Оралда жергілікті нарық бойынша баламасы жоқ биг-бэг зауыты іске қосылды
Орал қаласында жергілікті нарық бойынша баламасы жоқ өндіріс орны ашылды. Іске қосылған зауытта түрлі жүк салуға арналған биг-бэг дайындалады. Зауыт ашылуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Алдымызда мемлекет басшысының қойған тапсырмасы бар. Бұл біріншіден, барлық жерлерге инвестиция тарту мәселесі. Қазір облысқа тартылып жатқан инвестициялардың бәрі де экономиканың дамуы үшін жұмыс жасайды. Бүгін міне, жұмысы тоқтап қалған механикалық зауыттың орнында осындай өндіріс орны ашылып жатыр. Бұл – біздің Батыс Қазақстан облысындағы керемет жоба. Мекемеге мердігер біраз қаражат жұмсаған. Жоба тек біздің өңір үшін ғана емес еліміздің дамуына қосылған үлес”, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Облыс әкімі жыл соңына дейін тағы үлкен төрт жоба жүзеге асатынын айтып өтті. Әкімнің айтуынша, жаңадан іске қосылатын кірпіш зауыты, минералды су шығаратын зауыт, күнбағыс майы зауыты өңірдің экономикалық әл-ауқатын арттыруға үлес болмақ.
Биг-бэг шығаратын зауыттың қапшықтары дәнді-дақыл мен минералды тыңайтқыш түрлерін, тұз және цемент салуға арналады. Зауыт басшыларының айтуынша, нарықта мұндай тауарға сұраныс толастамайды екен.
“Өнімнің басым бөлігі батыс елдеріне экспортқа шығарылады. Міне, мына жерде Бельгияға жіберілетін тауар жиынтығы дайын тұр. Ал шикізатты отандық кәсіпорындардан да, көрші елден де алып жатырмыз. Маркетинг талдауын жасаған кезде полипропилен қаптарына сұраныс бар екенін анықтадық. Біз өнімнің сапасына баса мән береміз. Шикізатты Ресейдің Челябі мен Ярославль қаласынан жеткіземіз. Орналасқан жеріміз өте ыңғайлы, коммуникациялық желілер өткізілген”, – деді зауыт директоры Герман Медведев.
Оның айтуынша, жобаға 3 млн доллар жұмсалған. Мұнда енді жылына 5 млн астам биг-бэг және 60 мың вагон жабындысы жасалады.
Бұрынғы Орал механикалық зауытының еңбек ардагері Юрий Бархатовтың айтуынша, мұндай өнімді негізінен Ресейден алып келген. Ол зауыттың жаңа өніміне сұраныс артатынына сенімді.
"Өз өніміміздің сапасы көрші елдікінен артық болатынына үміттіміз. Бұл өнім әсіресе, тұқымдық бидайын ұзақ мерзімге сақтайтын диханшыларға қажет болады. Жасыратыны жоқ, көптеген қоймалардан су ағып, сақтаған тұқымның сапасы төмендеп, бүліне бастайды. Ал мына биг-бэг қапшықтарға сақталған өнімдерге дымқыл тимейді”, – дейді ардагер.
Сусымалы өнімге арналған үлкен қаптар әзірлейтін зауыт енді толық циклде жұмыс істейді. Бұлардың өнімін көптеген салада пайдалануға болады. Бұл жетістік шетелден жеткізілген жаңа технологиялардың арқасында мүмкін болып отыр.
Әкімдік мәліметінше, мердігермен жылдың сәуір айында келіссөз жүргізілген. Жоба бес айдың ішінде атқарылған. Өндіріс орнының басты мақсатының бірі – азаматтарды жұмысқа тарту.
"Pаckaging Systems" өндіріс орнында 100-ден астам жұмыс орны ашылды. Әзірге 30 шақты адам еңбек етіп жатыр. Зауыт басшысы жұмысқа жергілікті тұрғындар қабылданып жатқанын айтты. Компания оларды арнайы дайындықтан өткізген. Көбі Ресейге барып оқып келген. Жалпы жобаға – 1,3 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Өңірде жылдың аяғына дейін тағы да үлкен төрт өндіріс орны ашылмақ. Облыс әкімінің мәлімдеуінше, инвестициялық жобаларға биыл ерекше көңіл бөлінуде. Биыл облыстың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 430 млрд теңге болды. Былтырмен салыстырғанда 27 пайызға артқан. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 600 млрд теңгеге жеткізу көзделген.