Оралда ер адам әйелінің интимді суреттерін қайын атасына жіберген
Оралда әйелінен ақша бопсалап, оның интимді суреттерін туысқандарына жіберген ер адам сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Батыс Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, ерлі-зайыпты некеде болғанда әйел күйеуінің сұрауымен оның Whatsapp нөміріне өзінің интимді суреттерін жіберген. Олар жанжалдасып қалған соң әйел ажырасқысы келетінін айтып, сотқа жүгінді.
Сотталушы ажырасуға келісім бермеген. Ол әйелін масқараламақ болып, ақша бопсалап, жалаңаш суреттер таратып жіберемін деп қоқан-лоқы көрсеткен. Сөйтіп ер адам әйелінің интимді суреттерін Whatsapp арқылы қайын атасына және туысқандарына жіберген.
“Сот істің барлық материалдарын зерделеп, сотталушыны Қылмыстық кодекстің екі бабы: бопсалау және жеке өмірге қол сұқпаушылықты бұзу бойынша кінәлі деп таныды. Оған 3 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалды”, –делінген хабарламада.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін 15 жастағы қыздың бір айдан астам жыныстық құлдықта болғаны туралы жазған едік.