман Төреғалиев. 

Облыс әкімінің айтуынша, соңғы 4 жылдың ішінде 21 үкіметтік емес ұйым жұмысы жоғары бағаланып, БҚО республика бойынша жақсы нәтиже көрсеткен облыстардың қатарына енген.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Перизат Сәдуақас билікке азаматтық қоғаммен байланыс орнату аса маңызды екеніне кеңірек тоқталды.

Биыл "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" арқылы азаматтық қоғамды дамытуға 1,2 млрд теңге бағытталып,130-дан аса жоба іске асырылуда.  

“Мен еліміздің көп қалаларынан қоқысты көп көремін. Орал қаласын аралап шыққанда шаһардың тап-таза екенін көріп риза болдым. Азаматтық қоғам осыдан басталады. 2005 жылдан бері әрбір аудан, облыс әкімдігі үкіметтік емес ұйымдарға барынша қаржы бөліп келеді. Ал үкіметтік емес ұйымдармен 21 басқарманың 5-еуі ғана жұмыс жасайды екен. Қоғамдық бірлестіктерді ешкім құрған жоқ, бастамашыл азаматтарға қолдау керек”, - деді Қазақстанның Азаматтық Альянсы президенті Бану Нұрғазиева.

Ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, республикалық "Ардагерлер ұйымы" қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев ақсақалдар атынан бірнеше ұсынысты ортаға салды. 

"Мемлекеттің негізін құрайтын – отбасы. Отбасында жағдай жақсы болса, мемлекеттің жағдайы жақсы болады. Ақсақалдар атынан бірнеше ұсынысты ортаға салғым келіп отыр. Біріншіден, төрдің иесі де, киесі де ақсақалдар. Қазақстанда 45 қарттар үйі бар, онда 4500 қарт тұрып жатыр. Үйінен ата-анасына бір бұрыш табылмай қалғаны үйдің тарлығынан емес, адамгершіліктің, өмірлік тәжірибенің жоқтығы. Бұл ойланатын мәселе. Екіншіден, жас аналар бүлдіршінмен орыс тілінде сөйлеп, тілін өзге тілде шығаруда. Үшіншіден, отбасы беріктігі өте күрделі мәселеге айналды. Жастар бір-бірінің алдында еш жауапкершілік алмай, екі жаққа кете береді. Осындай ұлттық деңгейдегі ауқымды мәселелермен қоғамдық ұйымдар жиі айналысса деген тілегіміз бар, - деді Өмірзақ Озғанбайұлы.

Форумда БҚО әкімінің алғыс хатымен Тілек Бақтыгереев, Мұрат Қадырбеков, Біржан Қожақов, Жұлдыз Құспанова, Аслан Тапишев сияқты белсенді қоғамдық бірлестік өкілдері марапатталды. Бірқатар үкіметтік емес ұйым мүшелерін Қазақстанның Азаматтық Альянсы марапаттады.